Просмотр содержимого документа
«Ойын бала өміріндегі маңызды құрал»
«Ойын- баланың жан серігі».
Жалпы білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі әрі алғашқы сатысы болып есептелетін мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие орындарының міндеті – отбасымен тығыз байланыс жасай отырып, баланы жан-жақты тәрбиелеу, білім беру, олардың дербес қасиеттерінің жетіле бастауына негіз қалау және мектептегі оқу ісіне дайындау болып табылады. Бала өмірінің алғашқы жеті жылы денсаулықтың, ақыл – ой, адамгершілік, еңбек эстетикалық дамуының негіздері қаланатын өте маңызды кезең. Мектеп жасына толмаған балаларға еліктеушілік тән қасиет. Ересектер бұл ерекшеліктерді пайдаланып, өз өнегесімен, сондай-ақ көркем образды келтіре отырып, бөбектерді өз ара тату болуға, үлкендерді сыйлауға, өсімдіктер мен жануарларға адам еңбегінің нәтижелеріне ұқыпты қарауға үйретеді. Бала мен ұжымының дамуына мектепке дейінгі балалар іс- әрекетінің негізгі түрі – ойын орасан зор роль атқарады. Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазған: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың қызметтің қандай маңызы болса, олар үшін ойынның нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскенде жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады.» Түрлі халықтардың және қоғам дамуының әр түрлі тарихи кезеңдерінде балалар ойындарын ұзақ қадағалау, олардың мазмұнын зерттеу ойынның негізгі қайнар көзі – адамдардың әлеуметтік өмірі, баланың, оның отбасысының тіршілік жағдайы деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ойынның тағы бір ерекшелігі – оның өзіндік әрекеттік сипаты. Балалар ойын шығарушылар, ойынды жасаушылар болып табылады. Балалар үн-түнсіз ойнамайды. Бала жалғыз болғанның өзінде ойыншықтармен сөйлесіп жүреді, ойынға қиялдағы қатысушылармен әңгімелеседі, өзі мен анасы үшін, науқас кісі мен дәрігер үшін сөйлейді. Сөз нақ бір ойын әрекетін сүйемелдеуші болып табылады, бейнені, оған баланың өз қатынасын толығырақ ашады. Ойын кезінде сөйлеу қарым-қатынас жасау үлкен рөл атқарады. Сөйлесе жүріп балалар бір- бірімен уағыдаласады, келіседі, сондай-ақ өзара түсінісу мен достықтын, қоршаған өмірдің қайсібір фактілері мен құбылыстарына бірдей көзқарастың пайда болуына және дамуына көмектеседі. Ойынның түпкі ниеті – бұл балалардың нені және қалай ойнайтыны , сюжеті немесе мазмұны, ойын әрекеттері, рольдер ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ұсынатын ойын ережесі. Бұл элементтер өзара тығыз байланысты және ойынды балалардың өзінше бір іс – әрекеті ретінде көрсетіледі.
Ойынның түпкі ниеті – бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы, мысалы: «Ұшты-ұшты», «Отбасы», «Дүкен», «Бес тас» және т.б. сияқты бөліп ойнау. Ойынның түпкі мақсатына қарай мынандай түрге бөлуге болады: тұрмыстық құбылыстарды бейнелейтін, еңбекті бейнелейтін, қоғамдық оқиғаларды бейнелейтін т.б. Бұлай бөлу, әрине шартты ғана, өйткені ойын өмірдің алуан түрлі құбылыстарын бейнелеуі мүмкін. Оның сюжеттік мазмұны – бұл оның жанды тұлғасын құрайтын, ойынның әрекеттерінің, балалардың өзара қарым-қатынастарының дамуын, көп жақтылыған және өзара байланысын анықтайтын нәрсе. Ойынның мазмұны оны қызықты етеді, ойнауға деген ықылас пен ынтаны қоздырады. Ойынның құрылымдық ерекшеліктері мен түйіні – бала атқаратын роль. Ойын процесінде рольге берілетін маңызына қарай көптеген ойындар рольдер немесе рольді – сюжетті ойындар деп атаймыз. Бала ойын үстінде өзі қалап алған нәрсенің бейнесіне еніп, белгілі бір рольді ойнайды. Ойын процесінде балалардың білімі мен ұғымы айқындалып, тереңдей түседі. Ойын – өзінше бір мектеп, сол арқылы бала адам мінез-құлқының ережелері мен нормаларын олардың еңбекке қоғамдық меншікке көзқарасын, олардың