kopilkaurokov.ru - сайт для учителей

Создайте Ваш сайт учителя Курсы ПК и ППК Видеоуроки Олимпиады Вебинары для учителей

Ертегілер әлемі

Нажмите, чтобы узнать подробности

интересные сказки для детей дошкольного возраста

Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Наладить дисциплину на своих уроках.
Получить возможность работать творчески.

Просмотр содержимого документа
«Ертегілер әлемі»

ертегілер



САУЫСҚАН МЕН КӨКЕК

    Ертеде сауысқан мен кӛкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып  алып: «ұя керек», «ұя керек», - деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан көршісіне: 

    – Екеуіміз бірігіп бірік ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз,  - дейді.

    Көкек: 

    – Менің ұя салатын қуатым да, құралым да жоқ. «Керек, керек» деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер, - деп келіспейді. 

   Сауысқан көкектің көмегін күтпей–ақ, ұя салуға кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен  таспалап, берік етіп өрді. Оны шыммен, өсімдік тамырларымен мықтап байланыстырды.  Іші  –  тысын саз балшықтармен сылады. Кішкентай бұтақтардан құрастырып, қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі. Ал көкектің «керек, керек» деп қақсай  – қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда «керек» дегендегі «р»  - ды айта алмай, «керек» деудің орнына «көлек, көлек» дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп «көкек» деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үйіші де жоқ.  



БАЯНАУЫЛ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ

        Баяғы өткен заманда байлығына сан жетпейтін Қарабай деген бай болыпты. Ол әлемдегі ең бай адам болады. Қарабайдың ай десе аузы, күн десе көзі бар, бүкіл дүниедегі ең сұлу қызы болады. Қызының аты Баян болған екен. Баянға құда түсу үшін-жақтан жігіттер ағылады. Алайда, Баян олардың ешқайсысын да ұнатпайды. Әкесі Қарабай да анау-мынау адамдармен қол алысып амандаса бермейтін бай болады.

      Арада бірнеше жылдар өтеді. Қарабай қызының өзіне лайықты жігіт тауып тұрмысқа шықпай жүргеніне алаңдайды. Қарабайдың басына Баянды басқа жаққа көшіру туралы ой келеді. Соңынан, тек қана Баянды емес, оның ауылын да көшірмекке бел буады. Сөйтіп Аягөз бен Тюменьнің арасындағы аймаққа келіп қоныстанады.

      Баянның сұлулығына тамсанып, құда түсуге келген жігіттердің саны өте көп болады. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Баянның жаңа ауылын іздеп жүріп ”Баянның ауылы қайда?” деген сұрақтар ел арасында тарап кетеді. Сол кезден бастап Баянның жаңа ауылы ”Баянауыл” деп аталған.



АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ


Абай үйінде отырып, өзінің досы Бегештен:

-  Дауасыз не? арзан не, қымбат не? - деп сұрапты. Бегеш оған:

-  Дауасыз - кәрілік; арзан - өтірік; қымбат - шындық,- деп жауап береді. Абай риза болады.Тағы бірде үйіне Төлтай, Ошыбай деген кісілер келгенде Абай:

- Қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті? - деп сұрайды.Ошыбай:

- Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе? - дей бастағанда, Төлтай құрдасы Ошы байға кейіп:

- Әй, сен оттама! Қатты деген жоқшылық, тәтті деген жан емес пе? - депті. Абай мырс етіп күліп:

-  Жарайсың, Төлтай! - депті.



БАТПАН ҚҰЙРЫҚ

    Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. 

-  Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? - деп сұрайды түлкі жылмаңдап. 

-  Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын. 

-   Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік. 

-   Ал, түке, ендеше баста, - дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды: 

-  Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңтай жауап қайырды: 

-  Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар. 

-  Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын. 

-  Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, - деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде: 

-     Тоқта, тоқта! - деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоңқып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді. 

-  Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? - деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып: 

-   Был-жыр-рра-ма...- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі. 

Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі: 

-   Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! - деп, күңкілдейді. 

-   Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! - деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады. 

- Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! - деп, түлкі қусықылықтай кеп күледі. 

Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, - деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі: 

- Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, - дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі. 

- Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! - дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.



ҒЫЛМАННЫҢ ӨНЕРІ


  Бұрынғы өткен заманда Бағдат шаһарында Ғылман деген бір ақылды адам болған екен. Бағдатта оның әр түрлі дәрігерлік өнерімен атағы шығады. Мұны естіген Бағдат патшасы Ғылманды өзіне шақырып алдырыпты. Патша күн сайын онымен бірге кеңесіп отырады екен. Ғылманның өнерлеріне таң қалып жүреді екен. Бір күні патша үлкен уәзірін шақырып алып: 

 -  Бұл Ғылман өте ақылды және өнері де көп адам екен. Осыны уәзір етсек қайтеді? - дейді. Уәзір патшадан бұл сөзді есіткен соң: «Ғылман уәзір болса, бізді орнымыздан түсірер», - деген ойға келеді де: 

 -  Ей, патшам! Бұл Ғылманнан мен қорқамын, өйткені басқа адамдар істей алмаған нәрселерді бұл істей алады. Сондықтан бір күні сізді де, бізді де өлтіріп, өзі патша болып алар деп қорқамын, - дейді. Патша кенет ойға қалады да қапа болып: 

 -  Мұндай ақылды адам патшаларға зиянды болады екен ғой! Енді бұл Ғылманды не қыламыз, тез көзін жойып өлтіреміз бе? - дейді. Уәзір қуанып: 

 -  Ей, патшам! Әуелі одан үш түрлі ғылым сұрап алып, сол ғылымды біліп алайық, сонан соң өлтіреміз, - дейді. 

