Просмотр содержимого документа
«Спорт ойындардың мінездемесі, ойынға үйрету кезіндегі жас ерекшеліктерді ескеру»
БАЯНДАМА
Спорт ойындардың мінездемесі, ойынға үйрету кезіндегі
жас ерекшеліктерді ескеру
Жоспар
1. Сыныптан тыс спорт, көпшілік спорт жұмыстарын ұйымдастыру
2. Ойын әдісі және спорттық ойындар сипаттамасы
3.Спорттық ойындарды ұйымдастыру үрдісі
4.Спорттық ойындарға үйрету кезінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Мектептегі сыныптан тыс спорт, көпшілік спорт жұмыстарын ұйымдастыру
Дене тәрбиесіндегі оқыту дегеніміз – адамның дене қуатына және психологиялық жетілуіне бағытталған арнаулы білім жүйесінің қимыл-әрекетке үйрету, қалыптастыру, меңгеру, жетілдіру үрдісі.
Математика мұғалімі есеп шығаруға, қазақ тілі мұғалімі граматикаға үйретсе, дене тәрбиесі мұғалімі оқушыны жүгіруге, секіруге, лақтыруға үйретеді. Оқушыны кеңістікте өз денесін басқарып, қозғалуға үйретеді. Мектеп бағдарламасындағы спорт түрлерінің негізгі жаттығуларының техникасын дұрыс орындауға үйретеді. Үлкен өмірде тіршілік етуге дайындайды.
Дене тәрбиесінің бағыттары, түрлері мен қызметтерінің тұжырымдалған жүйесінің тек танымдық қана емес, тәжірибелік маңызы зор. Ол көптеген әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, жеке адамдардың талабын қанағаттандыруға бағытталған. Дене тәрбиесінің мүмкіншіліктерін, оны қолдану жолдарын, амалдарын, әдістемелерін көрсетеді, оларды дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде қалай қолдану керек екендігін түсіндіреді.
Спорт түрінің жаттықтырушысы, бапкері спортшыға спорт түрінің жарыстық жаттығуларының техникасын үйрету арқылы, сол жаттығуларды орындаудан жоғарғы жетістіктерге жетуге, әлемдік рекордтар орындауға жеткізеді.
Қимыл-әрекетке үйрету үрдісі кезінде спортшының дене қуатының деңгейі қандай екендігі байқалады. Ол дене қасиеті деңгейі сол жаттығу техникасын орындауға сай болуы мүмкін. Олай болатын болса жаттығу техникасын үйрену барысында сол дене қасиетін дамыту керек болады. Мысалы, волейболдағы шабуыл соққысын орындау үшін спортшы секіргенде доп соғатын қолы тордан 30 сантиметрдей жоғары шығуы керек. Ондай биіктікке секіре алмаса жаттығу техникасын орындай алмайды.
Психологиялық жетілу – спортшының өзіне сенімділігі, батылдығы, тәуекелшілдігі, «Жаттығуды орындай алмаймын ба?» деген өзінің сенімсіздігін жеңуі. Ол қасиеттер де бірден келмейді, жаттығу техникасын үйрету барысында қалыптасады, тәрбиеленеді.
Дене тәрбиесіндегі оқытудың нәтижесі қимыл-қозғалысты меңгеру болып табылады. Қозғалысқа үйрету теориялық және іс-тәжірибелік бөлімдерден тұрады.
Жалпы білім беру мектептерінде жүргізілген дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының көп жылдық тәжірибесі әрбір мектептердегі дене тәрбиесі сабағынан кейінгі негізгі жұмыс түрі – сыныптан тыс өткізілетін спорт-көпшілік, спорт және сауықтыру дене тәрбиесі жұмыстары екенін көрсетті, сондықтан да қазіргі кезде осы көпшілік спорт жұмыстары түрлерін ары қарай жетілдіру мектеп дене тәрбиесі ұжымының алдындағы ең негізгі бір міндет болып табылады.
Сыныптан тыс жұмыстар төмендегідей түрлерге бөлінеді:
1. Спорт түрлерінен өткізілетін жаттықтырулар (секциялар). Дене тәрбиесі мұғалімдері арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында оқыған кездерінде жаттыққан, теориясы мен әдістемесін оқыған, разрядтары бар спорт түрлерінен, мектепке жұмысқа орналасқан кездерінен бастап секция жұмыстарын ұйымдастырады, жаттығулар жүргізеді.
2. Мектептегі жаттығулар ұйымдастырылған спорт түрлерінен өтетін жарыстар.Спорт түрлерінен өткізілетін жарыстарға оқушылардың тұрақты айналысып жүрген спорт түрлерінің жарыстары жатады. Ол жарыстар: мектепішілік біріншілік, басқа мектептің оқушыларымен жолдастық кездесулер, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстар және т.б. жарыстар.
3. Президенттік сынама сынақтарына дайындық және сынама нормаларын тапсыру шаралары. Президенттік сынама жұмысына жеке жоспар құрылып, комиссия құрамы бекітілуі керек.
4. Жазғы және қысқы президенттік көпсайыс. Президенттік көпсайыстан спорт түрінің жарыстарына дайындық жасап және оған қатысуға барлық оқушылар ат салысуы керек. Жас ерекшелік топтарына байланыстымектепішілік жарыстарды ұтқан оқушылар ары қарай аудандық, қалалық, облыстық жарыстарға қатысады, спорттық разрядтар нормаларын орындайды.
5. Спорт түрлерінен өткізілетін жарыстар оқушылар арасында кең тараған жалпы мектепішілік спорт түрлері жарыстары.
6.Туристік жорықтар, саяхаттар. Спорттық жорықтар, саяхаттар жергілікті жердегі тарихи орындарға, табиғаты жақсы жерлерге, тауларға, өзен, көлдерге бару, танысу, көру мақсатында бір, екі, үш одан да көп күндерге созылып өткізілуі мүмкін. Жорық кездерінде оқушылар ұзақ қашықтыққа жүк көтеріп жүру, әр түрлі кедергілерден өту, күрке (палатка) құру, от жағу, тамақ пісіру және т.б. жорық дағдыларын меңгереді.
7. Денсаулық топтары. Оқушылар мен мұғалімдердің денсаулықтарын нығайту, дене дайындығы деңгейлерін жоғарылату мақсатында жүргізілетін жаттықтырулар.
