Просмотр содержимого документа
«Кеңес "Қазақ ұлттық ойындар"»
Қазақ ұлттық ойындар
Айгөлек.
Оны қыз-жігіттер екі топқа бөлініп, қаз-қатар тұрып, бір-бірінің қолынан ұстап тұрып ойнайды. Бір топтың ойын бастаушысы: «Айгөлек-ау, айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек Бізден сізге кім керек?», деп сұрайды, Екінші топтың ойын бастаушысы: «Айгөлек-ау, айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек, Сізден бізге Ақерке керек!», - деп, бір адамның атын атап шақырады да, аты аталған адам бар пәрменімен жүгіріп келіп, шақырған топтың тізбегін үзіп кетуге тырысады. Тізбекті үзіп кетсе, ол топтан қалаған адамын алып кетеді, үзе алмаса сол топта қалып қояды. Ойын екі жақтың бірінің адамдары таусылғанша жалғаса береді
Алтыбақан
Алтыбақанды құру мынандай тәсілмен жүзеге асырылады: алты бақанды сырықтың екі басын үш-үштен қосақтайды да мосы тәрізді етіп байлап тастайды. Бақанның аша тармағы сырыққа кигізіліп тұруға тиісті. Алтыбақанды құрастырып болғаннан соң оның екі басына 3 қатар арқан байланады. Арқан тартпақ. Оны арқан тартыс деп те атайды. Бұл ойынның екі түрі бар. Біріншісі жазда көгал үстінде, екіншісі қыста қар үстінде ойналады. Жазда ойыншылардың саны 10 баладан көп болмаса, ой-ын қызықты болады. Ойынға ұзындығы 8-10 метрлік екі ұшы түйілген арқан әзірленеді. Оның тең ортасына белгі ретінде қызыл матаны байлап қояды. Ойынға қатысушы екі топтағылар өз жағында бойларына қарай сап түзеп, ойын бастауға белгі берілгенде арқанды өз жағына қарай тартады. Қыста он –он бес бала тартқанда үзілмейтін арқан таңдап алынып, үлкен адамның алақанының көлеміндей екі тақтайдың ортасынан өткізіліп, ортасына аққала үйіліп, екі жақ оны өзіне қарай құлату үшін тартады.
Бәйге
Ұлттық спорт ойындарының бір түрі. Ат спортының бұл түрі түркі тектес басқа халықтарда да бар. Мысалы, Бәйге өзбектерде “пайга”, қырғыздарда “чабыш” деп аталады. Кейбір деректер бойынша, 15 ғ-дың 70-жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда, Шу өзенінің жағасында, Тұлпарсаз деген жерде Бәйге ұйымдастырған. Осы кезден бастап Бәйге қазақ халқының алқалы жиындарының (тойлардың, астардың, т.б.) ажырамас құрамдас бөлігіне айналған (қ. Сауын айту). Бұрын Бәйгеге қосылған аттар түстік, күндік жерге, ұзақ қашықтықтарға шабатын (қ. Аламан бәйге). 1957 жылы Қазақстанда қабылданған ереже бойынша құнан бәйге 1200, 1500, 1600, 1800, 2000 м, дөнен бәйге 2400, 3000, 3200, 4000, 4800 м, ат Бәйгесі 5000, 8000, 10000 м қашықтықтарда өткізіледі. Көбінесе, қашықтық төрешілер алқасының шешімі бойынша бәйгеалаң (ипподром) айналымының ұзындығына байланысты белгіленеді. Бәйгеге мал дәрігерінің қарауынан өткен аттар жіберіледі. Жарысқа қатысушылардың кеудесіне және арқасына нөмірлер тағылады; шабандоз жеңіл, ыңғайлы, белгісі бар ұлттық киім киеді. Аттың ер-тұрманында, шабандоздың киімінде адам жарақаттанатындай заттар болмауы тиіс. Бәйгеге қатысушы атын оздыру үшін өзі білетін, ережеде рұқсат етілген тәсілдердің бәрін қолдануына болады. Ал қатарласып келе жатқан атқа қамшысын тигізуге немесе қамшысын үйіріп басқа аттарды жасқауға, айқайлауға, ысқыруға, жарыс жолынан шығып кетуге, оның айналмаларынан төтелеп өтуге болмайды. 1-ші орын мәреге атының тұмсығы бірінші іліккен шабандозға, қалған орын аттардың келу ретіне қарай беріледі. Қазақ халқы Бәйге аттарын ерекше күтімге алған. Құлагер, Ақбақай, Маңмаңгер сияқты сәйгүліктерді ән-жырға қосқан. Топтан озған тұлпарлар туралы халқымыздың ауыз әдебиетінде, эпостық жырларында, мақал-мәтелдерінде көп айтылады.
Көкпар
Ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 70 – 80 кг-дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан Көкпарға тартпайды. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде “Улак тартыш”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Қазақстанда 1949 ж. Көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 м-лік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 м-лік шеңбердің дәл ортасына Көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 мин аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.
Аударыспақ
Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Аударыспаққа үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалады. Оған он сегіз жастан асқан қарулы жігіттердің қатысқаны жөн. Аударыспақ ойынының ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Ептілікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты талап ететін спорттық ойын.
Соқыртеке
Ұлттық ойын. Балаларды көпшіл болуға, талғампаздыққа, іскерлікке, ептілікке, алғырлыққа және шыдамдылыққа баулиды.
Ойынға қатынасушылар жиылып, алқа-қотан тұрғаннан кейін, бір қыздың, не жігіттің көзін байлап, қолына бір метрдей жас шыбық беріп, ортаға шығарады. Ол:
Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ.
Қайда кеттің қалқа жан,
Жетектейтін өзің жоқ.
Қолға түскен құтылмас,
Қала бермек көзім боп, — деп таяғын өзі болжаған тықыр, дыбыс естілген жаққа қарай соза береді. Айнала трған ойнаушылар қашып жүріп:
Соқыр — соқырақ,
Оң көзіңе топырақ.
Топырағын алайын,
Тотияйын салайын
Саған бір ем табайын, —деп келіп, «Соқыр текеге» тиіп қашып жүреді. Осылай ойнап жүргенде «соқыр текенің» қолына түскен ойнаушы ұтылады да, екеуі орын ауыстырады.
«Соқыр теке» мен оны түрткілеп қашып жүрушілердің өрісін мөлшерлеп сызып қояды.
Қыз қуу
Ойын үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, ұшқыр, жүйрік аттарға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері – алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қағылады.Жарыс жекелей де өтеді. Егер екі топқа бөлінсе, онда қыздар мен жігіттердің саны тең болуы қажет.Төрешінің бірінші белгісі бойынша қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен – қарақшыдан сөреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда – жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептелінеді.
Жарысқа қатынасушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей сөреге оралуға рұқсат етілмейді.