 -  Олай болса, Ғылманды не қылсаң да өзің біл, сенің қолыңа бердім, - дейді патша. Сол күннен бастап, Ғылманды патшаның алдына келгізбейтін болды. Ғылман уәзірден: 

 -  Патша неге мені кіргізбейтін болды? - деп сұрағанда уәзір оған: 

-  Патшаның уақыты болмай жүр, - дейді. Ғылман ақылға салып, ойлайды да патшаның жаратпағандығын біледі. Уәзір: 

 -  Ей, Ғылман! Патшамыздың сізден сұрайтын бір сауалдары бар, сол сауалдарға жауап беріңіз, - дейді. 

 -  Мен әрқашан да қызметтеріңізге даярмын, - деп жауап береді Ғылман. Уәзір: 

 -  Бірінші сауалы: қол астындағы дұшпанды ұстауға, өлтіруге жетік болу үшін қандай ғылымды оқу керек. Екінші сауалы: патша қол астындағы халқын қайтсе байыта алады. Осы екі түрлі істің амалын бізге жазып беріңіз, - дейді. Ғылман: 

  Мұндай ғылымдарды жазып беруге екі жыл уақыт беріңіздер, - дейді. 

-  Екі жыл тұрсын, екі ай бермейміз, екі жұмада жазып бітіресіз, - дейді уәзір. Ғылман екі жұмадан кейін өзін өлтіретінін біледі де: 

 -  Менің бұл істер туралы бар ақылымды сарп қылып, неше жыл жазған кітабым бар, енді мен соны бір жұма қарап, қатесін түзетіп берейін, - дейді. Уәзір қуанып, шығып кетіпті. Бір жұмадан соң, Ғылман уәзірге келіп: 

 -  Кітапты түзетіп болдым, бірақ патшаға өзім тапсырсам екен, - дейді. Уәзір Ғылманды патшаның алдына алып барған соң, Ғылман кітапты патшаға береді. Патша уәзірге: 

 -  Ғылманды сыйлаңыз, қазір бір кесе шарап құйып беріңіз, - дейді. Уәзір у салынған шараптан бір кесе құйып береді. Ғылман шарапта у барын сезеді де уәзір мен ханға сездірмей, қалтасынан бір кішкене түйіршік тұз секілді нәрсені кесеге салып жіберіп, біраздан кейін шарапты ішіп салады; аздан соң ол у ішкен адам секілденіп, қиналып тұрады да кесенің түбіне ұйыған уға саусағын малып уәзірге: 

 -  Ай, уәзір, шырағым! Кітапты бердім, көп пайдалы кітап, әсіресе сіздерге керегі мына беттері, не істейтінін мынау арада жаздым, - деп, саусағындағы уды кітаптың беттеріне жағып жібереді де патшадан рұқсат сұрап, шығып кетеді. Уәзір мен патша Ғылман шыққан соң кітапты алып, жазуды қараса: «Кімде-кім осы кітаптың қағазын он ретке дейін жаласа, ол кісінің қуаты тіпті кемімейді», - депті. Патша мен уәзір бұған қуанып, кітаптың жазуындағы айтқан бетке шейін қағазды жалайды, сөйтіп, өз уынан өздері өледі. Сол кітапта: «Патша қол астындағы халық тыныш болсын десе, әркімді ақ көңіл, әдепті қылып үйретсін!». «Патша қол астындағы халық бай болсын десе, әркімді еңбекке тәрбиелейтін болсын!» «Патша қол астында зұлымдықты тыямын десе, әуелі өзі зұлымдықтан тыйылсын!» - деген екен. 



АЛЫП ҚАРА ҚҰС - САМҰРЫҚ

      Ерте заманда бір патша болыпты. Патшаның үш баласы бар екен. Ең үлкенінің аты - Асан, ортаншысының аты - Үсен, ал ең кенже баласының аты - Хасан екен. Хасан өте сұлу, ақылды, әрі батыр, ақ көңілді бала болып өседі.

Патша ұйықтап жатып түс көреді, түсінде бір ғажайып құс көреді. Құстың күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түседі, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түседі. Міне, патша осы құсқа ынтық болады. Дереу орнынан тұрысымен Асан мен Үсенді шақырып алып айтады: «Мен түсімде бір тамаша, өмірімде көрмеген құсты көрдім, өзі өте сұлу, күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түседі. Осы құсты қайдан да болса маған тауып әкеп бересіңдер. Егерде тауып әкеп бермесеңдер, бастарыңды аламын», - дейді. Асан мен Үсен әкесінен корыққанынан: «Қайдан да болса тауып әкеп береміз», - деп уәде береді де, жол жүріп кетеді.

