Полимәдени білім беру кеңістігін құрудағы педагогтің ролі: дәстүр және тәжірибе
ЭТНОПЕДАГОГИКА ЭЛЕМЕНТТЕРІН МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУДА ТИІМДІ ПАЙДАЛУ
Нурбергенова Индира Татарбековна
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің математика пәнінің оқытушысы
Зерттеудің мақсаты:Оқушыларға жаратылыстану ғылымдарын меңгертудегі математиканың «жетекші» дәрежесін жеке тұлға болып қалыптасудың шешуші факторы – ұлттық тәрбие негізінде дәріптеудің тиімді жолдарын ғылыми тұрғыда жүйелеу.
Зерттеудің теориялық маңызы:сабақты біртұтас үдеріс деңгейінде өткізуді зерттеу және жетілдіру әдістемесі жасалған, оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты бастауыш сыныптарда халық педагогикасы элементтерін пайдалана отырып оқыту әдістерінің негізі анықталған. Зерттеудің тәжірибелік маңызы:зерттеу жұмысының қорытындысы мен алынған нәтижелер бастауыш сыныпта білім беру үдерісінде математикаға деген қызығушылықты халық педагогикасымен ұштастыру мақсатында іс-тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Зерттеудің құндылықтарын білім беру ісінің қызметкерлеріне, мектеп директорларына, мұғалімдер мен әдіскерлерге, мектепке дейінгі оқу мекемелеріне, білім беру саласындағы бағдар беретін барлық оқу орындарына пайдалануға болады.
Зерттеуден алынған нәтижелер мен тұжырымдардың шынайылығы мен негізділігі қамтамасыз етіледі:
математика сабағында халықтық педагогика элементтерін пайдалану жөніндегі теориялық жұмыстар нәтижесіне сүйене отырып;
тәжірибелік-педагогикалық әдістемелердің көлемі мен статистикалық маңызы;
зерттеудің сапалық және сандық реттілігінің өзара байланысы;
математика сабағының тиімділігін қамтамасыз ететін әдістемелік шарттар жиынтығы.
Кейінгі жылдары біздің елімізде ортақ стандарттармен бірге аймақтық ерекшеліктерді ескеру ерекше маңызға ие болуда. Аймақтық білім беру ұлттық мәдениет байлықтарын жергілікті салт-дәстүрлерді қоғамдық құндылықтар мен басымдықтарды қамти отырып, білім берудегі адам факторының ролін күшейте түседі, оқушылардың рухани мәдениетінің дамуы мен олардың шығармашылық белсенділігін, дербестігін, зиялылығын өзектендіреді. Қазіргі заманның маңызды мәселелердің бірі – қоғамның жастар біліміне деген әлеуметтік тапсырысы арқылы жалпы білім беру жүйесінің деңгейін анықтау екендігі белгілі. ҚР «Білім туралы заңына» сәйкес білім берудің ізгілікті сипатын, тұлғаның еркін дамуы мен жалпы адамзаттық құндылықтарды ескере отырып, жалпы білім беретін мектептің негізгі міндеттерінің бірі - өзгермелі өмірдің жағдайларына тез бейімделуге қажетті белгілі бір білімдер жүйесі мен тұлғалық қасиеттерді оқушылар бойында қалыптастыру болып табылады.
Ұстаздық өмірдегі тәжірибемде оқыту барысында алдыма қойған мақсатым – оқушыны субъект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу, ойлау дағдыларын жетілдіру, сол үшін өзіме әдістемелік тақырып қылып «Этнопедагогика элементтерін математиканы оқытуда тиімді пайдалану» - деп алдым. Осы мақсатпен оқушының ойлау қабілетін дамыту негізгі ұстанымым болып табылмақ.