8. Спорт мерекелері. Оқу жылының ортасында, аяғында спортты насихаттау, дене тәрбиесі жұмыстарын қорытындылау, спортшыларды марапаттау, көңіл көтеру мақсатында жүргізілетін спорт кеші.
2. Ойын әдісі және спорттық ойындар сипаттамасы
Дене тәрбиесінің жалпы міндеттерімен қатар оның тәрбиелік, тәлімдік, нұсқаушылық бағыты оқушылардың сабақ барысында және үй жағдайында өзіндік шынығуына ықпал етуі де өте маңызды.
Дене тәрбиесі сабағының тиімділігін арттыру, ол пән мұғалімін тек дене жүктемесінің орындалу деңгейіне ғана емес, сонымен бірге оқушы сабақта қандай білім, тәрбие және дағды алды, оны күнделікті өмірде нақтылы жағдайда пайдалана алды ма? және өзге іс-әрекеттерінде осы алған білім, дағдыларын қаншалықты жүзеге асыра алды - деген мәселелер де толғандыруы тиіс.
Мектепте оқушыларға дене тәрбиесінен білімді бірыңғай теория (ақпарат) түрінде беру дұрыс емес. Оқушылардың дене қабілеттері мен қозғалыс дағдыларын дамыту үшін бір бағытта ғана емес, сонымен бірге сабақ өткізудің әдіс-тәсілдерін жан-жақты тиімді қолдану және жаттығулар мен жүктемелерді қиыннан оңайға, оңайдан қиынға ауыстыра жүргізу қағидалары арқылы қол жеткізуге болады.
Дене тәрбиесі үрдісінде спорттық және қозғалмалы ойындардың элементтерін қолдану – ойын әдісі деп аталады.
Ойын әдісінің мынандай өзіне тән ерекшеліктері мен белгілері бар:
1. Белгілі бір мақсатқа (жеңіске) жету үшін ойынның жоспары және тәртібі арқылы ойнаушыларды ұйымдастыру.
2. Ойын әрекеттері кезінде ойнаушылардың бәсекелестік, жеңіске деген ұмтылысының, көңіл-күйлерінің көтерілуі.
3. Ойын барысында жаттығушылардың өз бетімен қимыл-әрекет жасауға шешім қабылдауы (ойынға қатысушы жүгірудің, секірудің, лақтырудың жолын өзі таңдайды).
4. Қимыл-әрекеттердің алуан түрлілігі, олардың ойын барысында, әр түрлі жаттығуларда кенеттен пайда болуы.
5. Ойын барысындағы ойынға қатысушылардың әр түрлі қарым-қатынастары.
Ойын әдісінің көмегімен дене қасиеттерін (күш, төзімділік, шапшаңдық, ептілік) кешенді дамытуға, бұрын үйренген қимылдарды жетілдіру және оқушылардың өзіндік қасиеттерін тәрбиелеуге (батылдық, тапқырлық, ұйымдастырушылық, өз бетімен шешім қабылдаушылық), бұдан басқа да көптеген мақсаттарды жүзеге асыруға болады. Жаттығуларды ойын әдісімен жүргізу оқушыларды қызықтырып, жақсы әсер қалдырады, бірқалыптылықтан құтқарады. Ойын әдісінің бір кемшілігі, жүктеме мөлшерін дәл біле алмайтынымыз.
Дене тәрбиесі жаттығуларын жарыс, бәсеке түрінде орындауды жарыс әдісі дейміз. Жарыс әдісінің ең негізгі белгісі – біріншілікте қарсыласыңды, команданы, топты жеңу үшін бәсекелесу, күрес, күш сынасу жағдайында жоғарғы көрсеткіштерге жету. Бұл әдіс әр түрлі мақсаттарды орындауға пайдаланылады. Мысалы, адамгершілік, жігерлілік, дене қасиеттерін тәрбиелеу, күрделі жағдайда қимылдың ептілігі мен дағдысын жетілдіру.
Жарыс әдісі адам ағзасының мүмкіншіліктеріне жоғарғы талаптар қояды да, оның ары қарай тез дамуына ықпал етеді. Бұл жарыс әдісінің міндетті түрде орындалуы үшін керекті шарт: жарыс, бәсеке жаттығуларына оқушылар өте жақсы дайындықпен келулері керек, ол болмаса берілетін үлкен қарқынды жүктемелер олардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар бұл әдіс оқушылардан жаттығуды орындау кезінде пайда болатын міндетке өз шешімін тез қабылдауын талап етеді (өйткені, мұғалімнің, жаттықтырушының ақыл-кеңесін жарыс кезінде ести қою мүмкіндігі өте аз).
Спорттық ойындар кезінде көп қайталанатын жүктеме мен тынығуды алмастыра орындайтын қимыл-әрекетте қатаң шектелген жаттығу әдістерін пайдалану көптеген мүмкіншіліктерге қол жеткізеді:
1. Жүктеме көлемін қатаң мөлшерлеуге. Бұл әдісті қолдану кезінде жүктемені ең төменгі шамаға дейін жоғарылатып, басқаруға болады.
2 Әр түрлі дене қуатының қасиетін дамыту және жаттығу арқылы жеке дене мүшелеріне әсер ету.
3. Дене тәрбиесі үрдісінде жеке үйретуді пайдалану.
4. Кез келген күрделі жаттығуларға үйрету.
5. Дене тәрбиесі жаттығуларын әр түрлі жастағы адамдар арасындағы сабақ, жаттықтыру кездерінде пайдалану мүмкіншілігі. Біз осы әдістің көмегімен жаттығуларды жас балалардан бастап егде жастағы адамдарға дейін қолдана аламыз.
Қатаң шектелген жаттығу әдістері екі топқа бөлінеді:
а) қимыл-әрекетке үйрету;
ә) дене қасиеттерін жетілдіру.
Қимыл-әрекеттердің күрделілігіне қарай тұтас та, бөлшектеп те үйретуге болады.
Тұтас үйрету әдісі жаттығуларды бөлшектемей толық үйрету кезінде мынадай жағдайларда қолданылады.
- қарапайым қимыл-әрекетке үйрету кезінде;
- дене қуаты және техникалық дайындығы жоғары оқушылармен жүргізілетін жаттығу сабақтарында;
- қимыл-әрекетті бөлшектеп үйретуге болмайтын, бөлшектесе техника негізінің сапасы болмайтын жағдайда;
- бұрын үйренген жаттығуларды жетілдіруде.