    Бұл уақиғаны Хасан білмейді. Хасан әкесінің Асан мен Үсенді күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түсетін құсқа жұмсағанын қырық күннен кейін барып біледі. Асан мен Үсенді осындай алыс жолға жұмсап, өзінің үйде қалғанына қапа болып, әкесіне жылап келеді. - Әке, - дейді Хасан, - Асан мен Үсенді жұмсаған жаққа мені неге жұмсамадыңыз, әлде мені ол екеуінен жек көресіз бе, я болмаса маған сенбедіңіз бе? Патша айтады: «Жоқ, балам, олай емес, мен Асан мен Үсенді өте қатерлі қиын жолға жұмсадым. Ал сені ол қиын сапарға жұмсауға қимадым!» Хасан әкесіне жалынып, сол құсты іздеуге разылығын алып, ел-жұртымен қош айтысып, екі ағасының артынан кетеді. Қырық күн бұрын кеткен ағаларын Хасан қуып жетеді. Ағайынды үшеуі бір үлкен жолға түсіп жүре береді. Бір күндері бұлардың жүріп келе жатқан жолы үш айрылады: бір жол оңға, бір жол солға, бір жол тура бетімен. Әр жолдың басында үлкен тас тұр, тастың бетіне ойып жазған жазуы бар. Бірінші жолда - «Барса, келер», екінші жолда - «Барса, мүмкін келер, мүмкін келмес», үшінші жолда - «Барса, келмес» деп жазылған. Асан «барса, келер» жолына түседі. Үсен «барса, мүмкін келер, мүмкін келмес» жолына түседі, ал Хасан «барса келмес» жолына түсіп жүре береді. Бірнеше ай, бірнеше күн жүргеннен кейін Хасанның алдынан үлкен қала көрінеді, қаланың айналасында көп киік жайылып жүр. Хасанның осы кезде азығы таусылып бірнеше күннен бері ас ішпей, ашығып келе жатқан кезі екен. Киіктің біреуін атып алайын деп, беліне асынған садағын алып кезене бергенде, киіктердің бәрі маңырап Хасанды қоршап алып, мұңлы дауыспен шулай кетеді. Хасан киіктерді атпайды, «бұл жануарларға не болған» деп ойлап, ешнәрсеге түсінбестен қаланың ішіне кіреді. Бір үлкен сарайдың ішіне кіріп: «Кім бар?» - деп дауыстап еді, ешкім жауап бермеді. Жан-жағына қарап еді, бір алтын табақ тола қуырылған етті көреді, әбден ашыққан Хасан етті жемекші болып, табаққа қолын сала бергенде: «Әй, адамзат, тарт қолыңды!» - деп үсті-басы алба-жұлба, тісі ақсиған, түсінен адам қорқатын бір кемпір келіп, бір нәрселерді айтып аузын күбірлетті де, жерді теуіп қалды. Осы кезде Хасан киікке айналды. Әлгі кемпір Хасанның мойнынан жетектеп жаңағы маңырап Хасанның алдынан шыққан киіктерге апарып қосты. Хасан адамгершілік түрінен айрылғанмен, ақылынан адаспады. Көп киіктерден бөлініп жаңағы өзі келген жолына түсіп, алған бағытына қарай жүре береді. Бірнеше күн өткеннен кейін, алдынан жаңадан соғылған үлкен сәулетті бір сарай көрінеді. Киік болған Хасан сол сәулетті сарайдың ішіне кірді, алдынан бір сұлу қыз шығып, киікке қарап: «Сен киік емессің ғой, адамзатсың ғой, егерде мен сені адамгершілік қалпыңа келтірсем, сен мені аласың ба?» - деп сұрап еді, киік - Хасан тіл қатпады. Қыз айтты: «Сені киікке айналдырып жіберген менің залым анам ғой, сенің тіліңді де сөйлетпей қойыпты ғой», - деді де киік - Хасанның бетіне бір уыс топырақ шашып жіберіп еді, Хасан бұрынғысынан да сұлу жігітке айналды. Хасан адам қалпына келген соң қызбен сыпайы амандасып, қызға үлкен алғыс айтты және де басынан өткізген тарихын баян етті. Қыз да басынан өткен-кеткенін Хасанға айтып берді. Қыз айтты: «Мен сол сені киікке айналдырған жалмауыз кемпірдің жалғыз қызы едім, шешемнің адамға жасаған дұшпандығына төзе алмай, еншімді алып бөлек шығып едім. Мен өмірімде адам баласын көрмей жалғыз өтермін деп қапалықта отыр едім, құдай сені маған кездестірді, мен сенің соңыңнан қалмаймын», - деді. Хасан айтты: «Мен әкеме берген уәдемді орындамай, саған үйлене алмаймын», - деді. Қыз сұрады: «Әкеңе қандай уәде берген едің?» Хасан әкесінің түсінде бір тамаша құсты көргенін, күлсе, аузынан будақ-будақ гүл түсетінін, жыласа, көзінен моншақ-моншақ маржан түсетінін айтты. Сол құсқа әкесінің көруге құмар болып, екі ағасын «Соны тауып әкеліңдер» - деп жұмсағанын, ағаларының артынан барамын деп өзінің өтініп, қандай қиындық болса да төзіп, қайдан да болса құсты тауып әкеліп беремін деген әкесіне берген уәдесін айтты. Қыз Хасанның бұл сөзін естіп жылай берді. «Сен бұл құсты