Математика пәнін оқытудың жаңа әдістемелік жүйесі, колледжде пәнді оқытып үйретудің тиімді жолдарының бірі оқушылардың іс - әрекеттерін белсендендіру мен білім алуға құштарлығын арттыру. Осы тұрғыда колледжде оқытуды ұйымдастыру мәселесіне, оқу – тәрбие жұмысының деңгейін көтеруге және оның беделін жоғарылатуға көңіл бөлу қарастырылған. Қазіргі кезде оқытудың тиімді әдістерін зерттеп, оны іс жүзінде қолдануға ұсыну күрделі мәселелердің біріне айналды. Оқушыларды қоршаған орта заттарымен, құбылыстарымен таныстырып, олар жайында ғылыми ұғымдарын жүйелеп, көзқарастарын қалыптастыруда математика пәнінің мәні зор.
Этнопедагогика ұғымын айналымға тұңғыш енгізген чуваш ғалымы Г.Н. Волков. Этнопедагогика – халықтың тәрбиелік тәжірибесін, оның көзқарасын зерттейтін ғылым, сонымен қатар тұрмыстық педагогикасы, ұлт, ру, тайпа педагогикасы туралы ғылым. Зерттеу объектісі халықтың тәлім-тәрбиесі жөніндегі ұғым түсініктері, дәстүрлері, тәжірибесі болып табылатын ғылым саласы ретіндегі этнопедагогика қалыптасу, даму үстінде.
Математика сабағында этнопедагогика элементтерін қолдануқазіргі қоғамымызда болып жатқан түбірлі өзгерістерге байланысты әрбір мұғалім оқытудың сан қилы әдістері мен формаларын білуі қажет. Сабақ барысында шәкірттің білімге құштарлығын арттыру, өздігінен ойлау қабілетін жандандыру, еңбек етуге баулу, жауапкершілік сезімін қалыптастыру мұғалімнің басты талабы.
Дегенмен, педагогикалық, психологиялық және оқу әдістемелік әдебиеттерді, арнайы зерттеулерді талдау нәтижесі бүгінгі күнге дейін этнопедогогиканың жолын теориялық негіздерімен тәрбиелік мәселелеріне баса назар аудару, математика пәнін оқытуда халықтық – педогогика элементтерін пайдалану әдістемесінің назардан тыс қалып бара жатқанын көрсетеді.
Әр оқушының қалыптасып дамуында, өздері күнбе – күн өмірден сезілетін, еститін, көретін заттары мен құбылыстары, оқиғалары үлкен орын алады. Соның ең негізгісі – қазақтың халықтық педагогикасы. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін, танымдық мұрасы, салт – дәстүр, әдеп – ғұрып, аңыз ертегілері, жұмбақ, мақал – мәтелдер, өлең – жырлары, ұлттық ойындары ерекше тәрбиелік мәні бар баға жетпес қазына.
Математиканың адам ойын дамытудағы рөлі жайлы А.И.Маркушевич: «Математикамен бала күнінен айналысқан адамдар өзінің ілтипатын дамытады, миы мен еркін жаттықтырады, көздеген мақсатына жеткізетін жігер мен табандылықты қалыптастырады». Десек те, математика оқушының ақыл-ойын өзінен-өзі тәртіпке келтіреді деуден аулақпыз, оқытудың бағытын, оқытудың тәсілдерінің тиімді жүргізілуінің алғышарттарын негіздемекпіз. Математика сабақтарында халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі өмір тәжірибесінен, салт-дәстүрлерінен, шаруашылық жүргізу тәсілдерінен, ұлттық табиғи, экономикалық, экологиялық ерекшеліктерді тиімді қамтып отыру, математикалық білімнің өзіне тән: ақыл алғырлығы, зерттеу ынталылығы, заңдылықтарды табуға қызығушылығы, дәлелдеуді логикалық ой тұжырымы арқылы іске асыруы, дедуктивтік ой қорытындылауы, жалпылама және ықшамды пікір айтуға ұмтылуы сияқты сапалы сипаттамаларының басымдылығына ықпал етуімен қатар дамытуға қозғаушы күш береді. Осы арқылы математикалық ілім-білімге тән ынталылық, қызығушылық, логикалық ойлай білу, ықшамдылық, сапалылық қалыптасады.