Жаттығуларды бөлшектеп үйрету әдісі кезінде қимыл-әрекетті бөлшектеп жеке-жеке меңгеріп, сонан соң бәрін қосып толық қайталайды. (Мысалы, гимнастика сабағындағы алға аунап түсу, басқа тұру, жанға айналу жаттығуларының техникасын жеке-жеке үйреніп, меңгергеннен кейін толық қайталау және т.б.).
Күрделі қозғалыс техникасын үйренуді жетілдіруге жақындататын жаттығулар қолданылады. Мұндай жаттығулардың техникасы негізгі, күрделі жаттығудың бөлшектеріне ұқсас болып келеді. Бұл жаттығулар біртұтас түрде, оқушыларға түсінікті және қолайлы болуы керек.
Спортшының жаттығуларды орындау, жұмыс істеу қарқынына байланысты жүктеме бірқалыпты және ауыспалы болып келеді. Бірқалыпты жүктеме – ол спортшының белгілі бір уақытта жаттығуды орындаудағы қарқындылығының өзгеруі (ол жоғары немесе төмен болып өзгеруі мүмкін). Жүктеме әрқашан да тынығумен кезектесіп отыру керек.
3. Спорттық ойындарды ұйымдастыру үрдісі
Жалпы білім беретін мектептерде спорттық ойындарды ұйымдастыру жұмыстары бір-бірімен тығыз байланысқан екі бағытта: көпшілік спортты дамыту және спортшылардың спорттық шеберліктерін жетілдіру бағытында жүргізіледі. Осы екі бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру төмендегідей топтарға бөлініп жүргізіледі.
Спорт түрлерінен спорт секцияларын ұйымдастыру жұмыстары.
- спорт түрлерінен икемі бар оқушыларды шақыру, іріктеу, секцияда жаттығушылар құрамын, жаттықтыру кестесін бекіту;
- секцияларда спорт түрлерінен спортшылар даярлау жоспарын жасау;
- секция, команда, топтарда жиналыстар өткізу, жалпы жоспармен, жаттығу кестесімен таныстыру, староста, команда капитанын сайлау.
Спорттық жарыстарға дайындалу, өткізу.
- сыныптарда, сыныптардың құрама командаларын спорт түрлерінен өтетін жарыстарға дайындау,
- спорттық жарыстарға алдын ала дайындалу: мәлімдеме - өтініш құрастыру, бекіту, тарту, спорт төреші тағайындау, сұраныс дайындау;
- спорттық жарыс алдындағы дайындық: спорт залды дайындау, әнұран, ту, дыбыс-жабдықтарын, жеңімпаздар шығатын баспалдақ, марапаттау қағаздарын т.б. дайындау;
- мектеп басшыларын, қонақтарды қатыстырып, жарысты жоғары деңгейде өткізу;
- аудандық, қалалық жарыстарға, мектеп құрама командасының мүшелерін іріктеу, дайындау, қатысу.
Президенттік сынама сынақтарына дайындық және тапсыру:
- Президенттік сынама жарыстарына дайындау, дәрігерлік қамтамасыз ету, өткізу;
- жарыс құжаттарын толықтыру, есеп беру.
Ұйымдастыру және есепке алу жұмыстары:
Спорт түрлерінен жаттықтыру құжаттарын толтыру;
- спортшылар орындаған разряд пен атақтарының құжаттарын толтыру, жоғары тұрған мекемелерге ұсыну, бұйрық шығару;
- оқу-жаттықтыру жұмыстарының барлық бақылау және есепке алу құжаттарын, жұмыстарын жүргізу;
- жоғарғы көрсеткіштер мен разрядтар, Президенттік сынама тапсырушылар кітабын жүргізу.
Мұғалімдер арасында денсаулық топтарын ұйымдастыру:
- спорт ойындарымен айналысатын топтар: волейбол, баскетбол, футбол т.с.с. Спорт ойындарымен айналысатын топтардағы жаттығуларды дене тәрбиесі мұғалімі не мұғалімдер арасынан разряды барлар жүргізеді;
- жүгіруді жақсы көрушілер тобы. Бұл топ жаттықтыру уақытында мектеп спорт залында жиналып, мектеп стадионында немесе мектеп маңындағы орман, тау, жазық жерлердің соқпақтарымен жүгіреді. Жүгіру әдістемесі, жүктеме мөлшерін мектептің дене тәрбиесі мұғалімдері белгілейді;
- жалпы дене қуатын дамыту топтары. Бұл топ дене қыздыру жаттығуларынан кейін мектеп спортзалдарындағы стандартты емес снарядтарда, штанга, гир, батпандармен жаттығады. Дене жаттығулары кешенін мектептің дене тәрбиесі мұғалімі құрастырады;
- әйелдердің жаттығуына арналған: аэробика, шейпинг, у-шу, әр түрлі гимнастикалық топтар. Жаттығуларды дене тәрбиесі мұғалімі немесе осы спорт түрлерінде тәжірибесі бар басқа пәннің мұғалімдері жүргізеді;
- мұғалімдер арасындағы аудан, қала, облыстық жарыстарға команда дайындау, қатысу.
Көп адам қатысатын көпшілік спортты насихаттау түрлері:
туристік жорықтарға дайындалу, бару;
спорт мерекелерін өткізу;
көп адамдар қатысатын кростық жарыстар, шаңғы жарысы өткізу.
Кез келген жаттығудың екі түрлі техникасын, тәсілін дұрыс немесе тәсілсіз, қате орындауға болады. Жаттығудың тәсіл техникасы дегеніміз не? Қимыл-әрекетті тиімді жолмен орындау - жаттығудың тәсілі, техникасы деп аталады. Тиімділік дегеніміз – жаттығудың ағзаға ұтымды әсер етуі (мысалы, күшін өсіру, бұлшық ет топтарын жаттықтыру) және әрекеттің нәтижелілігі (мысалы, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру жаттығуының техникасын дұрыс орындау кезінде барынша алысқа секіру).
Жаттығуды орындау техникасы әрқашан да дамып отырады. Ескі тәсілдер орнына жаңа, тиімді тәсіл, жаттығуды орындау техникасы келеді. Бұл құбылыс жаттығуды орындаудың жетілген жолын үздіксіз ізденуге, үйрену әдістемесінің кемеліне келуіне, осы арқылы күрделі, тиімді жаттығуларды орындауға қол жеткізеді.
