Просмотр содержимого документа
«Сыни ойлау ар?ылы ш?кірт ойын шы?дау »
Сыни ойлау арқылы шәкірт ойын шыңдау
Заманауи кез-келген жаңашыл мұғалім: «Қайтсем жақсы оқушы тәрбиелеймін? Қандай әдісті қолдансам білімді бала көкейіне қондыра аламын»- деген толғаныста үнемі жүреді. Мен бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, өз сабақтарымда оқушыларға ой тастарлықтай сұрақтар қойып, тапсырмалар беріп нәтижесін асықпай бақылауға үйрендім. «Ойға келген елеусіз идеяда үлкен мән жатуы ғажап емес»-деген көнекөз ұстаздарымыз әрбір оқушының ойын, ортаға салған пікіріне құлақ салсаң көптеген жаңылықтар ашуға болады. Байыппен қарап, бақылаудың нәтижесінде өз ойын еркін айтатын, берілген сұрақтың жауабын өзі іздеп табатын, сол жауапты нақты дәлелдермен нақтылай түсетін, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті дамыған тұлға қалыптастырғым келеді.
Сыни ойлай алу шәкірттің кез –келген жағдайдағы мәселені ойланып-толғанып, зерттеп қорытып, өз ойын еркін, асып-саспай дәлелдер келтіре отырып ортаға жеткізе алуы. Негізінде сыни тұрғыдан ойлау, өзіндік, жеке ойлау болып табылады. Мысалы, сабақта барлық оқушыға қолыма түскен қағаздың қиындысын алып: «Осы қағаздан не істеуге болады?»-деп сұрақ қойсам, әр оқушы бүктеу немесе жырту арқылы гүл, киім-кешек, жан-жануар, құс т.б жасауға болады деп жауап береді. Адам баласы қайталанбас тұлға болғандықтан, ойлау деңгейі де әр түрлі болатынына көз жеткізуге болады. Нағыз сабақ – ол әрқашан іздене, дайындала, үйрене, шәкірттер болашағын ойлай, жас ерекшеліктерін ескере отырып жасалған еңбек пен тәжірбиенің бірлігі.
Жалпы адам баласы жаңалыққа жаны құмар келеді. Әсіресе, жас балалар ұстаздың әрбір айтқан жаңа мәліметін қызыға тыңдап, ықыласпен көріп білім қоржынына жинақтайды. Жаңа сабақты оқушыға түсіндірмес бұрын, оқушылардың жаңа сабаққа қызығушылығын арттыру керек. Мысалы, дүниетану пәнінен көмір тақырыбында сабақты түсіндіргенімде, қарапайым үйдегі пеш, ол қалай жылынады? Отынның қандай түрлері бар? көмірді көргендерің бар ма? тағы қандай отын түрлері бар? сияқты сұрақтар қоюға болады. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.
Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл модулдің ерекшелігі мағынаны тану. Оқушы мағынаны түсіну барысында, жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. INSER арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады .
Сыни ойлау модуліндегі ең маңызды кезең ой толғаныс болып табылады. Оқушының ішкі толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі қатесін біліп, жөндеп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.
Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.
Сабақта оқушыға білім дайын күйінде беріле салмау керек. Кез-келген зат еңбекпен келгенде ғана құнды болады. Мұғалім шеберлігі арқылы баланың білімді игеруге қызығушылығын ояту қажет. Ал ол сұрақ әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы баланың алдына жан-жақты мақсат қойып, іске асыруына жол көрсетеді.
Өз сабақтарымда оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау модулін қолданудамын. Сын тұрғысынан ойлауда оқушы болжайды, зерттеп, қорытып, өз ойын жеткізеді, негізін ашады, сұрыптайды, талқылайды,, сын көзбен қарайды,пікірін дәлелдейді, пікір алмасады, ортақ пікірге келеді, мақсатқа жетеді, өзін – өзі басқарады, топпен жұмыс істеуге үйренеді. Сонымен қатар, өзінің және сыныптасының жан дүниесіне үңіледі, сыни ойлауын одан әрі ойлауды дамытады, өмірге деген қызығушылықты артырады, кез – келген сабақты меңгере алады, оқушы өзін – өзі тәрбиелейді.
«Ой анық болса, сөз өзі сұранып тұрады.Сондықтан баланы ойлау тәсілдеріне ертерек үйрету керек, деректерден ой түйіндетіп, бақылаушылықты, таңданушылықты дамыту жолдарын кеңейткен дұрыс, сонда бала тілге жетік болып, сөз қоры дами түседі»-деп сөзімді аяқтағым келеді.
Бақтыбаева Мөлдір Балғабайқызы Жақсы №1 орта мектебі