Халық ойындарын математика сабағында пайдалану оқушының алған білімін күнделікті өмірмен берік ұштастыра түсуге қолайлы мүмкіндік жасайды. Математика сабағында халық ойындарын қолданудың түрлі жолдары бар. Мысалы, ойын сабақтың басында, не ортасында, не соңында қолданылуы мүмкін. Ойынды сабақтың басында қолдану жаңа сабаққа немесе сұралатын үй тапсырмасына оқушыларды түгел қатыстыру мақсатын көздейді.
Егер ойын сабақтың ортасында қолданылатын болса, онда мұғалімнің мақсаты – оқушылардың көңіл-күйлерін сергіту, шаршағанын ұмыттырып, ерік-жігерін дамыту.
Ойын сабақтың соңында тақырыпты бекіту не сол сабақтан алған білімді жинақтау мақсатында пайдаланады.
Ұлттық ойындарды өткен сабақтарды қайталау кезінде де қолдануға болады. Ол жағдайда ойын элементтері сабақты түрлендіріп, мазмұнын байыта түседі, оқушылардың бойындағы білуге деген талпыныс пен құмарлықты оятады, балалық қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі, өмір тәжірибелерін толықтырады.
Ұлттық ойынының бұл қасиеттерін халық ерте танып, өмірлік мәні зор ойындардың алуан түрлерін ойлап шығарған. Қазақ халқы – халық ойындарына өте бай және оның түрлері де алуан салалы болып келеді. Солардың бір парасы логикалық ойлау мен математикалық сызбаларға негізделсе, енді бір тобы тез ойлап, жедел шешуді талап ететін ауызша есептер, сондай-ақ философиялық ой түйіндерін жасауға арналған ойындар болып келеді. Біздің пікірімізше, бұл ойындар күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қайта жүйелі, тиімді пайдалана білсе, жастардың ой-өрісін дамытып, дүниені танып, білу қабілеттерін кеңейте берері сөзсіз.
Логикалық есептер – кеңірек ойлануды қажет етеді. Есептің жауабы бір немесе бірнеше болуы мүмкін. Есептің бұл түрі мұғалімнен де, оқушыдан да аңғарымпаз болуды талап етеді. Логикалық есепті шешу қатаң дәлелге сүйеніледі. Сондықтан мұнда қысқа есептей салу, көрнекілікпен астарластыру болуы ықтимал. Мұндай есептер логикалық ойлауға, қиялдауға, ұстамдылыққа, еңбектене білуге тәрбиелейді.
Біздің ойымызша, математика сабағында шешілетін есептер мына бағытта болуы керек: математикадан бастауыш сыныпта өтілетін, бірақ қиын шығарылатын есептер мен тапқырлықты талап ететін логикалық есептер астарласып келуі тиіс. Берілетін есептер оқушылардың жас шамасына шақталып, оқушыны жасытпай, қайта жігерлендіретін, математикалық инициативасын арттыратындай түсіндіруі жеңіл, тұжырымдалуы қысқа болғаны жөн. Есеп зерделікке, қиялдауға, логикалық ойлауға, тапқырлыққа, байқампаздыққа, есепті шешу тәсілдерін меңгеруге тәрбиелейтіндей болуы керек. Сондай-ақ, есеп өмірден алынатындығын танытатындай болуы қажет.
Халықтық педагогикамен ұлттық психология тағылымдарын пайдалана отырып, математика пәнінің әр тарауларынан өткізілген сабақ түрлері оқушылардың пәнге қызығушылығын, белсенділігін арттырып, тарауды пысықтау кезеңін саналы өткізуге, материалды толық меңгеруге көмектеседі. Сонымен бірге оқушылардың ойын дамытып, өзіндік пікір айтуға үйретеді. Оқушыларды құрғақ жаттандылықтан бойын аулақ салып, дербес ойлап, әрекет етуге жетелейді.
Халық педагогикасыныңтағылымдарын математика сабақтарында қолдану – оның білімдік және тәрбиелік мақсаттарын жүзеге асырумен қатар, халқымыздың салт – дәстүрін қастерлеп, оқушыларды ұлттық мақтаныш рухында тәрбиелеуде зор мәні бар.