Спорт дайындығының деңгейіне қойылатын өскелең талап, жаңа жетілдірілген спорт құрал-жабдықтарының пайда болуы, ескі тәсілдің орындалуының өзгеруі, жаңа жетілген жаттығу техникаларының пайда болуы. Мысалы, жүгіріп келіп биіктікке секіру техникасын алсақ, ерте кезде аяқты кезекпен қайшылап секірсе, келе-келе қырымен келіп аунап секіру, ал қазіргі кезде арқаны бере аунап секіру техникалары өмірге келді. Әрбір техника түрі ауысқан сайын биіктік кергісі де, әлемдік рекордтар да жоғарылай береді.Дене тәрбиесі жаттығуларының эталондық орындау тәртіптері бар. Бірақ әрбір спортшы өзінің дене күшінің мүмкіндігін, психоқимылдық қабілетін ескере отырып, өзіне ғана тән техника қолданады. Жаттығулардың техникасының өзіне тән бөлімі, бөлшегі болады. Жаттығу техникасының негізі – спортшының толық жаттығу орындаған қозғалыс суретінен тұрады. Мысалы, жүгіріп келіп ұзындыққа секіруді алсақ, ол екпіндеп жүгіру, серпін жасау, ұшу, жерге түсу секілді техника бөлшектеріне бөлінеді. Қозғалысты орындау кезінде ең керекті шешуші техника бөлшегі болады. Мысалы, ұзындыққа секіруде - аяқ күшімен серпілу. Басқа техника бөлшектері: екпіндеп жүгіру, ұшу, жерге түсу - ол негізгі дене қозғалысына көмектесетін қосалқы қимылдар. Жаттығуды орындау техникасы үш кезеңге бөлінеді:
Дайындық кезеңі – негізгі қозғалыс әрекетіне жақсы жағдай тудыруға арналған қимыл-қозғалыс.
Негізгі кезең – негізгі мақсатты орындауды шешетін қимыл-қозғалыс. Мысалы, ұзындыққа секіруде серпілу, ұшу.
Қортынды кезеңі - қозғалыстың аяқталу кезеңі. Мысалы, ұзындыққа секірудегі жерге түсу.
Қай жаттығудың орындалу техникасын алсақ, олар бір-біріне кеңістік, уақыт, кеңістікті - уақыт және қозғалыс тәрізді сипаттамаларда болады. Кеңістік сипаттамасына жататындар: дене мен дене мүшелерінің тұрысы, қалпы, қозғалыс траекториясы. Кеңістіктегі дене тұрысын біз иық және аяқ-жамбас буындарының орналасу тәртібіне қарай білеміз. Ол тік болуы мүмкін – тік тұру, ілініп тұру (аспа темірде, шығыршықта), тіреліп тұру (қос сырықта, белтемірде т.б.) немесе көлденең (тепе-теңдік, суда жүзу) және таяну (еденде, скамейкада тірей сүйену) түрінде де кездеседі.
Дене мүшелерінің бір-біріне үйлесімді орналасуы, жалпы дененің қалпы жаттығуларды орындау техникасында үлкен рөл атқарады. Тәжірибеде ол үш түрлі жағдайларда кездеседі:
- жаттығудың басында. Жаттығудың басында дұрыс алынған негізгі дене қалпы жаттығуларды орындауда ең тиімді жағдай жасауға және белгілі бір анатомиялық, физиологиялық тиімді әсерге жетуге көмектеседі. Мысалы, 100 метрге жүгіру алдындағы төменгі сөреге тұру қалпы, палуанның өз әдісіне керек қалыпты ұстауы т.б.;
- қозғалыс кезінде. Қозғалыс барысы кезінде керек дене қалпын сақтау спортта көп кездеседі. Мысалы, конькимен сырғанаушының жартылай отыру қалпы, шаңғышының секіру кезіндегі ұшу қалпы т.б.;
- жаттығуды аяқтағанда керек дене қалпын сақтау. Мысалы, спортшының снарядтағы жаттығуды орындап болғаннан кейінгі секіріп түсіп, дұрыс дене қалпын сақтауы т.б.
Әрбір қозғалыста ең алдымен қозғалып келе жатқан дененің, дене мүшелерінің траекториясын айыра білу қажет. Траектория дегеніміз - кеңістіктегі қозғалысшамасы және қозғалысты елестетудегі дененің жағдайы. Траекторияға қарап дене мүшелері қозғалысының бағытын, түрін, амплитудасын анықтайды. Қозғалыс траекториясы түзу сызықты және қисық сызықты болады. 100 метрге жүгіруді – түзу сызықты, ядро итеруді – қисық сызықты деп шартты түрде айтамыз, өйткені тәжірибе бойынша таза түзу сызықты қозғалыс жоқ. Олардың ішінде әрқашан да қисық сызықты қозғалыс жүреді (дененің серпілуі, ауырлық нүктесінен ауытқу амплитудасы т.б.). Жаттығушылардың ағзасына дене тәрбиесі жаттығуларымен тиімді әсер ету және қозғалыс техникасын жақсы орындау қозғалып келе жатқан дене немесе оның мүшелерінің траекториялық бағытына байланысты (мысалы, биіктікке секіру үшін спортшылар жерден аяқпен дұрыс серпілу бұрышын, тиімді қозғалыс бағытын дұрыс анықтай білуі керек).
Қозғалыс бағыттары: жоғары-төмен, алға-артқа, оңға-солға болып бөлінеді. Дене мүшелерінің бір шеткі қалыптан екінші шеткі қалыпқа дейін жеткізе сілтеген қозғалысын – қозғалыстың амплитудасы дейміз (мысалы, аяқты алға-артқа сілтеу қозғалысы). Қозғалыс амплитудасы белсенді және енжар болып екіге бөлінеді. Белсенді қозғалыс амплитудасы – жаттығушының жаттығуды өзінің, өз бұлшық еттерінің күшімен орындауы. Енжар - серігінің, тренажердің көмегімен орындалатын керілу, созылу икемділік жаттығулары. Белсенділік амплитудасы енжар амплитудаға қарағанда әрқашан да аз болады.
