Компьютерлік ойындардың зияны туралы айтылып-ақ келеді. Алайда, бұған мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Керісінше күн өткен сайын балалардың аталған ойындарға деген тәуелділігі көбейіп барады. Мәселен, дәрігерлер мен психологтардың пікірінше, теледидар мен компьютерлік ойындардың бала санасына тигізетін зияны шаш-етектен. Яғни, тапжылмай ұзақ уақыт көгілдір экран алдында отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының өзгеруіне әсер етеді екен.
Ойын баланың мінезін өзгертеді
Қазір қаланың кез келген үйінде компьютер бар. Балалардың көпшілігі бос уақытын осы көгілдір экрандағы ойынмен өткізеді. Онан қалса теледидардан шетелдің шуы көп мультфильмдері мен киноларын тамашалайды. Яғни, баланың өзге дүниемен айналысуына мүмкіндігі бола бермейді. Кейде үй тірлігіне алаңдаған ата-ана баласының тыныш отырғанын тәуір көріп, компьютер мен теледидарды көруіне ешқандай шек қоймайды. Керісінше ойынның түрін әкеліп баланы қызықтыратындар бар. Бірақ уақыт өте келе олар кішкентайларының компьютерге қалай тәуелді болып қалғанын аңғармайды. Ал компьютерлік ойын кімге болса да қызық. Кейде үлкендердің өзі осы ойынның шырмауынан шыға алмай қалады. Психолог мамандардың айтуынша, балалар бұл ойындарға қызықса, оларды жуық арада тоқтату мүмкін емес екен.
—Компьютерлік ойындардың негізгі түрі — атыс-шабыс, төбелес. Бұл алдымен баланың мінез-құлқына әсер етеді. Өйткені ойынның бас кейіпкері болған бала үнемі ұта бермейтіні анық. Кейде жеңеді, кейде жеңіледі. Ал ұтылған сайын оның ойынға деген құмарлығы арта түседі. Өзі сол әлемнің батыры болуға ұмтылады. Сырттағы дүниені ұмытып, қым-қиғаш соғыс алаңында немесе сатырлаған төбелестің ортасында, әйтеуір, жарыс алаңында жүреді. Бұндай кезде баланың жүйке жүйесі бұзылып, ашу-ызаға жол береді. Ұтылып қалса, көңіл күйі болмайды. Тіпті осындай кезде айналасындағы адамдардың сөзін тыңдамай, ренжісіп қалуы мүмкін. Екіншіден, компьютерлік ойындардардың көпшілігі атыс-шабысқа негізделгендіктен, бұндай ойынға әуес балалардың бойында мейірімділік, ізгілік қасиеттері азаяды.
Жалпы, балалардың компьютерлік ойындарға қызығушылығы 3-4 жасынан басталады. Бірақ бұндай кезде баланы компьютерге жақындатуға мүлде болмайды. Бала 7 жастан асқаннан кейін ғана аптасына бір рет және аз уақыт компьютерге үйреткеніңіз жөн. Ал бесінші сыныптан кейін оқушының бұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалады. Әсіресе, осы уақытта жуас, өз ортасынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналуы мүмкін. Олар достарымен жақын араласпағандықтан бар уақытын компьютер алдында өткізеді. Бұндай кезде оны ойыннан алыстату өте қиын. Тіпті ол ата-анасына қарсы келіп, жанжалдасуы мүмкін. Ұзақ уақыт компьютермен жұмыс істегендіктен, оның адамдармен қарым-қатынасы қиындай түседі. Мінез-құлқы өзгеріп, тез ашуланады. Көпшілікпен тіл табыса алмайды. Компьютерді қосқанша байыз таппай, ал оның алдында отырғанда уақыттың қалай өтіп кеткенін білмейді. Ойнау мүмкіндігі болмаған кезде өзін жайсыз сезініп, ашуланып, мазасызданады. Сондықтан ата-ана баланы компьютердің алдына белгілі бір уақытта ғана отырғызғаны жөн. Шектен тыс құмарлық баланы компьютерге тәуелділікке әкеліп соқтырады. Оны өзге әлем қызықтырмайтын халге жеткізеді. Сондықтан бұндай кезде балаға ұрыспай, айқайламай, түсіністікпен қарап, оны виртуалды әлемнен алыстату қажет. Сондай-ақ қазір қалада компьютерлік клубтар жұмыс істейді. Үйдегі ойынға ата-анасы тыйым салған оқушылар бар уақытын осындай клубтарда өткізеді. Тіпті, бұл жердегі ойын үйдегі жалғыз отырып ойнаған ойыннан әлдеқайда қызық. Арнайы желі арқылы ойын қызығына түскен олар бірін-бірі жеңіп шыққанша тапжылмайды. Тіпті, ойынға белгілі бір ұтыс тігіп «пайдаға» кенелетіндер бар. Ал бұндай ойынқұмар баланың сабаққа құлшынысы болмайтыны анық. Бұған қоса соңғы кезде ұялы телефон арқылы mali-агент жүйесімен тілдесу оқушылардың сүйікті ісіне айналды.
