Просмотр содержимого документа
«Ашық тәрбие сағаты «Күнделікті позитивті ойлан!»»
Батыс Қазақстан АТиСО академиялық колледжі
Тақырыбы: «Күнделікті позитивті ойлан!»
Ашық тәрбие сағаты
Орындаған 545 топ кураторы
Сатмагамбетова С.Ғ.
Орал - 2014
Ақыл деген алтын тау, шың-құзы бар не түрлі,
Ақыл – панаң, сақтаушың, ұлы қорған секілді.
Ауыздықта сезімді, өз нәпсіңді тия біл,
Өзіңді-өзің билеуің – нағыз дәулет, сірә бұл.
Соңғы жылдары елімізде адамдардың өз-өзіне қол салу әрекеттері жиі орын алуда. Көпшілікті алаңдатып отырған осы дерттің мектеп оқушыларын да жағалауы дабыл қағарлық жағдай. Заман өзгеріп, техника, технология прогресі қарқынды жүріп, қоғамның қажеті толық өтеліп дамыған сайын адамзат өмірінің қуанышы мен рахаты арта түсудің орнына қиындығы мен қайғысы молайып, шешімін таппас қарама-қайшылыққа ұшырасып жатыр. Неге? Бәрі де адамгершілік ғылымын екінші орынға ысырып қойғанның кесірінен болып отыр ма деген ой қылаң береді.
Суық ғылымға сүйенгендіктен, техника текетіресіне тірелгендіктен адам баласының жан сұранысы қанағаттанбайды. Содан болар, кей жағдайда адамдар бұл өмірдегі түрлі тығырықтан, қиындықтан шығар жол ретінде тек өзіне-өзі қол жұмсауды таңдайды. Бұл қатерлі құбылыстың біздің қоғамда белең алып бара жатқаны алаңдатпай қоймасы анық. Суицид — тәннің ауруы емес, адамның ішкі жан дүниесінің ауруы.
Соңғы уақытта өз-өзіне қол жұмсаған қыз-бозбалалардың көбейіп кеткені мәселені тереңнен талдап, тығырықтан шығудың жолдарын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Өйткені суицид туралы айтқанда, ең алдымен статистика ауызға алынып, «кім кінәлі?» деген сұраққа жауап ізделінеді. Бірақ мәселенің мән-жайына барып, себеп-салдарын анықтап, шешу жолдарын қарастыру көбіне-көп қалыс қалуда.
- Өкінішке орай, әлем бойынша Қазақстан суицид жөнінен алғашқы орындарда тұр. Адамды суицидке итермелейтін көп факторлар бар. Бұл салалық - педагогикалық, медициналық немесе әлеуметтік мәселе емес, ол - қоғамның дерті. Қазіргі кезде мүғалімдерді немесе медициналық құрылымдарды кінәлап жатады. Сайып келгенде негізгі себеп - тәрбиеде, отбасында жатыр. Ал ата-ананың сол балаға қаншалықты көңіл бөлгендігіне мән бермейміз. Әке мен баланың арасында эмоционалдық байланыс бар ма екен? Баласының мұндай қадамға барғаны ата-анасы үшін неге күтпеген жағдай болды? Ең бірінші осы сұрақтар қойылуы керек.
Балалардың психикасы өте нәзік, жаралы болып келетіндіктен кішкентай нәрсенің өзін ауқымды проблема ретінде қабылдайды. Сондықтан оларға қашан да ата-ананың түсіністігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Осы бағытта мектеп мұғалімдері мен психологтары баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, аңғара отырып, олармен жұмысты жандардыра түсуі тиіс.
Балалардың бақытсыздығына, олардың өз-өзіне қол салу әрекеттеріне баруына көп жағдайда отбасындағы жайсыздық пен мектепте түсінбеушіліктің орын алуы себеп болады. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Ал әке-шеше өз дәрежесінде көңіл бөлмейтін бала ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске тап болады. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез-келген нәрсені жүрегіне тез қабылдағыш келеді. Түсіністік болмаған жағдайда осы жас аралығындаѓы балалар түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Олардың сабаққа құлқы болмай, өзге оқушылармен де қарым-қатынасы нашарлап кетеді. Өзін ұстауы мен мінез-құлқында өзгерістердің орын алуы мұғалімді де, ата-ананы да алаңдатуы тиіс. Осы өзгерістерге бей-жай қарамай, психологтың көмегіне жүгіну арқылы көптеген проблеманың алдын-алуға болады.