іздейтін болсаң маған жоқсың. Бұл құс менің құсым еді, адамша сөйлей алатын еді. Менен бұл құсты пері патшасының Күлжамал деген қызы әскерімен келіп тұрып тартып алып кеткен еді. Ол перінің елін іздеп табарсың-ау, бірақ та құсты саған оңайлықпен алдыра қоймас», - деді. Хасан айтты: «Мен қандай қиындыққа болса да төзуге тиіспін, қандай да болса құсты әкеме тауып апарып беру міндетім және борышым, ал құсты аман-есен тауып алып қайтсам, алдымен саған келемін, сенен басқа ешкімге үйленбеймін», - деді. Қыз Хасанның беттеген жағынан қайтпайтұғынын білген соң, Хасанға рұқсат беріп, жөн сілтеді. - Батысқа қарай тоқсан күн жүресің, одан кейін алдыңнан аспанмен таласқан биік тау кездеседі, сен ол таудың ар жағына тоқсан күн дегенде өтерсің. Сол таудың арғы түбінде үлкен жалғыз түп бәйтерек бар, сол бәйтеректің басында самұрық құстың ұясы бар. Сені, мүмкін, сол самұрық перінің еліне жеткізер», - деді. Содан кейін қыз айтты: «Менін залым шешем тірі тұрғанда екеумізді бірге өмір сүргізіп қоймайды, бір зиянын тигізеді, менің шешемнің ажалы мынадан болады», - деп бір садақтың оғын берді. - Қалай қарап атсаң да, менің шешемнің маңдайына тиеді, - деді. Хасан садақтың оғын алып, көп кідірместен атып жібереді, атылған оқ жалмауыз кемпірдің маңдайынан тиіп сол заматта өлді. Бұдан кейін Хасан қызбен қош айтысып батысқа қарай жүріп кетті. Қыз айтқандай Хасан тоқсан күн жүріп аспанмен таласқан үлкен тауға кездесті, таудың ар жағына тоқсан күн дегенде зорға деп асып түсті. Үлкен жалғыз түп бәйтерекке келіп саясында демалып отыр еді: «Әй, адамзат, бізді өлімнен құтқар, құтқар!» - деп шырылдаған самұрық құстың балапандарының даусын естіді. Хасан: «Бұл мүсәпірлерге не болды?» - деп қарап еді, бір үлкен айдаһар жылан балапандарды жұтуға әзірленіп, бәйтеректің басына қарай жылжып өрмелеп бара жатыр екен. Хасан көп ойланбай, дереу қынаптағы қылышын суырып алып айдаһарды бірнеше жерден шауып өлтірді. Самұрық құстың балапандары өлімнен аман- есен құтылғанын біліп, Хасанға көп рақмет айтты, ашығып отырған балапандар айдаһардың етін жеп тойып алды. Дәл осы кезде қатты жел тұрып, нөсер жаңбыр жауды. Хасан балапандардан сұрады: «Бұл не қылған жел, не деген нөсер жаңбыр?» - деп. Балапандар айтты: «Бұл жел емес, біздің анамыздың қанатының лебі, ал жаңбыр дегеніміз - біздің анамыздың көз жасы. Біздің анамыз жылда осы бәйтеректің басына жұмыртқалып, балапан басып шығарады екен. Анамыз балапандарына тамақ іздеп кеткенде, жаңағы сіз өлтірген айдаһар інінен шығып, біздің анамыздың басып шығарған балапандарын жеп қояды екен, біздің анамыз келгенше қайтып ініне тығылып қалады екен. Қазір біздің анамыз аң аулап қайтып келе жатыр, біздерді тірі көремін бе, әлде айдаһар жеп қойды ма деп жылап келе жатыр. Міне, ол жаңбыр емес, біздің анамыздың көз жасы», - деді. - Біздің анамыз, - деді балапандар, - адамзаттың етіне сондай құмар. Сізді көрсе дереу жұтып жіберуі мүмкін, сондықтан сіз біздің қанатымыздың астына жасырына тұрыңыз, - деді. Хасан балапандардың қанатының астына жасырынды. Бір мезгілден кейін самұрық құс келіп бәйтеректің басына қонды. Самұрық құстың салмағынан бәйтерек иіліп жерге тиді. Балапандарының тамағына көп бұғы, киік, тағы басқа аңдарды алып келіп үйіп тастады. Балапандарының тірі екенін көріп көз жасы тыйылып, қуанып кетті. Дәл осы кезде жадырап күн де шығып, катты жел де тыйылды. Бір кезде самұрық құс тамсанып жан-жағына қарай берді: «Адамзаттың иісі шығады, сендер көрген жоқсыңдар ма?» - деді. Балапандар айтты: «Егер сіз бір касық қанын кешсеңіз, біз адамзатты көрсетелік», - деді. Самұрық «мақұл» дегендей бас изеді, балапандар қанатының астындағы Хасанды көрсетіп еді, самұрық Хасанды жұтып жібере жаздады. Балапандар шыр-шыр етіп, анасының тамағынан ұстай алды. Содан кейін самұрық балапандарынан: «Бұл адамзат сендерге қандай жақсылық істеді?» - деп сұрады. Балапандар айтты: «Бұл адамзат айдаһарды өлтіріп, бізді ажалдан құтқарды», - деді. Самұрық Хасанға үлкен алғыс айтып, не жұмыспен келгенін сұрады және де қандай жәрдем керек