Уақыт сипаттамасы уақыт ұзақтығы, қарқын және қимыл ырғағы деп бөлінеді. Ұзақтық - әрбір қозғалысқа кететін уақыт шамасы. Мысалы, 1000 метрге жүгіру. Жаттығу уақытын азайта отырып, оқушы өзінің шеберлігін арттырады немесе жүктеме көлемін азайтады, көбейтеді. Қарқын – белгілі бір уақытта қайталана беретін қозғалыс (мысалы, палуанның бір минөттағы қарсыласын лақтыру саны, ескек есушінің ескекті бір минөтта 40-50 рет есуі т.б.). Қозғалыс қарқынын өзгерте отырып, жүктеме шамасын басқаруға болады. Уақыт азайса, қозғалыс қарқыны артады, ал уақыт көбейсе, қозғалыс қарқыны азаяды. Уақыт мөлшері мен қозғалыс бөлімдерінің ұзақтық қатынасын ырғақ деп атаймыз (мысалы, уақыт бойынша шаңғымен жүгірудегі алма-кезек екі адым әдісінің кезеңдерін өзгерту). Ырғақ тек қана күрделі қозғалыстарда болады. Баланың жасы ұлғайған сайын, спорттық дайындық деңгейі жоғарылаған сайын өзгеріп отырады (мысалы, аяқ-қолдың күштері көбейген сайын қозғалыс фазаларына кететін уақыт азайып отырады).
Кеңістікті-уақыт сипаттамасы - жылдамдық және үдеу. Спортшының кеңістікте шапшаң қозғалуын жылдамдық дейміз. Бір уақыт мөлшерінде спортшының жылдамдығын көбейте, өзгерте қозғалуын үдеу деп айтамыз. Ол болымды үдеу (мысалы,100 метрге жүгіруде сөреден шыға үдей жүгіріс) және болымсыз үдеу (мысалы, мәре сызығынан өткеннен кейінгі ақырын жүгіріс) деп аталады. Спортшының кеңістіктегі уақыт қозғалысын білуі, кеңістік сипаттамасы (мысалы, жүгіргендегі адам ұзындығы) және уақыт сипаттамасының (мысалы, жүгіру қарқыны) тиімді арақатынасын табуына, жүгіргенде қатты бар мүмкіншілігімен жүгіре алуына, жақсы көрсеткіш көрсете алуына көмектеседі.
Қозғалыс сипаттамасы. Адамның қозғалу үрдісі кезінде ішкі және сыртқы күштердің бірге жұмыс істеуі қозғалыс сипаттамасын көрсетеді. Ішкі күштерге жататындар: бұлшық еттердің тартылу, созылу, қарсыласу күші және қозғалыс кезіндегі пайда болған дене мүшелерінің біріккен күші. Сыртқы күштерге жататындар: дене мүшелерінің тірелу нүктесі, сыртқы ауырлық, сыртқы ортаның үйкелу және қарсылық күші, басқа жанды-жансыз денелердің, нәрселердің қозғалып келе жатқан күштері. Дене мүшелерінің тірелу нүктесі – жүгіріп келіп кергіге, гимнастикалық көпіршеге, сырыққа тіреле секіру, таяқтарды қарға тірей шаңғымен жүгіру, суға тірей ескек есу т.с.с. Сыртқы ауыр заттар – штанга, батпандар, гирлер, күрестегі манекендер және т.б. сыртқы ортаның үйкелу және қарсылық күші – су, ауа, қар, құм т.б., бұлар адам жүгіргенде, қозғалғанда үйкеледі, қарсылық тудырады. Басқа күшке – адамның өз дене салмағының ауырлық күші, басқа да дене күштері (күрестегі қарсыласының күші т.б.) жатады. Сондықтан да адамның әрбір қимыл-әрекетін өзінің бұлшық етін тарту, итеру, созылу күшімен бірге сыртқы және ішкі күштерге де байланыстыра қарастыру керек.
Дене шынықтыру сабақтарында спорттық ойындардың жаттықтыратын әсері күш кезеңі арқылы орындалады.
Тез әсеретуі. Жаттығу жасап жатқан кезде ағзаның функционалдық жұмыс істеу өзгерістері айқын көріне бастайды. Бұлшық еттердің көлемі үлкейді, жүрек соғу, тыныс алу жиіленеді, ағза қызынады, қызарады, терлейді т.с.с.
Із қалдыруы. Жаттығу орындалып біткен соң қимыл-әрекетімен пайда болған құбылыс іздері ағзада жоғалмайды, бірталай уақыт сақталып қалады, шамамен бір, бір жарым тәуліктен артық. Адамның денесі қызып, қимыл-қозғалысы ширақ болады, асқа тәбеті жақсарады және т.б. Бұрын жаттықпаған адамдардың бұлшық еттері ауырып, дел-сал болып жүреді.
Бейімделу әсері. Егер қимыл-әрекет алдыңғы қимыл-әрекеттің әсері сақталынып тұрған кезде қайталанса, мұндай қабаттасу адамды осы қимыл-әрекетке белсенді бейімдейді. Егер ол апта, айларға созылып жаттыға берсе барлық дене мүшелерінің қызметі жақсарады, денсаулық нығаяды, дене қуаты қасиеттерінің жұмысқа біліктілігі жоғарылайды, қимыл шеберлігі пайда болады. Адам жаттығу уақыты келгенде ширығып, белсенділеніп, жаттыққысы келіп тұрады.
Жаттығулардың адам ағзасына әсер етуі әр түрлі себептерге байланысты:
1. Оқыту, үйрету үрдісі екі жақты – ұстаз оқытады, оқушылар үйренеді. Сондықтан жаттығулардың әсер етуі ұстаз өнегесіне, білім деңгейіне, қимыл шеберлігіне, дене қуатына, сондай-ақ, оқытушы мен оқушының белсінділігі мен ынтасына байланысты.
2. Ғылыми себептер – адамның дене тәрбиесі заңдылықтарын ғылыми деңгейде түсінуі, білуі.
3. Әдістемелік себептер – жаттығуларды орындау кезінде ескеретін көптеген әдістемелік талаптар.
Жаттығулардың күшті әсері осы әдістемелік талаптарды орындап, дұрыс пайдалануына байланысты. Олар: жаттығуларды орындау уақыты, орындау қарқыны, жаттығуларды орындау саны, аралық тынығу уақыты, қайталау арасындағы тынығу уақыты, демалыс түрі.
4. Санитарлық-гигиеналық себептер. Дене тәрбиесі жаттығулары адам ағзасына тиімді әсер ету үшін тамақтану, демалу, жұмыс істеу тәртібін сақтап, жаттығатын орынды, спорт залды санитарлық нормада ұстау.
