Бауыржан Момышұлы (1910-1982)
Момышұлы Бауыржан (1910-1982) – екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері-Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені.
Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады.
1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды.Батырдың 207 рет ұрысқа қатысып, 2 рет өлімші болып жараланған туралы «Ақиқат пен аңыз» кітабында жазылған. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.
Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.
Бауыржан Момышұлы - әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Әскери ғалымдардың айтуынша, ол 27 рет соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасаған.
Бауржан атамыз сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Ол лейтенант шенінен бастап, полковник атағына дейін көтерілді, взвод, батальон, полк және дивизия басқарды.Оның атақ, даңқы, батырлығы және 28 панфиловшы батырлардың орыстың белгілі жазушысы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» - «Арпалыс» атты кітабында суреттелді.Осы роман арқылы Бауржан ағамыздың аты әлемге әйгілі болды. Кейін Б.Момышұлының өзі жазған «Москва үшін шайқас» повесі де осы тарихи оқиғаға арналған. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан Момышұлы қаруын қаламға айырбастап,азаматтық өмірге ауысқанда, әдеби шығармаларымен де өз биігіне көтерілді.
«Найзадан қол босаса, қалам алдым,
Тоғанып, оқиғаны көп ойладым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді
Жалтақтамай,именбей, ашық жаздым» -
Осылай деп жырлай отырып, өзінің көптеген ерлікке толы, тәрбиелік мәні зор шығармаларын жазды. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады.
«Жеңіс кілті Отан сүюшілікте. Ол солдатқа жөргекте жатқаннан бастап үйретілуі, қанына кіріп, сіңісуі тиіс. Дәстүр-тәрбиенің басты қайнары. Отан сүюшілік,ұлтын сүюшілікті ұлттық дәстүрмен жалғастырып,солдатқа саналы түрде сіңіру керек» - деген ол артына өшпес өнеге, ерлікке, патриоттық сезімге толы бірнеше кітаптарын: «Офицер жазбалары», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Жоңарқа» - екі томдық шығармалар жинағы кітабын қалдырады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Ал, «Ұшқан ұя» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болған.
Сондай-ақ, Бауржан ағамыз артына жетпіске жуық мақал-мәтелдер қалдырған. Ол мақал-мәтелдеріне «Ерлік білекте емес, жүректе», «Отанда опасызға орын жоқ», «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық» деп халық атынан ащы да әділ үкімін пайымдайды.
Біз жазушы, тәлімгер Бауыржан Момышұлының еңбектерін оқи отырып, оның шығармашылығы патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін байқаймыз.
Бауыржан Момышұлы Еңбек Қызыл ту, 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталды, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
Үстіміздегі жылғы ақпан айының бас кезінде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Мәскеудің «Леном» баспасында 2009 жылы жарық көрген «Легендарный батыр» жинағының ресіми таныстырылымы болып өтті. Тұсаукесерде сөйлеген сөздерінде Бауржан Момышұлының ерлігі мен азаматтық тұлғасы екі елдің арасындағы тарихи достық байланыстарды дамытуға, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге елеулі ықпал етеді, бұған аталған жаңа жинақ елеулі септігін тигізеді деп мәлімдеді.
Жаңа кітаптан кез келген оқырман Баукеңнің қазақ халқының адал перзенті ретіндегі ардақты бейнесін көре алады.
... Бауыр болып, дос қушағын жайғанда,
Ел мүддесі айналады айбарға.
Ұлы Баукең Мәскеу үшін қан кешті,
Панфиловпен тізе қосып майданда.
Ол ерлердің даңқы өшкен жоқ әлі,
Жұлдыздардай самғай берер жоғары.
Бірлік, достық, ынтымағы бар елге,
Бақ-береке мәңгілікке қонады.