Просмотр содержимого документа
«"Баланы ойын өсіреді" кеңес»
«Баланы ойын өсіреді»
Адам бала кезінен қалыптасады. Мектепке дейінгі жастан бастап баланың болашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі қаланады. Бала сөйлеуді үйрене келе, айналадағы дүниені танып - біледі. Көрген - білгенін басқаларға сөз арқылы жеткізіп тілдеседі. Осының өзі оның білім дағдысы молайып, күнделікті өмірден алған әсерінің нығая түсуіне себеп болады. Тіл - баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы барысында ой - өрісін, ақыл - парасатын, адамгершілігін, эстетикалық сезімін жетілдіру міндеттерін жүзеге асырудың ең басты құралы.
Баланың тілін дамытып, қалыптастыруда ойынның маңызы зор. Ойын технология арқылы баланың тілін дамыту жеңіл болмақ. Ойын баланың оқуға деген ынтасын арттыратын әдіс. Бүгінгі таңда дидактикалық, сюжеттік, спорттық, ұлттық ж»не шығармашылық ойындарды пайдалану маңызды. Ойындар арқылы баланың дұрыс және ұғынықты сөйлей білуін, сондай - ақ ойын жағдайлары арқылы олардың зейіні мен ынтасын арттыруға болады. Баланың тілін дамыту барысында ойын түрлерін және өзара сөйлесу үлгілерін қолданған дұрыс. Ойын дегеніміз не? Ойын қоғамдық тәжірибені қалыптастыру бағытындағы іс - әрекеттің бір түрі, яғни тәртіпті, өзін өзі басқаруды жетілдіреді. Адам тәжірибесінде кең тараған дамыту ойынның қызметі; Ойынға тарту, рахаттану, демалдыру, қызығушылығын тудыру. Ойын арқылы баланың бойында адамгершілік қасиеттерді, өмірге деген құштарлықты қалыптастыруға болады. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойын - балалардың ой өрісін жетілдірумен бірге өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу тәсілі. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Ойын дегеніміз - баланың тілін дамытатын, қызықтыра отырып, ойдан ойға жетелейтін, тыныс кең, алысқа меңзейтін, қиялға қанат бітіретін нәзік нәрсе. Ұлы педагог В. И. Сухомлинский; «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, фантазиясыз, шығармашылықсыз толық мәндегі ақыл - ой тәрбиесі болмайды», дейді.
Демек, ойын арқылы баланың ақыл - ойы, сөздік қоры толыға түседі. Ойынның тілді дамытуда орны ерекше. Рөлдік ойындарда барлық балаларға бірдей рөл тиеді де олар бір - бірімен қарым - қатынасқа түсіп сөйлеседі. Балалар белсенді жұмыс істеп, бір - біріне жәрдем беріп, жұмыстарын мұқият тыңдап, өздерін және бір - бірлерін бақылайды, тәрбиеші тек бағыттаушы болады. Ойын барысында тәрбиешінің рөлі үнемі өзгеріп отырады. Рөлдік ойындарға топ болып қатысқан жөн. Бала рөлде өзін неғұрлым еркін сезінетін болса, соғұрлым қызыға ойнайтын болады. Бастапқы кезде тәрбиешінің балалардың ынта - жігерін бақылағаны жөн. Біртіндеп ол бақылаушы бола бастайды. Кейде тәрбиешінің өзі де басты рөлден басқа кез - келген рөлде ойнауына болады. Тек ол рөл топтағы тіл қатынасын дұрыс бағыттап отыратындай болсын. Тәрбиеші көмек қажет ететін балаға жақындап, оның жұмысына жәрдем беруіне болады.
Ойын барысында тәрбиеші баланың қатесін бірден түзетпейді, тек білдіртпей, өзіне ғана түртіп алады да келесі сабақта осындай қателермен жұмыс жасайды. Рөлдердің сипаттамасы түсіндіріледі. Бала өзінің ойнайтын бейнесін тез елестету үшін ойын шарты дұрыс, нақты түсіндірілуі қажет. Рөлде ойнап тұрған бала өзін сол кейіпкерге теңеп (мәселен батырға немесе шешенге), кейіпкердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіреді, мақал - мәтелдерді пайдалану барысында әдеби сөйлеуге дағдыланады, сөздік қоры молаяды, халқымыз асыл - маржанын меңгереді. Рөлдік ойындар баланың тілін дамытуда, сөйлеу мәдениеті мен ақыл - ойын, дүниетанымын жетілдіруде тиімді нәтиже береді. Драматизациялық ойындар балаларға керекті сөздер мен сөйлемдерді меңгеруді, интонацияны дұрыс пайдалануды, мәнерлеп және көркемдеп оқытуды дамытуға үлкен әсер етеді. Драматизациялық ойындардың түрі басқа ойындарға қарағанда күрделірек, себебі ол ертегілерден және әдеби шығармалардан құралады. Рөлдік ойындарды меңгергеннен кейін балалар бұл ойынның түрін тез меңгереді. Мысалы, драматизациялық ойындарды екі түрлі дайындауға болады: 1. Шығарманы өзгертпей, түпнұсқасында сахнада қою; 2. Мәтінге шығармашылық өзгерістер енгізіп, сахнада қою. Драматизациялық ойындардың белгілі, айқын мақсаты бар: 1. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру. Тілдік қарым - қатынасқа түсу дағдыларын қалыптастыру; 2. Балаларды сөйлеуге үйрету; 3. Өмірдегі кез - келген оқиға туралы естігенін айтуға және іс - әрекет жүзінде көрсете білуге машықтандыру. Ойынды қолдануда оның күнделікті жаттығу жұмысына айналмауын ескеру керек, ондай кезде баланың қызығушылығы төмендейді. Қандай да болсын ойынды таңдауда баланың жеке психологиялық қабілетін де ескерген дұрыс. Бүлдіршіндер сахнада шағын рөлдерде ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуді үйренеді.