Просмотр содержимого документа
«Тәуелсіздікке апарар жол»
Тәуелсіздікке апарар жол
(Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тәрбие сағатының жоспары)
Калиева Сара Сырымовна
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК, Семей қаласы
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Тәуелсіздікке апарар жол»
Мақсаты: Жастарға еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың жанкешті ерлігін дәріптеу. Қазақ елі басынан кешкен зұлмат жылдардың хронологиясын жасай отырып білімдерін нығайту. Отанын құрметтей білетін, болашақта Қазақстанды өркендетуге өз үлестерін қосатын ұлтжанды азамат болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, көшпелі қазақтың тұрмысын көрсететін қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдары мен жиһаз, дүниелері. Әр кезеңнен көрініс беретін құрал-жабдықтары.
Рөлдерде:
№
Кезеңдер
Рөлдер
Қазақ хандығы кезеңі
Абыз немесе Майқы би
Жасөспірім жігіт
Бөгенбай, Жәнібек, Есет батырлар
«Ақтабан шұбырынды» кезеңі
Ақсақал, жас батыр, бір азамат
Абылай хан, Бұқар жырау
Отарлау саясаты
Майқы би
Ашаршылық кезеңі
Тұрар Рысқұлов
Репрессия кезеңі
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев және жендеттер
Желтоқсан оқиғасы
Зейнуллина Айман
Қытайдан көшіп келген отбасы
Ақсақал, немересі, әйелі
1. Сахна (Түркістан. Дабыл дауысы. Сырнай дауысы. Абыз бейнесіндегі адам. Қолында тасбиығы бар. Жан-жағына таңырқай басып кесенеге кіріп келе жатады. Қасына жасөспірім жігіт келеді).
Қош келдіңіз, Абыз. Қазақ ордасының астанасы қасиетті Түркістанға қош келдіңіз!
Ә, балам, құдай тілеуіңді берсін! Бүкіл түрік жұртының зиярат ететін орталығы Әзірет-Сұлтан кесенесін көруге ат арылтып шалғайдан арнайы келдім. Өзің қай баласың?
Алаштың асып туған дара ұлдары, Қазақ Ордасының негізін салған тұңғыш хандары, екеуі де қазақтың үш жүзіне ортақ төре деген рудан – Керей мен Жәнібек үшінші атадан табысады. Сол Әз-Жәнібек ханның ұрпағының бірімін. Абызым, Көне Түрік қағандығы–біздің түп тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз, Алтын Орда – одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз, Көк Орда – қазақ жұртының бірлігіне жол ашты, ал Қазақ Ордасының жағдайы қалай болмақ? Көріпкелдігің бар ғой, маған айтшы халқымның болашағы бұлыңғыр ма, әлде бұлдыр ма.
Ее, балам. Халқыңның қамын ойлар батыры болайын деп тұр екенсің. Оны жай Жәнібек хан деп емес,Әз-Жәнібек хан деп атаған.Менің көріпкелдігіме сенсең, онда тыңда... Қазақ хандығының тұңғыш ханы - Керей болса, соңғы ханы - Кенесары Қасымұлы дейтін адам болады екен, қарағым.
Дауыс: Қазақ тарихында ел басқарған, Қазақ хандығының ірге тасын мықтап уысына ұстаған хандар келді:
Керей хан
Әз-Жәнібек хан
Бұрындық хан
Қасым хан
Хақ-Назар хан
Тәуекел хан
Есім хан
Жәнібек хан
Салқам Жәңгір хан
Тәуке хан
Қайып хан
Болат хан
Әбілмәмбет хан
Абылай хан
Кене хан
Қарақұмдағы құрылтай (Сахнаға Қанжығалы Бөгенбай,Шақшақұлы Жәнібек,тама Есетбастаған атақты батырлар шығады).
Дауыс: XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы күшейе түсті. Осыған байланысты қазақ жүздері өкілдерінің бас қосуы қажет болды. Сөйтіп, 1710 жылы Қарақұмдағы қаракесек руы жайлаған аймақта қазақ сұлтандарының, билерінің, рубасыларының құрылтайы шақырылды.
Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, тама Есет бастаған атақты батырлар:
Жоңғар хандығымен қарым-қатынас мәселесі бойынша жеке ру, тайпаның ғана емес, бүкіл үш жүздің қолын жасақтау қажет!
Жоқ. Жоңғар мемлекеті күшті, әрі соғыс тәжірибесі мол. Сондықтан, жоңғарларға бағынған дұрыс, халқымыз шапқыншылықтан әбден қалжырады.
Иә, дұрыс айтады. Қолдаймыз!
Бөгенбай батыр:(қылышын қынабынан суырып алып, ақсақалдардың алдына тастап):
«Біз жаудан кек алуымыз керек, жеңеміз немесе қолға қару ұстап, шайқаста ақ өліммен өлеміз, қарттарымыздың, әйелдеріміздің, балаларымыздың зар-мұңы мен көз жасын көріп тірі жүре алмаймыз...» — дейді.
Дұрыс айтады, Бөгенбай! Шапқыншылармен қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз!
Дауыс: Шайқастың жаңа жоспары жасалды. Бөгенбай бүкіл қазақ жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Оның ақылшысы Тәуке хан еді.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» («Елім-ай» әні орындалып жатады). Дауыс: 1723 жыл қазақ халқының есінде қасіретті кайғыға толы ең ауыр жыл есебінде қалды. Сол жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапты. Олар Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып, Алтай асып, Көктал өзені бойымен өрледі, Нұра өңірін қанға батырып, Шелек өзені, Есік көлі, Шу өңірін таптап, тоқтаусыз Іледен өтіп қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді. Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратып, Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алды. Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерлерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды. Ел қонысынан, мал-мүлкінен айырылды. Ұлан-байтақ қазақ жерінің күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай шұбырған сан мыңдаған халықтың көбі жол-жөнекей ит пен құсқа жем болды. Қорғануға мұршасы келмеген ел әсіресе Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандар ата мекенін тастап шықты. Тарихта бұрын болып көрмеген алапат құбылыс – қазақ халқының үдере қашқан босқыншылығы туды. Негізгі асы ет пен сүт болған босқын қазақтар қайыңның қабығын тіліп, шырынын ішуге, алғыр атты ащы өсімдіктің тамыры мен қозықұйрық саңырауқұлағы сияқты жеуге жарамды шөптесін өсімдіктерді талғажау етуге дейін мәжбүр болды. Тоз-тоз болған Ұлы жүз, Орта жүздің шағын бөлігі Ходжент, Самарқан иеліктеріне көшті. Кіші жүз Сауран қаласын айналып, Бұқараға ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір тайпа-рулар Қызылқұм, Қарақұм ішіне сіңді. Осылайша қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған жойқын апат басталды. Шұбырған елдің қанды жасынан туған әйгілі «Елім-ай» әні дүниеге келді.
Елім-ай
Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Елім-ай, Елім-ай.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Қара көзден мөлтілдеп жас келеді, Елім-ай, Елім-ай.
Мына заман қай заман? Бағы заман, Баяғьідай болсайшы тағы заман, Елім-ай, Елім-ай.
Атадан үл, енеден қыз айрылды, Көздің жасын көлғылып ағызамын, Елім-ай, Елім-ай.
Мына заман қай заман? Қысқан заман, Бақыт құсы алаштан үшқан заман, Елім-ай, Елім-ай.
Көк аспаннан топырақ, шаң борады, Күні суық қаңтардан, қыстан жаман, Елім-ай, Елім-ай
Сахнаға ақсақал, жас батыр, бір азамат шығады. (Киімдері жыртық-жыртық, арып-ашыған).
Ақсақал: - Қазақ халқы құрыды ма, а, құдай?
Азамат: - Ел басына ауыр күн туды. Бейбіт халқым егілді ғой. Жазықсыз жандардың қаны төгілді. Қолдан келер не шара?!
