Білім анасы – еңбек. Ол төрт аяқты тағыны екі аяқтыға айналдырды, қолымен қозғап, миымен ойлап, тілімен сөйлейтін етті. Еңбек үстінде туған практикалық білімдер әкеден балаға мирас болып, ғасырлар бойы қорланып, ғылым сарайын құрастырды. Сол сарайдың асыл мұраларының бірі болып саналатын математика ғылымы да өмір жолымен тығыз байланысты. «Математика» гректің ғылым, ілім сөзінен алынған. Математика жүйеленген, орнықты, үнемі дамуда болатын және мазмұны ғасырлар бойы өзгеріске ұшырамаған ғылым. Мысалы, «Евклид геометриясы», «Пифагор теоремасы», «Пифагор сандары», «Архимед аксиомасы» тағы басқа еңбектер математиканың тарихы қалыптасуын сипаттайды және оның құдіреттілігінің бір көрінісі болып табылады. Математиканың заңдары мен ережелері табиғаттан, өмірден алынған және бүкіл адамзатқа ортақ!