Просмотр содержимого документа
«Мамандығым мақтанышым!»
«№7 «Ақ бота»ясли-бақшасы» КМҚК, Семей қаласы, ШҚО, т.8775 758 7515
«Мамандығым-мақтанышым!» тақырыбында Республикалық байқауы
«Мамандығым-мақтанышым!»
тәрбиеші Жакынова Гульнур Тельмановна
меңгеруші Байскакова Дилдаш Секеновна
«Мамандығым-мақтанышым!»
Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кемде-кем, сондықтан да бұл мамандық содан да киелі шығар...
Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан, бала тәрбиелеп, балабақша бүлдіршіндеріне ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру ең қиын іс деуші едім.
Тәрбиеші кез-келген сұраққа жауап беріп, кез-келген жағдаяттан шыға алатын білімді жан. Қазіргі қоғам талабына сай, рухани интеллекті, шығармашылық қабілеті жоғары тәрбиеші деп айтуға болады. Еңбек ету жолында аянбай тер төгуші. Тәрбиеші жұмысы оңай емес, бірақ абыройлы, сыйлы. Бойында әділеттілік, мейірімділік, жауапкершілік қалыптасқан зерделі де, зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытушы тұлға.
Тәрбиеші - еркін шығармашылық иесі. Өз бетінше іздене, көре жүріп әрекетіне сараптама, талдау жасаумен қатар шығармашылығын шыңдай түседі. Үнемі тәрбиеленушісінің жан дүниесіне үңіліп, ішкі сырын, ойын, өмірге көзқарасын байытып, бақылап отырады.
Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз-өзіне «мен кіммін?», «осы өмірімдегі менің орным қандай?», «қалай өмі сүремін?» деген сұрақ қоймайтын адам кемде кем.
Адам өзінің болашақ кәсібінне әртүрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін, ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге-әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң, т.б. Мынау көп салалы өмірде, мамандықтың түрі өте көп. Әрине, таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы- адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышты таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылыс шабытпен істеген іс-табыс биігіне жеткізетін қанат.
Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» -деп қашанда адам өмірден орнын өзі таңдауымен тапқан жөн. Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтар болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де, бірегейі- тәрбиеші деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап қарайын. Өйткені мен де бала бағбаны-тәрбиешімін. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру-менің жұмысымның мәні.
Балалармен жұмыс жасау- үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді. Кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені мен оларға, олар маған ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де, қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ, сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін.
Осы бір балалар әлемінің теңізіне бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала-тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиеші де жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет-баланы құрметтеу сезімі болуы керек екенін түсіндім.
Абай атамыз айтқандай: «Бала тәрбиесіне 3 жақ әсер етеді, ата-анасы, ұстазы және жүрген ортасы. Қайсысының ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады» деген ойы ұстаздарға да ауыр салмақ салып тұр.
Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі осы шағын орталық тобының балаларына арналғандай.
Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артады сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі, бала рөлде өзі ойнаса, сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл-қасиет, ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан-дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін, сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек.
Абай атамыз қазақ баласының бойында: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болуы керек деп атап көрсеткендей, өмір сүрудің басты заңдылығы болса, осы үш асыл қасиеті шәкірттердің бойына сіңіре білу- тәрбиешінің міндеті екені даусыз. Яғни, «ыстық қайрат дегеніміз-спортқа баулу, нұрлы ақыл дегеніміз- санасына білім нәрін құя білу, ал жылы жүрек дегеніміз- эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру»- деп түсінемін.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында жаңа кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі» осы заманғы білім беру, парасатты экономиканың негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды пайдалану мамандарды даярлау сапасын көтеруге басты себеп болатын, инновациялық экономиканы дамыту», - деп көрсеткен. Қазақстан Республикасының болашағы, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызметіндегі басымдықтары мен ұлттық мүдделерінің жүзеге асырылуы, халықаралық аренадағы беделінің өсуі, ұлттық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, мемлекет алдындағы жағарғы азаматтық жауапкершілікке ие мамандарға байланысты.
Мамандық таңдау дегеніміз-яғни болашағымызды айқындау. Алдымызға белгілі бір мақсат қоя білуіміз керек.