деді. Хасан басынан кешкен уақиғаны жасырмай айтып берді және перілердің жеріне жеткізіп тастауды өтінді. Самұрық «мақұл» деп жол қамына кірісті. Балапандарына өзі қайтып келгенше жетерлік ауқат жинап беріп, жолда жейтін азығын да алып, үстіне Хасанды мінгізіп перінің жеріне қарай ұшады. Самұрық бір жеті ұшады, мұхиттан өтеді, шөлден өтеді, от дариясынан өтуге жақындағанда жейтін тамағы таусылып, басы айналып, көзі қарауытқан самұрық састы. - Ей, адамзат, баратын жерімізге жете алмаймыз-ау, менің әлім құрыды, құлауға айналдым! - дейді. Хасан дереу екі санының етінен екі жапырақ ет кесіп, самұрықтың аузына тосты. Самұрық Хасанның берген етін жеп, күшіне келеді. Содан кейін самұрық Хасаннан сұрайды: «Бұл қайдан шыққан ет? Сондай дәмді, әрі күш беретін ет екен», - дейді. Хасан айтты: «Мен сізге санымның етін кесіп бердім». Самұрық Хасанның екі санындағы жарасын дереу сипап еді, жара жазылып кетті. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ самұрық пен Хасан перінің жеріне келіп жетті. Самұрық айтты: «Перілер бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайды. Перілердің ұйықтағанына қазір үш күн бопты. Мен сені осы жерде үш күн күтемін, үш күнде қайтып келмесең, мен саған қарамай-ақ ұшып кете берем», - дейді. Хасан үш күнде қайтып келуге уәде беріп, қалаға қарай кетеді. Қала өте сұлу екен, ылғи алтыннан соғылған, бұрын мұндай сұлу қала көрмеген Хасан қаланы тамашалап, құсты да, самұрықты да ұмытып кетеді. Хасан бір кезде қаланы аралап жүріп, бір үлкен тамаша соғылған сарайға кіреді. Сарайдың ішінде қырық қыз ұйықтап жатыр, ар жағында оңаша бір бөлмеде алтын кереуеттің үстінде тағы бір қыз ұйықтап жатыр. Одан әрі тағы бір бөлмеге кіріп еді - жаюлы дастарқан, неше түрлі тамақ. Тамақтан алып жейін деп еді, бір нәрсе шаңқ ете қалды: «Әй, адамзат, біреудің тамағын неге рұқсатсыз жейсің?» - деп күліп жібергенде аузынан будақ-будақ гүл түседі. Хасан қараса, өзінің іздеп жүрген құсы екен, алтын қапаста отыр. Хасан қуанып кетті. Құсты алып самұрыққа тез қайтпақшы болып, құсқа ұмтылғанда құс шар ете түсті. «Сен мені алып кете алмайсың. Егерде мен ащы даусыммен сайрасам, осы қаладағы ұйықтап жатқан перілердің бәрі оянады. Ал, сенің бір мысқал етің бұл жерде мың ділда тұрады, мені ескертпеді деп өкпелеме, ендігісін өзің біл», - деді. Хасан құсқа жалынып жылай берді. Жолда көрген уақиғаларын және де құстың бұрынғы егесімен қосылмақшы болып уәделескенін айтты. Құс Хасанның көңілін қимай: «Мақұл, мені алып кете ғой, бірақ жолда көрген оқиғаларыңды айтып хат жазып, ана бөлек бөлмеде ұйықтап жатқан қыздың қалтасына сал», - деді. Хасан құстың айтқанын орындады. Содан кейін құсты алып самұрыққа келді. Самұрық енді болмаса ұшып кетейін деп отыр екен. Хасан құспен самұрықтың арқасына мініп көп қиындық көрмей, самұрықтың балапандарына аман-есен жетті. Ар жағына жету үшін самұрық қанатының бір қауырсынын үзіп берді. Хасан құспен самұрықтың қанатының қауырсынына мініп уәделескен қызына келді. Қыз қуанып Хасанды, құсты бар ынтасымен қарсы алды. Бірнеше күн демалған соң, Хасан қызды, құсты алып, самұрық берген қауырсынға мініп еліне қарай жүріп кетті. Бірнеше күн жүрген соң, алдынан жаяу келе жатқан бір адамға жолықты. Қараса, өзінің ортаншы ағасы Үсен екен, жолда жол азығы таусылып бір байдың малын бағып күнін көрген, содан кейін еліне жаяу қайтып келе жатыр екен. Өзі әбден аштықтан азған, киімдері тозған. Хасан Үсенді суға түсіріп, үстіне жаңа киімдер кигізді, тамаққа әбден тойғызды. Сөйтіп, өздерімен бірге қауырсынға мінгізіп келе жатса, Үсеннің халінен де жаман азып-тозған, биті торғайдай, мойны ырғайдай болған Асанға кездеседі. Хасан Асанды да Үсен сияқты жуындырып, киіндіріп, тамаққа тойғызып, қауырсынға мінгізіп алып жүреді. Бір күні бұлар бір жерге келіп қонады. Осы кезде Асан мен Үсен екеуі ақылдасады. «Біздің әкеміз бұрын да біз екеумізден Хасанды жақсы көруші еді, енді Хасан елге барған соң құсты мен таптым, қызды да өзім таптым дер, ал бізді аштан өлейін деп келе жатқан жерінен өзім тамаққа тойындырып