Қазақ халқында өз-өзіне қол салу болған емес. Бұл заман өзгерісімен туындап отырған жағдай. Бүгінде қарасаңыз, толық емес, сәтсіз отбасылар көп. Осының бәрі өмірді әлі толық танып білмеген, ондағы қиындықтармен күресе алмайтын бала үшін ауыр соққы. Әке-шеше ажырасты да кетті, ал баланың жайы қалай болады? Ол бұны қалай қабылдайды, осыған ой жіберіп жатыр ма? Жоқ, әрине. Осыдан келіп, баланың асыла салуы немесе жаман жолға түсуі сынды оқиғалар орын алады.
Мектепте қарасаңыз, кейбір оқушылардың қолында қымбат ұялы телефон. Соны көрген басқа оқушылар да «менде неге ондай жоқ» деп күйінеді, әке-шешесіне ренжиді. Осы кішкентай заттың өзінен үлкен мәселе туындайды. Осы сияқты мектепте әртрлі жайлар орын алуы мүмкін. Бала осы жағдайдан қалай шығады, кімнен көмек күтуі керек деген сұраққа келсек, бірінші кезекте мектеп психологына жүгінуі тиіс. Оқушылар мұны тиімді әдіс деп таппайды. Сондықтан «Сенім телефондарының» жұмысын жандандырып, жолға қою қлоға алынуда. Ол қолжетімді жағдайда болуы керек. Бала кез-келген уақытта, өзін қинаған қандай проблема болсын, сенім телефоны арқылы тегін хабарласып, толғандырған сұрақтарына жауап алуы тиіс.
Өрімдей жас өзіне қол жұмсағанда ата-ана - мектепті, мектеп - ата-ананы кінәлауға бейім. Немесе балаға дұрыс білім бермеген, тәрбиесіне көңіл бөлмеген, оқушыға қысым жасаған - мектеп мұғалімдері болып жатады. Бірақ ешқайсысы да өзіне үңіліп, кінәні өзінен іздемейді, себебіне үңілмейді. Ал себебі әртүрлі болуы мүмкін. Отбасындағы кикілжіңнен бастап, адам психикасының бұзылуына дейін. «Неге?» деген сұраққа жауап іздеген кезде, ең бірінші - материалдық жағдайдың нашарлығынан деп ойлаймыз. Алайда осы мәселемен талай жылдан бері айналысып жүрген мамандар материалдық жетіспеушілік - суицидке апаратын ең соңғы себеп екендігін айтады.
Жасөспірімдер арасындағы суицид туралы кең көлемде зерттеу әлі жүргізілмеген. Сондықтан халықаралық зерттеулерге жүгінеміз. Осы зерттеулерге сүйенсек, суицидке барған балалардың айтуынша, мұндай қадамға итермелеген ең бірінші себеп - отбасындағы түсініспеушілік болған. Бұдан басқа факторлар бар әрине, дегенмен ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік бірінші орында. Сондай-ақ әке-шешенің ішкілікке салынуы да әсер етеді. Отбасында баланы қалай тәрбиелейтіні де маңызды. Егер баланы өте қатты ұстаса немесе бетінен қақпай, өз еркімен жіберсе де, мұндай тәрбие жолдары өз-өзімен үйлесім таппаған тұлғаны қалыптастырады. Екі жағдайда да бала суицидке бейім болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана ең бірінші баласын қалай тәрбиелеп жатқанына мән беру керек. Суицидке бейімділік - өмір бойы сақталатын қасиет. Ондай адам қиын жағдайларда өмірімен қош айтысып кетуі мүмкін. Жанұядағы жағдайдан басқа, тұлғааралық қақтығыстар, жауапсыз махаббат та суицидке әкеледі. Материалдық қиыншылықтар ең соңғы орында тұр, - деген қортындыға келеді. Яғни, бала үшін ақшаның жоқтығы мен қарынның аштығынан гөрі, жан жылуының жетіспеуі мен мейірімге шөлдеу ауыр.
Бесіктен белі шықпай жатып, өмірімен есеп айырысуға тырысқан жасөспірімдердің әрекеті кімді де болсын, ойлантпай қоймайды. Көргенінен көрмегені көп, бар қызығы алда саналатын жасөспірімдерді өмірімен оңай қоштасуға итермелейтін не нәрсе?..
