Просмотр содержимого документа
«Тренингтер, ойын-жаттығулар»
ТРЕНИНГТЕР, ОЙЫН-ЖАТТЫҒУЛАР
Қазіргі заман талабына сай тренинг, ойындар өткізудің мақсаты:
Ұмтылысты дамыту, өзін-өзі дамыту жолында мақсат қойып, оны орындау мен жеке тұлға ретінде өсуін дамыту. Қарым-қатынасын жақсарту мақсатында «Бағыт-бағдар», «Толқын», «Салат», «Жағымды сөздер» ойынын ойнатуға болады.
«Таныс болайық»
Балалар тәрбиешімен бірге шеңберге тұрады. Жүргізуші қолына доп алады (доптың түсі балаларды қызықтыратындай көңілді, ашық түсті болғаны дұрыс)
Балалар допты өз атын атап, келесіге береді. Допты қағып алған бала да солай ойынды жалғастыра береді. Тәрбиеші де бұл ойынға қатысқаны дұрыс, өйткені жаңадан келген балалардың атын басқалары ұмытып қалуы мүмкін.
«Қағып ал»
Бұл ойынды өткізу үшін,ұзындығы 50-75 см.таяқша бас жағында доп байланған лента қажет.Балалар шеңберге тұрады, жүргізуші қолында таяқшасы бар ортада тұрады. Жүргізуші әр баланың қасына барып, «ұста,ұста» деп таяқшаны жақындатып, жоғары көтереді. Балалар қолын созып, допты ұстауы керек. Бұл ойынды топта немесе серуен кезінде ойнатуға болады.
«Ертегіні қолдарыңмен айтып бер»
Бұл ойынды жалықпастан ойнай беруге болады. Өйткені қолдың көмегімен айтып беруге болатын ертегі де тақпақ та көп. Бұл ойын балаларға өзін еркін сезінуге, тәрбиешіге деген жылы сезімнің оянуына әсер етеді. Алдымен тәрбиеші тақпақ оқиды. Қайталап оқи отырып, қолдарымен әр түрлі қимылдарды көрсете бастайды. Келесіде балаларды да осы қимылға үйретеді. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, ойынан түрлі қимылдарды құрастыра білуіне және қиялының дамуына көмектеседі.
«Көңілді сиқыршылар»
Балалар дөңгеленіп отырады, ал тәрбиеші оларға ертегі айтып береді:
«Ерте, ерте, заманда бір елде өте ызғарлы бір сиқыршы өмір сүріпті. Ол сиқыршы кез-келген балаларды жаман ниетімен, жаман сөздерімен сиқырлап тастайды екен. Оның жаман ниетпен сиқырлап тастаған адамдары күле алмаған және көңіл-күйлері төмен болған екен. Осындай сиқырланып қалған балаларды тек қана жақсы,жағымды сөздермен атау керек болған»
Қане, балалар қарайықшы біздің арамызда жаман ойлармен сиқырланып қалған бала бар ма?
Балалардың арасынан сиқырланған рольді таңдаушылар табылады. Тәрбиеші сол балалардың ішінен тұйық, көңілсіз отырғандарды таңдап алып, басқа балалардан жаңағы көңілсіз отырған баланың көңіл-күйін жақсы сөздермен көтеруді сұрайды.Ойлағандай, балалар өз міндетіне көңілді сиқыршының міндетін алады. Негізімен тұйық, көңілсіз отырған балаларға барып, жылы, аялы сөздерімен балаларды сиқырлайды.
«Сиқырлы көзілдірік»
Тәрбиеші топқа ішіне сиқырлы көзілдірік салынған қорапты алып келеді. Балаларға салтанатты түрде хабарлайды.
Мен сендерге қазір сиқырлы көзілдірік көрсетемін. Осы сиқырлы көзілдірік киген бала қасындағы баланың жақсы қасиеттерін көреді. Қазір мен осы сиқырлы көзілдірікті киемін. Ой қандай әсем балалар, көңілді, тапқыр, білгірсіңдер дей отырып, әрбір баланың жанына барып, көзілдірікті киіп, көрулерін ұсынады. Сонымен қатар балалардың бірін-бірі жақсы қылықтарымен мадақтауды ұсынады. Мүмкін бұл көзілдіріксіз көрмей жүрген қасиеттерді, жақсылықтарды көруге шақырады.
«Бағыт-бағдар» тренингі
Балалар шеңбер жасап қарама-қарсы тұрады. Өздерінің қарсы тұрған адамдарын бағдарлау арқылы белгілеп алады.Тәрбиеші белгі бергенде балалар көздерін жұмылған қалпында өздерінің орнын табу керек.
«Күлмейтін ханшайым»
Тәрбиеші балаларға күлмейтін ханшайым туралы ертегіні айтып береді. Сонымен қатар осы ойынды ойнауды тапсырады. Балалардың ішінен бір баланы «ханшайым» роліне алады, ол күлмейді, көңілсіз, ызғарлы. Ал қалған бала ханшайымды күлдіруге тырысады. Ханшайымды қай бала күлдірсе, немесе сәл де болса көңіл-күйін көтере алса, күлдірсе, сол бала жеңіске жетеді.
«Жағымды сөздер»
Балалар дөңгеленіп тұрады.Бір-бірінің көзіне қарап, оған бірнеше жағымды сөздер, лебіздер айтып мадақтау керек. Бұл жаттығу бірнеше рет қайталанады.
«Толқын» тренингі
Балалар дөңгеленіп отырады, ал тәрбиеші балаларға жаз мезгілінде теңізге түскендерін елестетуге ұсынады. Теңізде судың толқыны денеңе жағымды, денеңді сипап, жуады. Теңіздің толқындары бір-біріне өте ұқсас, жағымды әсер етеді. Қанеки, сол толқындарды көз алдарыңызға елестетіп, бір-бірімізді толқындармен жуындырайық. Қане, орнымыздан тұрып, бір-бірімізге күлімдеп, сол толқындарды бейнелейікші, қолдарымызбен кескіндейікші. Балалар тәрбиешінің көрсетуімен бір-біріне жағымды, көңілді толқындарды бейнелейді. Осындай дайындықтан соң, тәрбиеші балаларға кезекпен-кезек шомылуды ұсынады. Шомылушылар ортаға шығады. Ал толқындар бір-бірлеп шомылуға барып, бір қалыпты қимылмен баланы сипайды. Барлық толқын шомылушыны сипағанда, шомылушы да толқынға айналады. Ал теңізге келесі бала шомылушы ролін алады.