Балалар ата-анасын мақтаныш етуі керек. Бүгінгідей, XXI дамыған ғасырда әйел мен ер азаматтың әлеуметтік рөлі теңеліп, тіпті орындары ауысып кеткен уақытта, «әйелдің жұмыс істеуі керек пе» деген сұрақ тіпті талқыланбайтын, даусыз мәселеге айналды. Әрине, бүгінде әйелдің жұмыс істегені дұрыс. Үйде отырудың әр түрлі қиындықтары көп. Мәселен: қаржы жөнінен алсақ, әйелдің табысы отағасының табысынан кем түспейді және отбасының шығынын өтеуге көмектеседі. Үйде отырған әйелдерде жұмыс істейтін әйелдерден гөрі депрессия көбірек болады. Балалар үшін ата-ананың әлеуметтік рөлі әрқашан да маңызды. Түбектен бойы сәл ғана асатын бүлдіршіннің өзі маңызсынып: «Менің әкем банкте істейді», «Менің мамам – дизайнер» деп мақтанғанды сүйеді. Ата-анасының жақсы қызметте істеуі баланың өзін-өзі бағалауына қатты әсер етеді, әрі ішкі дүниесіне сенімділік орнатады. Балаға, әсіресе ер балаға әкесінің статусы әлдеқайда маңыздырақ. Ал, әкесінің дәрежесі ешқандай мақтауға татымаса ше? Онда «жоғары дәрежелі ханым» болуға анасы тырысу керек. |