4500 оқушы қатысқан балалар шеруі
Павлодар қаласында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен салтанатты шеруге Баянауыл ауданының өнерлі оқушылары қатысты. Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебі және Майқайың өнер мектебінен 100 оқушы Республикалық шеруге үлкен дайындықпен барып, 4500 өнерлі оқушылардың құрамында өз өнерлерін көрсетті. Аса маңызға ие шеру «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеяны іске асыру жағдайында рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие факторы ретінде оқушылардың шерулік, көшеде фестивалдің жүріп өтуін қолдау және дамыту мақсатын көздеген.
Баянауыл ауданының әкімдігінің қолдауымен 100 балаға ұлттық киім тігілді. Шеру барысында өнер мектептерінің жетістіктері атап өтіліп оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Қазақтың халық күйі «Секіртпе», «Қара жорға» және Динаның күйі «Науысқы» бишілердің мың бұралған қимылына ерекше әсер берді. Осы орайда айта кетеріміз баршамызға мерекелік көңіл күй сыйлаған шеруге орай «Самұрық қазына» АҚ қорының демеушілігімен Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебіне музыкалық аспаптарды сыйға берді. Жетіген, қылқобыз, прима-қобыз, домра-прима, домбыра, шертер қатарлы аспаптардың түрлерімен толықты. Ұлттық өнердің шыңына шығам деген талантты оқушыларға бұл музыкалық аспаптардың маңызы өте зор. Өнер мектебінде білім алу барысында кеңінен пайдаланып өнерлерін жетілдіретін болады. Осындай игі бастама арқылы өнерге қолдау көрсеткен «Самұрық қазына» АҚ-на Баянауыл ауданы балалар өнер мектебінің ұжымы атынан алғыс білдіреміз!