алдым дер. Әкеміз екеуміздің байға жалданып мал баққанымызды естісе, менің атыма дақ келтірдіңдер деп дарға асуы да мүмкін. Қайткен күнде де Хасанның көзін жою керек, содан кейін құсты өзіміз тауып алып келдік дейміз», - дейді. Екеуі осылай етіп келісіп, Хасанға келеді. «Бізге құдықтан су алып бер», - дейді. Хасан «мақұл» деп беліне жіп байлап терең шыңырау құдыққа түседі. Асан мен Үсен Хасан құдықтың дәл ортасына жетісімен жіпті пышақпен кесіп жібереді. Хасанды құдыққа тастағаннан кейін Асан мен Үсен қызды «мен аламын», «мен аламын» деп таласып қалады. Қыз екеуіне де тимей, айдалаға қаңғырып кетеді. Асан мен Үсен құсты алып еліне келеді. Әкесіне құсты алып келгенін баяндайды. Патша Асан мен Үсеннен: «Хасан қайда?» - деп сұрайды. Асан мен Үсен: «Хасан біздің айтқанымызға көнбей, теңіздің суына шомылып жатқанда, жайын жұтып қойды. Бірақ біз жайынды өлтірдік, Хасанның кегін алдық», - дейді. Патша Хасанның өлгенін естіп, қатты қайғырып басын көтермей күн-түн жатып алады. Дәл сол күні перілер ұйқысынан оянады, пері патшасының қызы қапастағы құстың жоқ екенін біліп қалаға жар салады. Қалтасындағы хатты көріп, құсты адамзаттың алып кеткенін біліп, пері патшасының қызы әскерімен құсты іздеуге аспанға ұшады. Хасанның әкесі бір күні өзі орнынан тұрмастан: «Құсты сайратыңдар!» - деп бұйрық береді. Құсты алтын қапасқа отырғызып сайратады. Құс қайғылы, мұңлы үн, ащы дауыспен сайрайды. Дәл осы кезде аспанда ұшып, құсты іздеп кең аспанды кезіп жүрген перінің қызының әскерлері Хасанның елінің үстінен адам болып түсе береді. Аспаннан адам жауған соң, Хасанның елінің адамдары үрейленіп, қорқып патшаға келіп тығылады. Пері патшасының қызы әскерімен құстың тұрған жеріне келіп, патшаны алдына шақырады. Патша жатқан орнынан тұрып киімін киіп, белін буынып, аллаға сиынып, пері патшасының, алдына келеді. Пері қызы патшадан сұрайды: «Ей, адамзаттың патшасы! Мына құсты қай балаңыз алып келді, соны маған көрсетіңіз, мен сіздің сол балаңызбен сөйлесер едім», - дейді. «Әй, пері қызы! Осы құсыңды мен түсімде көріп, бір көруге құмар болғаным рас. Алып келіңдер деп үш баламды жұмсағаным рас. Ал, сол үш баламның екеуі аман қайтып келді, ал ең кішісі жақсы көретін балам қайтпады, жолда балық жұтты деп келді, өтірік-расын әлі анықтағаным жоқ. Ал, сол баламның қайғысынан мына құсты осы бірінші рет көріп тұрмын, ендігісін ана тірі келген екі баладан сұраңыз!» - деді де патша үйіне кетті. Пері қызы Асан мен Үсенді шақырып: «Қалай алып қайттыңдар, соны айтып беріңдер», - деді. Асан мен Үсен: «Е, қалай алып қайттыңдар дейтін несі бар, жүйрік атпен бардық та, алып қайттық», - деді. Пері қызы айтты: «Сендер шындарыңды айтпай отырсыңдар, бәрібір мен қазір құсты сөйлетемін, құс барлық шындықты айтып, сендердің сөздерің өтірік болса, бастарыңды аламын!» - деді де құсқа «сөйле» деп белгі берді. Құс жолда болған оқиғаның бөрін айтты: «Хасан ақ көңіл, қайырымды жігіт екен, жылап қоймаған соң, ергенім рас, Хасан мені алып менің бұрынғы иемнің үйіне әкелді. Содан кейін бәріміз осы жаққа қарай келе жатқанымызда жолда азып-тозып, ашығып келе жатқан Асан мен Үсенді кездестірдік. Хасан бұл екеуін тамаққа тойындырып, киім киіндіріп еді, бұлар Хасанға қастық ойлап құдыққа алдап түсіріп тастап кетті. Содан кейін менің бұрынғы иемді екеуі «мен аламын», «мен аламын» деп таласып еді, ол қыз екеуіне де тимей, айдалаға қаңғырып кетті. Олардың аштан өлетін уағы болған жоқ, әлі тірі болуы мүмкін», - деді. Пері қызының бір әскері жер жүзін бір сағатта айналып шығатын жүйрік екен, пері қызы сол жүйрікті жұмсады, ал Асан мен Үсеннің басын кесіп алды. Пері кызының мұнысына барын өз құлағымен естіген патша қарсы болған жоқ. Асан мен Үсеннің басы алынып болған кезде жүйрік пері Хасан мен қызды алып келді. Пері қызы Хасанның батырлығына, адамгершілігіне риза болып, құсты өз қолынан Хасанның әкесіне сыйлайды. Патша пері қызына алғыс айтып қырық күн той, отыз күн ойын жасады. Пері қызы әскерімен қонақ болды. Сонымен адал адамдар өз мақсаттарына жетіп, бақытты өмір кешті.