5. Метеорологиялық себептер (ауа температурасы, ылғалдылығы, жел күші т.б.).
6. Материалдық себептер. Дене тәрбиесі жаттығуларын қамтамасыз ететін спорт ғимараттары, жабдықтар, снарядтар, спорттық құрал-жабдықтар, спорт киімдері т.б.
4. Спорттық ойындарға үйрету кезінде оқушылардың
жас ерекшеліктерін ескеру
Орта мектеп жасындағы оқушылармен дене тәрбиесі сабақтарын жүргізу әдістемесі негізгі базалық спорт түрлерінің (жеңіл атлетика, гимнастика, спорттық ойындар, шаңғы спорты, суда жүзу) жаттығуларын тереңдете үйрету, жетілдіруге бағытталған.
Орта сыныптарда оқушылардың жеке қасиеттері айқындала бастайды. Олардың дене қасиеттерінің даму деңгейлері, қимыл-қозғалыс мүмкіншіліктері, психикалық қалыптары мен қасиеттері, ағзаларының физиологиялық даму деңгейлері әр түрлі болып келеді. Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт бапкері осы ерекшеліктерді жақсы білуі, балалардың бойынан осы қасиеттерді көре, тани білулері қажет. Өздерінің сабақ, жаттықтырулар жүргізу барысындағы жаттығулар техникасын үйрету, жетілдіру, дене қасиеттерін дамыту кездерінде осы ерекшеліктерді ескере жұмыс жүргізу керек. Әсіресе, дене дайындығы жоғары және төмен оқушылармен жұмыс жүргізгенде жекелілік, даралық әдістерді, қағидаларды қолдану қажет болады. Оларға сабақ кездерінде жеке тапсырмалар беру, үй тапсырмаларын бергенде ерекшеліктерін ескеріп, басқадай тапсырмалар беру секілді жұмыстарды дене тәрбиесі мұғалімдері ескерсе дұрыс болады.
Орта мектеп жасындағы оқушылармен жұмыс жүргізудің тағы бір әдістемелік ерекшелігі – олардың жыныс ерекшеліктерін ескеру. Қазіргі кезде ол ерекшеліктерге өте жоғары деңгейде мән берілуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 21 маусым 2002 жылғы № 506 бұйрығында: «5-сыныптан бастап дене тәрбиесі сабақтары қыздар мен ұлдар арасында бөлек жүргізілуі керек», - деп жазылған министрліктің осы бұйрығы жалғасын тауып, жергілікті және ауылдық жерлердегі мектептердің спорттық базалары жақсарып, құрал-жабдықтары көбейіп, жыныс ерекшелік ескеріліп, дене тәрбиесі сабақтары ұлдар мен қыздар арасында бөлек жүргізіліп жатса өте дұрыс болар еді.
Бастауыш сыныптарда төзімділікті дамытқанда, ағзаның анаэробты мүмкіншіліктеріне үлкен талаптар қоймайтын бір қалыпты және ауыспалы қарқында орындалатын жаттығулар қолданылады. Олар: ұзақ және қатты қарқында орындалатын қозғалмалы ойындар, біртіндеп ұзаратын қашықтыққа: 300, 500, 700, 1000 м-ге жүгіру, 2000 метрді жүгірумен жүруді алмастыра өту т.с.с.
Орта сыныптарда 200-400 метрге қарқынды жүгіруге көп маңыз беріледі. Ақырын және орта қарқында жүруді алмастырып 2-3 шақырымға жүгіру, шаңғымен 3-5 шақырымға жүгіру т.с.с. жаттығулар қолданылады.
Жоғары мектеп оқушыларына кросс дайындықтары, 3-5 шақырымға жүгіру, шаңғымен 5 шақырымға жүгіру, өзгермелі және қайталап жүгіру жаттығулары қолданылады.
Икемділікті дамытқанда жас ерекшеліктері үлкен рөл атқарады. Бастауыш сынып оқушыларының буын жылжымалылығын дамыту жоғары сынып оқушыларына қарағанда оңай. Сондықтан да бастауыш сыныптарда оны дамытып, жоғары сыныптарда сол дамыған деңгейде сақтап қалу міндеті тұрады.
15-20 жастан кейін жас ерекшеліктеріне байланысты қозғалыс амплитудасы азаяды. Енжар икемділіктің көбеюі 9-10 жаста, белсенді 10-14 жаста байқалады. 15-17 жас – икемділікті жетілдірудің ең соңғы межесі. Қыз балалардың буындарындағы қозғалмалық ер балаларға қарағанда 20-30 % көп, сондықтан жүктемені оларға көбірек беруге болады.
Оқушының жаттығуларды орындаушылық қабілеті, ол дене әзірлігі жағынан қаншалықты дайын болуына байланысты. Мұғалім осы бағытта оқушылардың бойындағы ізденушілік, белсенділік, жинақылық сияқты қасиеттерін дамытуға ұмтылуы тиіс.
Әрбір мұғалім балалармен жұмыс істеуде өз мүмкіндігі мен жұмыс жағдайына қарай жол іздейді. Ауыл мектептерінде бұл жолдарды шешудің өзіндік жолы мен мүмкіндіктері, ерекшеліктері бар.
Жыл бойы ашық ауада өткізілген дене жаттығулары ағзаның шынығуы үшін тиімді, шыныққан ағза суық тиіп аурудан қорғайды және кез-келген ауруға қарсы тұратын болады.
Мектеп жанындағы ашық спорт алаңдарында орындалған дене жаттығулары мен ойындар оқушылардың дене бітімінің жан-жақты дамуына, дұрыс мүсін қалыптасуына жақсы әсерін тигізеді.
Таза ауада жаттығулар өткізу оқушылардың қозғалыс дағдыларының шеңберін кеңейтеді. Балалар табиғи кедергілерден өтуге, жаңа жағдайға бейімделуге үйренеді, өзіндік белсенділігін таныта бастайды. Таза ауадағы дене жаттығулары балаларды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуға ықпал етеді. Қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастырады.Мұндай сабақтарға дайындала отырып, оқушылар сабақ өткізілетін орынды таза ұстауға үйренеді және өздерінің күштерімен әртүрлі шағын құрал-жабдықтар дайындауға дағдыланады. Бұның бәрі дене тәрбиесі сабақтарының тәрбиелік және білімділік мәнін барынша арттырады.
