Просмотр содержимого документа
«Үш тілді меңгеру – заман талабы»
Үштілдімеңгеру – заман талабы
Кабышова Эльза Бактыбахиевна
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылы
«Сүйіндік» бөбекжай балабақшасының ағылшын тілі мұғалімі
Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. «Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру»,-деп Елбасымыздың Жолдауында айтылғандай, еліміз қай салада болмасын қарқынды дамып, әлемдік кеңістікке қарыштай қадам басып, еркін қанат сермеуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміз береке мен бірліктің, ынтымақ пен достықтың, татулықтың өлкесі болып, көпұлтты мемлекетке айналып отыр. Осы орайда елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей: «Біз - көпұлтты қоғамбыз. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдыңғы уақытта да жалғастыра беретін боламыз»,-деген еді. Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор.
Тәуелсіздікке қол жеткен жылдардан бері әлемдегі көптеген елдермен саяси әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрдық. Бұл қарым – қатынастың нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бірлігін өркендеуге тіл білудің мәні күн сайын арта түсуде.
Білім мен ғылымның қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттілігін қойып отыр. Әсіресе өскелең ұрпақтың жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Елбасының үштұғырлы саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. Алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп ақын жырлағандай, өз тілінде еркін сөйлеп, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан да «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл - заман талабы»,- деген елбасының қағидасына сүйене отырып, қазіргі таңда балабақшадан бастап мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған мұғалімдер мен тәрбиеші-ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.
Ағылшын тілінің қажеттілігі – әлемге тән қажеттілік. Бүгінгі күні еңбек нарығында шетел тіліне сұраныстың өсуі, маңызының артуы оны халықаралық деңгейде меңгерудің мәжбүрлігі туып отырғаны бәрімізге мәлім. Әрбір бала – ертеңгі маман, сондықтан ата-аналар мен педагогтардың қазіргі заман талабына сай балаларға ағылшын тілін меңгертуді мақсат етіп отырғаны да осыған орай. Үштілділіктің маңызын түсіне білген жанның еліміз үшін болашақтағы алары да, берері де мол. Үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы – балабақша, сондықтан біз де ағылшын тілін меңгертудің түп негізін – балабақшадан ойын-сабақ, мультфильмдер, аудиожазбалар арқылы бүгінгі күн талабына сай қолға алуды жөн көреміз. Мектеп жасына дейінгі баланың дүниетанымы, санасы, зердесі, тілінің дамуы, сөздік қорының молаюы, тілге қызығушылығы жедел қалыптасатыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Мұнымен қоса, ана тілінің базалық құндылықтарын меңгерген, мемлекеттік және ағылшын тілінде қатынасқа дайын үштұғырлы тұлғаны тәрбиелеу мақсаты туындауда. Өсіп келе жатқан бала дүниені шынайы, табиғи құбылыстармен қабылдайтындықтан, бірқатар психологтар, тіл мамандары, ғалымдар өздерінің ғылыми зерттеулерінде балаларға ана тілімен қатар, екінші тілді меңгертудің ең тиімді кезеңі 2 жастан бастап, 5-6 жасқа дейінгі кезең деп көрсеткен. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балалардың кез-келген тілді қабылдау қасиеті жоғары, сөйлеу аппаратының таныс емес тілдің дыбыстарын айтуға икемді болады. Ағылшын тілінің мына дыбыстары айтуда қиындық туғызады : [w], [p], [f], [εә], егер де баланы ерте жастан бастап дыбыстарды дұрыс айтуға дағдыландырса, мектепте балаға фонетика жеңіл берілетін болады және оны меңгеруге аз уақыт кететін болады. Психологиялық-педагогикалық тұрғыдан алып қарағанда, сөйлеу жеке тұлғаның негізгі танымдық, әрі қатынас құралы болып табылады. Отандық әрі шетелдік ғалымдардың дәлелдеуінше, кіші жастағы балаларға тілді меңгерту нәтижелі болмақ, сонымен қатар , сана мен іс- әрекеттің бір-бірімен тығыз байланысты екендігін ескеретін болсақ, тілді баланың қимыл әрекетімен байланыстыра үйрету тиімділігі анықталған. «Үш тұғырлы тіл» саясаты заманның зәрулігінен туындаған қажеттілік деп есептеп, оны игеруден қорықпауымыз керек. Әрине ағылшын тілін білген жақсы. Осы күні ағылшын тілін білген әлемнің тілін білгенге есеп. Ағылшын тілінде оқыту балабақшадан басталуы - ұлтты қандай бәсекеде болсын ұтысқа жетелейтін ұтымды нұсқа деп ойлаймын.
Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Сондықтан үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік.
Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. «Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек».
«Үштілділік - нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы»,-Б. Хасанұлы анықтама бергендей бүгінде оны қолдануға жан-жақты күш салынуда.
Қорытындылай келгенде, болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса еліміздің ертеңінің көркейте түсері сөзсіз. Олай болса бүгінгі талапкерлерге әлемдік кеңістікке қанат қағып, шет тілін меңгерсем деп талап білдіргендерге сәттілік тілейік.
Сонымен қатар, жаһанданудан қалыс қалмай, Елбасы қойған міндеттерді бірге орындайық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жарықбаев Қ. Аталы сөз.– Алматы: Жалын, 1980.
2.Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
3.Ақиқат. 2011жыл, №5. «Қазақ тілін білу - әншейін бір ұран емес», Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессиясында сөйлеген сөзі
4.Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. Астана, 2007