ЕКІ ДОС

    Бір күні екі дос орманда келе жатады. Кенеттен алдарынан бір аю шыға келеді. Сол кезде біреуі қаша жөнеледі, екіншісі талға өрмелеп жасырынып қалады. Қашқан жігіт ортада қалып кетеді.

   Алайда, не істерін білмей тұрғанда, ойына «Өлген адам сияқты жерге етбетіммен жата қалсам, бәлкім құтылып кетермін» деп жерге жата қалады.

   Аю келіп оны иіскелей бастағанда демін жұтып, дем алмай жатады. Аю кеткен соң талға өрмелеп кеткен досы төмен түсіп, досының қасына келіп, күліп: «Айтшы ал, аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады?» дейді.

Сонда досы:  «Досына қауіп-қатер төніп тұрғанда қашып кеткен адамдардан сақтану керектігімді, айтты» дейді.

АҚЫЛДЫ ЕТІКШІ

     Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның әрбір тәртібін халқы екі етпей уақытымен орындап тұрады екен. Бір күні бұл патша: «Менің әрқашан халық пайдасына еткен әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді. Сондықтан да мен олардың пайдасын ойлаймын. Енді мен осы халқыма зиянды бір әмір таратайын. Халқым тыңдап, орнына келтірер ме екен? Жоқ, келтірмес пе екен?» - деп ойлап уәзірлеріне: 

 -  Халыққа тегіс хабарландырыңдар: «Ешкім басына пайда қылмасын!» - деп, әмір қылады. Бұдан соң уәзірлер бұл әмірді халыққа естіртіп болып, патшаға: 

 -  Халқыңыз әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды, - дейді. Патша уәзірлеріне еш жауап айтпайды. Түн болған соң үстіне бөтен, ескі киім киіп, әмірінің қалай орындалғанын көру үшін көшеде жүрсе, шеттегі бір үйде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, шам жанып тұрған үйге келсе, үйдің ішінде бір етікші етік тігіп отыр екен. Етікші қайыршыны көріп тұра келіп, бір кішкене нан береді. Сонда қайыршы: 

 -  Сен патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың? «Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын», - дегені қайда? - дейді. Сонда етікші: «Сенің онда не жұмысың бар? Сондай әмір қылып отырған патша да ақымақ. Себебі, мен жарлы адаммын. Күнде төрт теңге пайда қыламын да, төрт теңге зиян қыламын. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын. Патша ақылды болса, осыны білер еді», - дейді. Патша бұған жауап қайтармастан үйіне келеді де, ақылды төрт уәзірін шақырып алып: Сіздерді басқалардан ақылы көп деп, өзіме уәзір қылып едім. Енді менің сіздерден сұрайтын сауалым бар. Күніне төрт сом пайда, төрт сом зиян қыламын. Сол пайдам мен зияным не? Үш күн ішінде соны табыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын! Өздерің таппасаңдар да табатын кісі тапсаңдар, жазадан құтыласыңдар! - депті. Уәзірлер үш күннің ішінде өздері де шеше алмай және табатын кісі де таба алмаған соң, енді патшаға көрінбей, қашпақшы болып жүргенде, баяғы етікші уәзірлерге келіп: 

-  Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер маған не берер едіңіздер? - дейді. Уәзірлер төрт мың ділда бермекші болады. Етікші уәзірлерден төрт мың ділданы санап алып, олармен бірге патшаға барады да: 

 -  Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт сом пайда, төрт сом зиян қылам. Ол былай: бір сомды қарызға беремін. Бір сомды ескі қарызымды төлеуге беремін, бір сомды құдыққа тастаймын, бір сомды әйеліммен екеумізге жұмсаймын, - депті. 

Сонда патша: 

 -  Әйеліңмен екеуіңе жұмсалған ақшаға бәріміз де түсінеміз, қалған үш сомның жұмсалған орнын анықтап түсіндір, - депті. Бұл сөзге етікші былайша жауап қайырыпты: 

 -  «Бір сомды қарызға беремін», - дегенім: «Қартайғанда өзімді асырар», - деп балама беремін. «Бір сомды ескі қарызыма беремін» - дегенім: өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме беремін. «Енді бір сомды құдыққа тастаймын» - дегенім: күйеуіне тұрмай, қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін дегенім, - депті. Сонда патша: «Бұл етікші ақылды адам екен», - деп, өзіне уәзір қылған екен. 



