— Компьютер алдында ұзақ отыру, біріншіден, баланың көзіне зиян. Өйткені үздіксіз экранға қадалу көз жанарының көруін әлсіретіп, құлақтың есту қабілетін төмендетеді. Көз экрандағы мәтiн немесе өзге де бейнелердің әлсіз дiрiлдеулерiн тез қабылдайды. Сөйтіп көзге шамадан тыс салмақ түсіп, көру қабілетін жоғалтады. Мәселен, экрандағы түрлі түстер, тіпті әріптер мен терезелер де көзге теріс әсерін тигізеді. Осының салдарынан көз жасаурап, тез шаршайды. Егер дер уақытда алдын алмаса, бұл түрлі көз ауруларына соқтыруы мүмкін. Баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмайды. Ал ұйқысы қанбаған баланың ойлау қабілеті әлсіреп, зейіні төмендейтіні белгілі. Екіншіден, бала компьютер алдында дұрыс отырмаса, сымбаты бұзылады. Бел омыртқаға көп күш түскендіктен, омыртқа қалыптасқан үлгіден өзгеріске ұшырайды. Соның салдарынан скалиоз, омыртқа ауруына шалдығуы мүмкін. Бұған қоса электрленген сәулелер саусақ ұштарына әсер етіп, қолдың буындарына зақым келтіреді. Сондықтан ата-анаға айтар кеңес, баланы бес жасқа дейін компьютерлік ойындарға жолатпағаныңыз абзал. Компьютер тұрған бөлмені жиі тазалап, үстел мен компьютерді арнайы дымқыл сүрткішпен сүртіп тұрыңыз. Егер компьютердің айналасы шаң-тозаң болса, бала денсаулығына қауіп. Балаңыз компьютерді пайдаланғанда көз және дене жаттығуларын жасатуды әдетке айналдырыңыз. Өйткені экраннан таралатын электр магнитті толқындар баланың денсаулығына өте зиян.
Демек, кез келген ата-ана балаларына компьютерлік ойындарды ойнатпас бұрын оның зияны туралы да ескертуді ұмытпағаны жөн. Жалпы, шамадан тыс компьютер алдында отыру баланың ғана емес, үлкеннің де жүйкесін жұқартады екен. Керек кеңес 1. Жұмыс орнын өзіңізге қолайлы етіп әзірлеңіз. 2. Егер компьютерде 2 сағаттан артық отыратын болсаңыз, ноутбукке арналған арнайы тығыршықты қолданыңыз. 3. Монитор мен сiздiң көздерiңiздiң арасындағы қашықтық 70 см-ден кем болмауы керек. 4. Монитордың жоғарғы бөлiгiн сiздiң көзiңiздің деңгейіне келетіндей биiктiк бойынша орналастырыңыз. 5. Мониторды сiзге терезе немесе жарық сәулелері кедергі жасамайтындай етiп орналастырыңыз. 6. Егер бұл жарықтың дұрыс түсуіне мүмкiндiк бермесе, мониторды 10-20 градусқа артқа қисайтыңыз. 7. Биiктiгі бойынша пернетақта сiздiң шынтақтарыңыздың деңгейінде болуы керек. 8. Пернетақтаны 10 градусқа артқа қисайтыңыз. Сонда сiздiң қолдарыңыз жинақы болады. 9. Реттелетiн кресло немесе орындықты қолданыңыз. 10. Өз көздерiңізге демалыс беру үшін көз жаттығуларын жасаңыз.
11. Әлсiн-әлсiн креслодан тұрыңыз және арқаның бұлшық етiн асықпай тартыңыз. 12. Монитор тiкелей сiздің алдыңызда болуы керек. Бұл бастың тұрақты қалыппен бұрылуына мүмкiндiк бередi. 13. Жұмыс орныңыз көңілді, қолайлы болса, денеңіз бір қалыпты ұсталып, шаршамайсыз. Сондықтан мониторды , пернетақтаны, креслоны мерзімінде түзетіңіз. 14. Компьютер алдында өткiзетiн уақытты азайтуға тырысыңыз.