өзара қарым-қатынасын шығармашылықпен игереді. Ойын балалардың өздерінің де қоғамдық мінез – құлқы, олардың өмірге, бір-біріне көзқарасын қалыптастыратын қызмет формасы болып табылады. Ойындардың көпшілігі қан айналысын күшейтіп, неғұрлым толық та терең зат алмасуына көмектесетін белсенді қозғалыстарды керек етеді. Белсенді қозғалыс бала тұлғасының дұрыс қалыптасуына, жүріс-тұрыстың икемді, әсем болуына жәрдемдеседі. Педагогикалық басшылықсыз ойын баланың дене құрылысының дамуына зиян келтіруі де мүмкін. Кейде балалар ұзақ уақыт бір қалыпты тұрып немесе, керісінше шамадан тыс көп қимылдардан қатты шаршайды. Сондықтан біздер тәрбиешілер бәрінен бұрын балалар ойындары үшін гигиеналық шарттардың сақтауына қамқорлық жасаймыз.Ойынның айқын, біртіндеп дамитын жүйесін пайдалана отырып, педагог мектепке дейінгі балалардың дене құрылысы дамуының тиімділігін арттырады. Ол ойында балалардың шат, сергек көңіл күйін туғызады, эмоциялық ахуалдың дұрыс болуы баланың дене құрылысы мен нерв – психика жағынан толыса дамуының кепілі әрі сонымен бірге ақ жарқын, ақ пейіл мінез тәрбиелеудің шарты. Ойын эстетикалық тәрбие құралы ретінде де кеңінен пайдаланылады, өйткені балалар өздерін қоршаған дүниені ролдік бейне арқылы көрсетіледі. Көптеген ойындардың мазмұнына таныс әндер, билер, тақпақтар, жұмбақтар енгізіледі. Осының бәрі тәрбиешіге балалардың эстетикалық әсерлерін тереңдетуге мүмкіндік береді. Ойын сонымен, балаларды жан-жақты тәрбиелеу және дамыту құралы болып табылады. Балалар ойында адамдардың белгілі қылықтарын, жеке ерекшеліктерін және өзара қарым-қатынастарын бейнелейді. Мысалы, ойында ақпейіл, қамқоршыл мейірбан дәрігердің ролін ойнап тұрған бала өмірде кейде өзімшіл болуы да мүмкін . Сондықтан ойында педагогикалық басшылықтың болуы өте маңызды. Бала ойын арқылы күш – жігерін жаттықтырап, қоршаған заттар мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды, яғни болашақ қайраткердің тәрбие жолы тәлімдік өнегесі ойыннан басталады. Ойын – теориялық жағынан да, практикалық жағынан да мектепке дейінгі педагогика саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Өйткені ойын баланы тек дене жағынан жетілдіретін қимыл, қозғалыс, іс-әрекет қана емес оларды ой еңбегіне баулу, таным түсінігін дамытып, дұрыс көзқараста тәрбиелеудің құралы болып табылады. Ойын туралы сан алуан ғылыми зерттеулерде, әр түрлі теориялар да болады. Педагогика тарихында ойынның шығуы, дамуы, жасалуы, жүзеге асырылуы жөнінде алуан салалы пікір мен қайшылықтар да аз емес. Сондай-ақ , ойынның түрлері және оны ұйымдастырудың амалы мен тәсілдері жөніндегі тәжірибелер де мол. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтер мен педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және өнер қайраткерлерімен қатар бұл саламен ғылымдар да шұғылданады. Көптеген Ұлы жазушылар бала ойынының психологиялық мәнін және ойынға тән ерекшеліктерді көркем образдар арқылы ашып берді. Орыс жазушысы М.Горький ойынның бала тәрбиесінде атқаратын қызметі мен орнын жан-жақты сипаттай келіп, өзі өмір сүріп отырған ортаны дұрыс түсіндіруге және оны өркендетудің жолын ұғынуына мүмкіндік беретінін кеңінен түсіндіреді. Адам іс әрекеттің ерекше түрінің бірі – ойынның пайда болуы туралы зерттеушілердің көпшілігі өз еңбектерінде өнер және ойын көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіріледі. Бала ойын арқылы өзін толқытқан бүгінгі қуанышын, ренішін, асқақ арманын, мұрат – мүддесін бейнелесе күні ертең сол арман қиялын өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік алады, сөйтіп бүгінгі ойын, бейнелі әрекет ертеңі шындық ақиқатқа айналуы сөзсіз.
Әдебиет:
Ойын арқылы бала тілін дамыту, Р.А.Искакова 2004
«Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту» методикасы, Алматы.