ХАЛЫҚТЫҚ ӨЛШЕМДЕРДІҢ МАҒЫНАСЫ МЕН МӨЛШЕРІ

Өлшемдер

Мағынасы

І. Ұзындық өлшемдері:

 

1) елі (бір елі)

Саусақтың көлденең қалыңдығы, ені

2) тұтам

Бармақ пен ортан қолдың түйісу аралығы

3) сүйем

Бармақ пен сұқ саусақтың аралығы

4) қарыс

Бармақ пен ортан қолдың аралығы

5) құлаш

Иық деңгейінде созылған екі қол ұшының аралығы

ІІ. Қашықтық өлшемдері:

 

1) адым (қадам)

Мөлшері 1 метр

2) таяқ тастам

10-15 метр

3) әудем жер

100 метр

4) шақырым

1 километр

5) қозы көш жер

5-6 километр

6) тай шаптырым

4-5 километр

7) көз ұшында

6-7 километр

8) құнан шаптырым

8-10 километр

9) ат шаптырым

25-30 километр

10) 1 қарыс

20 см

11) 1 қары

85 см

12) 1 құлаш

142 см

13) 1 елі

2 см

ІІІ. Салмақ өлшемдері:

 

1) мысқал

5 грамға жуық

2) қадақ

400 грамға жуық

3) пұт

16 килограмға жуық

4) қап

4 пұтқа жуық

5) батпан

10 пұт

ІV. Мезгіл және мерзім өлшемдері:

 

1) сүт пісірім

5-10 минут

2) ет пісірім

2,5-3 сағат

3) бір күн (тәулік)

24 сағат

4) апта

7 күн

5) ай

30-31 күн

6) тоқсан

3 ай

7) жыл

365 күн немесе 12 ай

8) ғасыр

100 жыл

V. Тәулік мезгілдері:

 

1) таңертең: алаң-елең, құлан иек, таң сәрі

Таң бозғылт тартқан кез

Таң жаңа ата бастаған кез

Жерге жарық түскен кез

2) түс: сәске түс, тал түс, шаңқай түс

Сағат 12 шамасы

Сағат 1 шамасы

Сағат 2 шамасы

Түс ауған шақ

3) кеш: ұлы бесін, намаздыгер, ақшам

Күн ұясына кірер кез

Кешкі намаз оқитын кез

Күн батып, қас қарайған кез

Қас қарайып, түн болған кез

4) түн: іңір, қызыл іңір, жарым түн

Түн ортасы





Получите в подарок сайт учителя

Предмет: Дошкольное образование

Категория: Прочее

Целевая аудитория: Дошкольникам

Скачать
Ертегілер әлемі

Автор: Кадырболатова Айнура

Дата: 19.04.2019

Номер свидетельства: 507656

Похожие файлы

object(ArrayObject)#851 (1) {
  ["storage":"ArrayObject":private] => array(6) {
    ["title"] => string(35) "Ертегілер ?лемінде "
    ["seo_title"] => string(23) "iertieghilier-liemindie"
    ["file_id"] => string(6) "173670"
    ["category_seo"] => string(10) "vneurochka"
    ["subcategory_seo"] => string(12) "meropriyatia"
    ["date"] => string(10) "1424015726"
  }
}
object(ArrayObject)#873 (1) {
  ["storage":"ArrayObject":private] => array(6) {
    ["title"] => string(46) ""Ғажайып ертегілер әлемі""
    ["seo_title"] => string(23) "gazhaiyp_ertegiler_lemi"
    ["file_id"] => string(6) "475025"
    ["category_seo"] => string(21) "doshkolnoeObrazovanie"
    ["subcategory_seo"] => string(5) "uroki"
    ["date"] => string(10) "1531716977"
  }
}
object(ArrayObject)#851 (1) {
  ["storage":"ArrayObject":private] => array(6) {
    ["title"] => string(58) "Ертегілер ?лемі «?атынас» саба?ы"
    ["seo_title"] => string(31) "iertieghilierliemikatynassabagy"
    ["file_id"] => string(6) "296504"
    ["category_seo"] => string(16) "nachalniyeKlassi"
    ["subcategory_seo"] => string(5) "uroki"
    ["date"] => string(10) "1456038261"
  }
}
object(ArrayObject)#873 (1) {
  ["storage":"ArrayObject":private] => array(6) {
    ["title"] => string(29) "Ертегілер ?лемі "
    ["seo_title"] => string(19) "iertieghilier-liemi"
    ["file_id"] => string(6) "174573"
    ["category_seo"] => string(7) "prochee"
    ["subcategory_seo"] => string(5) "uroki"
    ["date"] => string(10) "1424157119"
  }
}
object(ArrayObject)#851 (1) {
  ["storage":"ArrayObject":private] => array(6) {
    ["title"] => string(72) "Ертегілер ?леміндегі ?ызы?ты математика"
    ["seo_title"] => string(43) "iertieghilierliemindieghikyzyktymatiematika"
    ["file_id"] => string(6) "322305"
    ["category_seo"] => string(10) "matematika"
    ["subcategory_seo"] => string(5) "uroki"
    ["date"] => string(10) "1461567088"
  }
}


Получите в подарок сайт учителя

Видеоуроки для учителей

Курсы для учителей

ПОЛУЧИТЕ СВИДЕТЕЛЬСТВО МГНОВЕННО

Добавить свою работу

* Свидетельство о публикации выдается БЕСПЛАТНО, СРАЗУ же после добавления Вами Вашей работы на сайт

Удобный поиск материалов для учителей

Проверка свидетельства