Дене тәрбиесі сабағының балалар үшін ең қызықтысы – бұл жарыс түрінде өткізу. Оған қатысқан оқушы жоғары көрсеткішке жетуге ұмтылады, жеңіске жетеді, бұл қажетті психологиялық және дене қабілеттерінің (күш, ептілік, икемділік, жылдамдық, шыдамдылық) дамуына көмегін тигізеді.
Мұғалім мектеп бағдарламасы және жеке өзінің іс-тәжірбиесі негізінде жас ерекшеліктеріне қарай, әрбір жеке оқушы үшін қажетті білім деңгейін анықтай алады. Өзара пікірлесулер оқушылардың хабарламалары, рефераттар жазу оқушының дене шынықтырумен саналы түрде шұғылдануына ықпалын тигізеді.
Теориялық сабақтар далада ауа-райының жағдайына байланысты жоспарлы немесе арнайы сабақ ретінде өтілуі мүмкін. Мұндай кезде мұғалім алдын-ала таңдап алған теориялық материалын пайдаланады, ол материалдың барлық уақытта жанында жүргені дұрыс. (күтпеген қолайсыз жағдайларға дайын болуы керек)
Дене жаттығуларын үнемі жасау, ағзада болып жатқан морфофункционалдық, психо-педагогикалық, физиологиялық процестерді білуге мүмкіндік жасайды, оқушының өздігінше жұмыс жасауына белсенді ықпал етеді. Оқушылардың теориялық курсты меңгеруі үшін керекті әдісті мұғалім өзі жасайды. Мұндай бақылауды сауалнама жүргізу арқылы, сұрақтарға ауызша жауап беру арқылы, бақылау жұмыстары, практикалық тапсырмаларды орындау түрінде өткізуге болады.
Ауыл мектептері – оқушыларды дене шынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндік беретін бірден-бір орын. Бос уақытты тиімді өткізетін мекеме екендігі және ауылдың интелектуалдық-мәдени өмірдің бірден-бір орталығы. Өндіріс орталықтарының, спорт пен дене тәрбиесімен шұғылданатын материалдық базасы бола бермейді, ал мектеп ауылдағы дене шынықтыру мен сауықтыру орталығы сипатында да қызмет етеді.
Мектептегі дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруда бүкіл педагогикалық ұжым қатысады, ата-аналар, оқушылар бұрынғы мектеп бітіруші түлектер тартылады, олар тек көрермен ретінде ғана емес, сонымен бірге спорт төрешілері де бола алады.
Спорт пен дене тәрбиесіне байланысты мұндай сабақтарды жақын орналасқан көрші мектеп оқушыларын да қатыстыра өткізген пайдалы. Ол балалар өміріне өзгеріс енгізеді, іс-шараға қатысушылардың қызығушылықтарын арттырады, эмоциялық күйін жақсартады, байытады, оқушылардың қарым-қатынасын қалыптастырады. Жеке тұлға ретінде дамуына оң ықпал етеді. Балалардың белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін тануына жағдай туғызады.
Мұғалім оқушыларға күделі жаттығу элементтерін үйреткен кезде оқушыға тікелей әсер ететін тәсілдер пайдалану ұсынылады (көмек көрсету, қолдау, сақтандыру т.б.) Гимнастика сабақтарына «Қозғалмалы ойындар» бөлімінің материалдарын енгізген тиімді болады. Бұл ойындар оқушылардың өмірінде кездесетін қиыншылық сәттерді жеңе білу мүмкіндігін қарастырады.
Мектептерде дене тәрбиесі сабақтарын табысты өткізу үшін келесі қағидалар тұрақты сақталуы тиіс.
· оқушыларды кез-келген сабаққа ұйымдастыру кезінде оқу материалы осы сыныптың оқу бағдарламасына сай болуы тиіс;
· нақты жағдайларға қарай, сабақ жүргізудің әр түрлі әдістерін барынша жан-жақты қолдану қажет;
·әр сынып оқушыларының жаттығуларын жас ерекшеліктеріне сәйкестендіріп міндетті түрде іріктеу керек.
· бастауыш сынып оқушыларына үлгі ретінде жоғарғы сынып оқушыларының жаттығу орындау және ойындардағы іс-тәжірбисін шебер пайдалану қажет;
· барлық оқушылардың жаттығуларға, қимыл-қозғалыстарға белсене қатысуына зор көңіл бөлген дұрыс;
· сабақ жүктемесін жаттығу, ойын дәрежесіне сай реттеп отыру керек.
· бағалау, бақылау, қателіктерді дер кезінде түзеп отыру қажет.
Осы аталған қағидалар мен сабақ өткізудің әдістерін мұғалім дене тәрбиесі сабағында тиімді қолданған жағдайда оқушылардың қозғалыс дағдылары қалыптасып, денсаулықтары нығайып, дене қабілеттері дамып, жетіледі.
Қимыл-қозғалыс ойындарын дене тәрбиесі сабағының барлық бөлімдерінде жүргізуге болады. Ойын кезінде оқушылардың жағымды эмоциялық күйі жоғарылайды. Ойын балаларға қашанда қуаныш әкеледі, сондықтан тәртібі нашар оқушыларды да ойыннан шығарып тастауға болмайды.Сондықтан тәрбие аспектілерін шешуге қимыл-қозғалыс ойындарының тәрбиелік мәні зор. Мектептерге ойын таңдау дене тәрбиесі сабағындағы өте қажетті шарт болып табылады. Бұл көптеген тәрбиелік және қозғалыстық міндеттердің шешімі болады. Сондықтан сабақ жоспарына енгізілген барлық қозғалыс ойындарын олардың жасы мен жынысына қарамай үлкен табыспен барлық сынып оқушыларына жүргізгенде ғана нәтижелі болады.
Күшті дамыту үшін жоғарғы қарсылық жаттығулары қолданылады. Олар екі топқа бөлінеді:
1. Сыртқы қарсылық жаттығулары. Сыртқы қарсылықтарға: әр түрлі спорт құралдарының салмағы (штанга, гирлер, батпандар т.б.), серігінің қарсы әрекеті (жұптық жаттығулар), сыртқы ортаның қарсылығы (құмда, қарда, суда жүгірулер т.б) жатады.