Мысалы, мынадай логикалық есептерді оқушыларды ойлауға үйрету арқылы ізденулеріне, ұлттық салт - дәстүрлерді еске түсіріп отыру үшін пайдалануға болады.
Халық есептері: «Табақ тарту»
Ақжол дейтін кісінің үйіне қонақ келді. Шайдан соң қонақтарға табақ тарту кезінде Ақжол жұбайына келіп, «Екеу ара табақ тартсаң, онда бір табақ ет артылып қалады, не істеу керек?» - деген екен. Сонда қонақ қанша, табақ қанша?
Жауабы: 12 қонақ, 5 табақ
Математиканы оқыту әдістемесінің мақсаты математика мазмұнының ерекшелік сипатына лайықты сабақта оқыту әдістерінің тиімді тәсілдері мен әдістемелік амалдарын қолданудың жолдары мен түрлерін анықтау.
Сабақтың жүргізілу барысы оқытушының педагогикалық шеберлігі мен шығармашылық қабілетіне байланысты.
Сабақтан тыс шара «Математика – ғылымдар патшасы» сабағында оқушыларды «Математика Патшасы», «Математика – ханшайымы» образына енгізіп, олардың білімін тексеріп, геометриялық фигураларды пайдаланып, өмірде кездесетін нәрселерді жасау және әдеби образдары көрсету арқылы түсіндіру. Шығармашылықпен ойлап есептеуге, құрастыруға, өзара көмек көрсете отырып, шығармашылық жұмыс істеуге тәрбиелеу. (Сабақтан көрініс – видеоролик: қызықты айтыстар мен көріністер)
«Көпжақтар», «Айнау денелері» тақырыптарын өткенде: (әр түрлі оқиға ойластыруға болады)
- Ертеде үшбұрыш болыпты. Бірақ шынын айтсақ ол көбінесе көңілі жабырқаңқы жүретін. Міне осылай оған көрші болып шаршы да жүрді. Адамға орманнан шығуына көмектесе алмаған соң, ол өзін - өзі керексіз, жарамсыз деп сезінді. Осылай өмір сүріп жүргенде, ол бір күні үшбұрышқа хат жіберуге шешім қабылдады. «Құрметті үшбұрыш! Әрқайсымыз жеке өмір сүрсек, ештеңеге жарамаймыз – деп жазады ол, - ал бірге қосылсақ, бірдеңеге жарап қалармыз. Осыған қалай қарайсыз?»
Үшбұрыш оған былай деп жауап берді: «Құрметті шаршы! Менің ойымша белгілі бір мақсатпен өмір сүріміз керек». Сөйтіп олар екеуі қосылып, белгілі мақсатты өмір сүрді. Сонда не шықты? (үй шығады)
Қорытынды Математикалық білім беру саласындағы болып жатқан өзгерістер соңғы жылдары педагогикалық білім алатын болашақ мамандарға, олардың кәсіби дайындықтарына елеулі талаптар қоюда. Әсіресе, бастауыш сыныптарда математикалық білім алуға қойылатын талаптар күрделі де сан-салалы болып отыр. Математика пәнін оқыту әдістемесінде этнопедагогика элементтерін қолдану және ұлттық ерекшеліктерді есепке алу маңызды проблемаларлдың бірі болып саналады. Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту мектепке сабақ және сабақтан тыс жүргізілетін сабақтар формасында жүзеге асырылады
Қолданылған әдебиеттер тізімі 1. Аймағамбетова Б. Көңілге қонған көрнекілік / Б. Аймағанбетова // Бастауыш мектеп. - 1989. - № 8.-14-17 бет. 2. Бантова М.А. Бастауыш кластарда математиканы оқыту методикасы / М.А. Бантова .- Алматы: Мектеп, 1978. 3. Баржықпаева С. Көрнекілікті тиімді пайдалану / С.Баржықпаева // Бастауыш мектеп.- 1991.-№ 8.- 46-48 бет.