Сынып жетекшісі: Армысыздар ұстаздар, ата-аналар, қонақтар! Бәріміздің асыға күткен Наурыз тойымыз келіп жетті. Тойларыңыз құтты болсын!
Наурыз «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн біздің ата-бабаларымыз, арғы тегіміз, мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі. Наурыз тойымыз құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні деп аталған Наурызда денсаулықтарыңыз мықты болсын, тілектеріңіз қабыл болсын!
1-жүргізуші: Наурыз – көктем мерекесі.
Наурыз – жыл басы.
Наурыз – жаңа серпін, жаңа леп.
2-жүргізуші: Наурыз – қуаныш мерекесі,
Бақыт пен шаттық мерекесі.
1-жүргізуші: Наурыз – шаруаның мерекесі.
Наурыз – еңбек мерекесі.
2-жүргізуші: Армысыңдар, халайық,
Бармысыңдар, халайық.
Наурыз тойын жұп жазбай
Жылда қарсы алайық.
1-жүргізуші: Қош келдің, Ақ қояным, төрлет
Жаңа жыл есігімізден жақсылық боп енсін!
2-жүргізуші: Қадамыңа нұр жаусын Қоян жылы!
1-жүргізуші: Ал, халайық, тұрмайық,
Әндетейік жырлайық!
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық!
Хор: «Наурыз той»
2-жүргізуші: Салт-дәстүрмен жарасса,
Жыр оқиық тамаша.
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық жаңаша.
1-оқушы: Қыс өтіп қар кетті,
Жырлайық жаз кетті.
Мейрамы ежелден,
Құтты болсын Наурыз!
2-оқушы: Наурыз тойы – салтымыз,
Аман болсын халқымыз.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
3-оқушы: Әнім де саған, биім де,
Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлар еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.
4-оқушы: Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз,
Көшеге тал егеді,
Наурыз тойы – береке,
Наурыз тойы – жыр-аңыз.
Сынып жетекшісі: Наурыз айы – Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда жылдың алғашқы айы есебінде күн мен түн теңеледі, сол себептен наурыз жыл басы болып саналады.
Ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар, жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады.
10-оқушы: Наурыз көже – Наурыз тойына тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс тағы сол сияқты тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің тәрбиелік мәні зор. Ол адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.
11-оқушы: Арпа, бидай, тары бар,
Қатық малта, ағы бар.
Ішілетін, жейтіннің,
Бұл көжеде бәрі бар.
12-оқушы: Наурыз жыры – Наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиетінің түрлерінің бір саласы. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған.
13-оқушы: Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
14-оқушы: Наурыз бата «Наурыз көжеге» шақырғандарға, жалпы жұртшылыққа, ауылға, көпшілікке беріледі.
Өркенің өссін!
Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!
Ұлың – оңға, қызың –қырға қонсын!
Айың тусын солыңнан!
Бақ берсін, қыдыр дарысын!
(Бұл күнде жастар үлкендерден бата алуға тырысады. Наурызда алған батаның орны бөлек)
15-оқушы: Наурыз жұмбақ. Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, күн мен түнге байланысты жұмбақтар.
а) Жабық астында жарты күлше (Ай)
ә) Тал басында түндіксіз отау (Құстың ұясы)
16-оқушы: Наурыз тілек. Әр адам өзіне, от басына немесе жақындарына, дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне барады.
Төрт түлік ақты болсын!
Өрісің малға, үйің жанға толсын!
(Тілек – адамгершіліктің белгісі)
17-оқушы: Наурыз төл. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді.
18-оқушы: Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Құсты ешкім қумайды, үркітпейді.
19-оқушы: Наурыз есім – Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты деп санаған. Сондай себеппен Наурыз есімін беретін болған.
20-оқушы: Наурызшешек – наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп). Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік. Майының дәрілік қасиеті бар.
21-оқушы: Наурызша – наурыз айында жұп-жұқа, қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атаған.
22-оқушы: Самарқанның көк тасы жібиді – бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе, «бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.
1-жүргізуші: Наурызым ғажап туысың,
Ұлыстың ұлы күнісің.
Жылыттың жердің жүрегін
Жүрегі елдің жылысың.
2-жүргізуші: Наурызым – тойлы нұрлы күн,
Мерейің асып тұр бүгін.
Жерімнің жүзін жылыттың,
Елімнің сақта бірлігін!
1-жүргізуші: Бәйшешектей қар астынан табылған, бар халықты қуантатын бұл қай кез?
Оқушылар даусы: Наурыз! Наурыз!
2-жүргізуші: Келер күнге бар үмітті табынтып,
Бар халықты қуантатын бұл қай кез?
Оқушылар: Наурыз! Наурыз!
(«Сарыарқа» күйі орындалады)
Әжелер шашу шашады.
1-жүргізуші: Шашу! Шашу!
Көп шашайық шашуды,
Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.
Уа, жамағат! Теріп ал несібеңді,
Ризығың болсын көл-көсір!
2-жүргізуші: Қашанда құт-береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу салты елімнің.
Уа, халайық! Теріп ал несібеңді,
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!
Музыка ойнап тұрады. Сахнада қазақ халқының наурыз мерекесін қарсы алу рәсімдері сахналастырылған қойылым түрінде көрсетіледі. Ағаш отырғызу рәсімі, бесікке салу, тұсау кесу т.б. көрсетіледі.
Наурыз көже таратылады.
(Мереке ары қарай концерттік бағдарламамен жалғасады)