2. Өз салмағының ауырлығын басқару жаттығулары ( белтемірде тартылу, еденнен итерілу, отырып-тұрулар, секірулер т.б.).
Ауырлық шамасын білу үшін спортшы неше рет көтере алатыны белгілі салмақ қолданылады. Ол салмақты қайталау шегі (ҚШ) деп аталады. Мысалы, 2 ҚШ дегеніміз – спортшы екіден артық, көтере алмайтын салмақ.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде күшті дамытудың көп әдістері бар:
Жоғарғы күш салу әдісі. Бұл әдіс кезінде жаттығулар аса ауыр салмақты заттармен орындалады (ауыр салмақты штанганы көтеру, салмақ қосып тартылу т.б.) Жүйке бұлшық ет аппаратының жұмысы шегіне жете қолданылып, сол арқылы күштің көп өсуіне мүмкіншілік береді. Алайда, бұл әдіс психикалық ширықтыруға соқтырады да, балалармен жұмыс істегенде байқап қолдану керек.
Жоғарғы күш салу әдісін қолдану сипаты мынандай: Қарсыласу шамасы 1-4 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 90-100 %) бір жаттықтыру сабағында 3-4 тізбекпен орындалады. Орындау аралығында тынығу, спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келгенге дейін, 3-5 минөтқа дейін созылады.
Қайталап күш салу әдісі. Бұл әдіс екі негізгі ауырлық шегі аймақтарына бөлінеді, әрбір аймақта жаттығу әбден шаршағанша немесе көтеруге шамасы келмей қалғанша орындалады. Бұл жағдайда соңғы әрекеттерде күш түсірудің шегіне жету әсері байқалады, жаттығуға көптеген бұлшық еттер саны қатысып, көмектесе бастайды.
Бірінші аймақ: жаттықтыру сабағында қарсыласу шамасы 4-12 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 50-80%) 3-6 тізбекпен орындалады. Тізбек арасындағы тынығу – 2-4 минөт. Мұнда спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келмейді. Бұл жерде абсолюттік күш және күш төзімділігі дамиды.
Екінші аймақ: қарсыласу шамасы 13-20 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 30-60 %) 2-4 тізбектен артық қолданылады. Тізбек арасындағы тынығу - 2-4 минөт. Мұнда күш төзімділігі дамиды, жаттығу өте тез қарқында орындалса күш жылдамдығы қасиеті дамиды.
Қайталап күш салу әдісі балаларды зақымдандырмайды, жаттығу техникасын дұрыс орындауға көмектеседі, зат алмасу үрдісін жақсартады, бұлшық етті өсіреді. Жеке бұлшық ет топтарын дамыту үшін қолдануға болады.
Статикалық (қозғалмайтын) күш салу әдісі. Қатаю ұзақтығы бір орындауда 6-8 секөнд, күш салу шамасы 70-тен 100 %-ға дейін. Бір жаттығу сабағында 3-5 рет қайталанады, тынығу аралығы әрбір қатаюдан кейін – 30-60 секөнд. Бұл әдіспен жаттығу кезінде жоғары күш жақсы дамиды.
Балалар мен жасөспірімдердің күштерінің өсу қарқыны сүйек-бұлшық ет жүйелерінің морфофункциялық өзгеруіне, организмнің жалпы биологиялық жетілуіне, қозғалыс белсенділігі деңгейіне т.б. көптеген себептерге байланысты. Сүйек-бұлшық ет аппараты өзінің даму шегіне 18-20 жаста жетеді. Сондықтан бастауыш және орта мектеп жасындағы оқушылардың күштерін дамытуды жылдамдатуға болмайды. Статикалық жаттығуларды шектеп, жалпы қозғалыс сипаттағы жаттығуларды көп қолдану қажет.
Кіші және орта мектеп жасындағы балалардың күш дайындығының негізгі міндеттері – барлық бұлшық ет топтарын үйлесімді дамыту, дененің түзу, дұрыс қалпын қалыптастыру, берік, «бұлшық ет құрсауын» құру.
7-8 жастағы балалардың күшін жетілдірудің қарапайым амалдары: гимнастикалық қабырғаға, таянатын сатыларға өрмелеу, допты көп лақтыру, секіру, жеке сайыс элементтері бар қозғалмалы ойындар ойнау және т.б.
10-11 жастағылардың күшін дамыту талабы артады: нығыздалған доппен жаттығулар, арқанға өрмелеу, күш түсіретін қозғалмалы ойындар ойнау т.б. қолданылады.
12-13 жаста күшті арттыру амалдарын көбейтуге болады. Бұл жастағыларға арнайы құрастырылған, бұлшық ет топтарына арналған, аз ғана ауырлықтармен, қозғалыс сипатында күш жаттығуларының кешенін беруге болады.
14-15 жастағы жасөспірімдердің денеге күш түсіретін жаттығулар жасауға шамалары жетеді. Осы жастан бастап күшке бағытталған жаттығулар беруге әбден болады. Осы міндеттерді орындау үшін дене тәрбиесі сабақтарында нығыздалған доптармен жаттығу, айналмалы, шеңберлі жаттығулар, арқан тартысу сияқты күш ойындары т.б. қолданылады. Жаттығулар динамикалық, статикалық сипаттарда орындала береді.
Абсолюттік күштің табиғи өсуі бозбалаларда 16-17 жаста, қыздарда 10-11 және 16-17 жаста айқын байқалады. Осы кезеңдерде жүргізілген оқушылардың күш дайындығы үрдісі олардың ағзаларының жедел жетілуіне көмектеседі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Гужаловский А.А. Основы теории и методики физической культуры. – М .: ФиС., 1986.
2. Мамытов А. Теория спорта. – Бишкек: ЫГУ им. Тыныстанова, 2005.-234 с.
3. Уанбаев Е.К., Уанбаева Ф.Ж. Дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі. - Өскемен: ШҚМУ баспасы, 2006. – 270 б.
4. Уанбаев Е.К., Уанбаева Ф.Ж. Мектептегі дене тәрбиесі жұмыстарын жоспарлау, бақылау және есепке алу. - Өскемен: БАЙ баспасы, 2006. – 225 б.
5. Холодов Ж.К., Кузнецов В.К. Теория и методика физического воспитания и спорта. – М.: 2002. – 478 с.
6. Холодов Ж.К. Кузнецов В.К. Практикум по теории и методике физического воспитания и спорта. – М.: Академия. 2001. – 143 с.