Алайда басты проблема — жалғыздық. Егер мектепте қандай да бір проблема туындап жатса — ата-ана балаға көмек көрсетуі керек, ал отбасында проблема туындап жатса — ұстаздар балаға назар аударуы тиіс. Қазақстанда, тіпті 10 жастағы балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары тіркелген.
Қазіргі кездегі суицидтің себептер.
Әр суицидтің шығу себебі бар. Бірақ көп жағдайлардағы себеп ондай адамдардың иманының болмауы мен өмірдің қиыншылықтарын дұрыс түсінбеулерінде болады. Бұлар басты себептері. Ал басқа себептердің барлығы осы басты себептерге тікелей тәуелді. Мысалы, сүйген қызымен ұрысып, немесе аралары ажыраған жігіттің өзін-өзі өлтіруіне санасы ояу адам баласы үшін ешқандай ақылға қонымды себеп жоқ. Ақымақтықпен өз өмірін қияды.
Қаржылық жағдайлардың әсері де кей адамдар үшін суицидтің тудырушы күші болып табылады. Алайда, қаржылық қиындықтар басты себеп емес. Егер ондай қиындықтарға шыдамай өз-өзін өлтіру белең алса, онда әлемнің тең жартысы қырылып қалады емес пе?! Қиындық кімде жоқ дейсіз?! Демек, иманы мен өмірге деген көзқарасы дұрыс емес болған адам ғана мұндай уақытша қиындықтарға төзе алмай, ең дұрыс жол ретінде суицидті таңдайды.
Ренжу. Кейде жасөспірімдердің арасындағы суицид ата-анасына ренжудің салдарынан болады. Бірақ сондай ардақты жандарға ренжіп өзін-өзі өлтіру де жан дүниесінде кемістігі бар адамның істейтіні болса керек.
Қателік. Өмір болғаннан соң қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Қателіктерге ұрыну барлығымыздың табиғатымызда бар нәрсе. Қандай қателік жасасақ та суицидпен шешімін табуымыз дұрыс емес. Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Ата-анасынан қорқып қателігін жылы жауып қою мақсатында өлімге бару көзі ашық, көкірегі ояу жандардың істейтін әрекеті емес.
Көңілдің болмашы бір кірбіңінен құрдымға кетердей күй кешетін жасөспірімдер кешірімді болуды сезініп, өмірдің құнын, ата-ананың қадірін, дос-туыстың өлшемін білсе! Балалық па, әлде шалалық па тілегін орындамаған кездері әке-шешесін көрместей күй кешетіндері болады. Тірліктің қамымен жүретін ата-ананың бірде жетіп, бірде жетпей күн кешіп жүретін халдерін қайдан білсін. Еркеліктің еншісі болып алдына келгенді ішіп, қолына тигенді киіп, еш қиындық көрмей өскен жасөспірім өмірдің мәні мен сәнін қайдан түсінсін?!
Қазіргі жастарды жіті қадағаламаса болмайды. Жауапкершілікті мектеп мұғалімдері мен психологтарына итере салу — жауапкершіліктен құтылудың ең оңай жолы. Бала тәрбиесіне ең әуелі ата-ана мүдделі болуы қажет. Бала мектептен тыс уақытта немен шұғылданатынын, қайда барып, не істейтінінен хабардар болып, бағыт-бағдар беріп отыру — әрбір ата-ананың қасиетті парызы. Балалар психологиясы ахуалына бірден-бір себепші отбасындағы жағдай.
Сондықтан ата-анаға кеңес ретінде: ана қызымен сыр бөлісіп, оларды өтпелі кезеңде қолдап, барлық мінезіндегі өзгерістерді ескеріп отыруы қажет. Әке болса ұлына жасына байланысты ерекшеліктер, алғашқы махаббат сияқты, көңіліне түскен қаяуларды сейілтуге зор үлес қосу керек. Бала өмірдегі ең қымбат байлық екенін естен шығармаған абзал.
Алаңсыз өмір сүріп, уайымсыз күн кешіп жатқан жастар болашағының бүгінгіден де нұрлы болуына үздік біліміммен үлес қосуға талпыну керектігін, өйткені, олар нұрлы өмірдің иесі. Әр күніне үкілі үмітпен қызыға қарап, құлшына өмір сүру керектігін бала жанына сіңіру ата-ананың, ұстаздардың басты парызы.
Оқушыларда ауытқушы мінез-құлық және суицид проблемаларының алдын алу» бойынша ұсынымдар