Жас батыр: - Қазақ халқына бірлік керек! Қазақ ішінде суырыла сөйлейтін шешендер, топты бастар көсемдер, ту ұстайтын батырлар, елді ерлікке шақыратын жыршылар көп емес пе. Бірақ осылардың бәрін біріктіріп, басшылық ететін қайраткер — көсем бар ма бізде? Ақсақал: - Иә, балам, халық бірікпей тірлік болмас.
Дауыс: (Жылдар жазылған плакаттарды алып, сахнада жүріп өтеді)
- 1725 жылы Әбілқайыр ханның Түркістан қаласын жоңғарлардан күшпен қайтарып алды. Халық ел қорғау ісін өз қолына алып, әрі батыр, әрі ұйымдастырушылық қабілеті бар ерлердің соңынан ерді.
- 1726 жылы Ордабасы мекенінде қазақ рулары мен тайпаларының жиыны болды. Онда біртұтас халықтық қарсыласу жасағы құрылып, бүкіл қазақ әскеріне қолбасшылық ету Кіші жүз ханы Әбілқайырға жүктелді. Сөйтіп, жұдырықтай жұмылған қазақ қолы жоңғарларға жойқын соққы беруге даярланды.
- 1727жылы Бұланты өзені маңындағы Қарасиыр деген жерде Ұрыс өтті. Қазақ жасақтары жауды өзінің кең-байтақ даласына тереңірек сұғындыра еліктіріп кіргізіп алып, кенеттен жалт бұрылып, оң қанаттан да, сол қанаттан да ойсырата соққы берді. Сосын ту сыртынан енді қайтып тұрмастай тіке шабуылдың астына алды. Бұл ұрыс болған жер тарихта «Қалмаққырылған» деген атпен калды. Жеңіс халықтың рухын көтеріп, өз күшіне сенуге жігерлендірді. Осыдан бастап қазақтар ұрыс барысын өз қолдарына алып, қарсы шабуылға шықты.
- 1730 жылы көктемде Балқаш көлі маңында тағы соғыс басталды. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Аңырақай шайқасы жоңғарлар үшін шешуші соғыс болды. Қалмақтар Іле өзені бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Қазақ жерін азат ету жолындағы соғысты жеңіспен аяқтау үшін Үш жүздің әскерлері Шымкентке таяу Ордабасы деген жерге жиналды. Қолбасшы болып Әбілхайыр мен Бөгенбай сайланды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.
Ортаға таяғын сүйенген қария шығады:
Бақ дегенім сорға айналды,
тақ дегенім көрге айналды,
көкірегіме шер байланды, толайым
Жер дегенім кебенек пе,
ел дегенім ебелек пе,
ер дегенім көбелек пе, ағайын
Атамекен - алып тозақ,
мойыныңды қамыт қажап,
мойыдың-ау, ғарып қазақ, аһ ұрып.
Найзағайлы намыс қайда,
қайта бізбен табыспай ма,
ата жаумен алыспай ма, ақырып–
Абылай хан дәуірі. (Сахнаға Абылай хан мен Бұқар жырау шығады).
Дауыс: 30-жылдардан бастап жоңғарлармен болған шайқастардың бәріне қатысып, асқан ерлік көрсеткен, ақылды әрі тамаша қолбасшы ретінде көзге түскен Абылай Орта жүздің билеушісі, әрі бүкіл қазақтың ханы болып саналады. XVIII ғасырдың 40-жылдарында жоңғар шонжарлары арасындағы өршіген алауыздықты пайдаланған Абылай жоңғарлардың ішкі ісіне араласып, үкімет билігіне таласқан шонжарлардың біресе ол жағын, біресе бұл жағын қолдап, талас-тартысты ушықтырды, сөйтіп, оларды әлсіретті. Осының нәтижесінде бұрын жоңғарлар бастап алған қазақ жерлерін қайтарып алды. 1745-1755 жылдар аралығында жоңғар шонжарлары хан тағы үшін өзара соғысып, әбден әлсіреді. Осыдан кейін 1757-1758 жылдары жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы біржола тоқтады.
Абылай ханның түсі.
— Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Қасымымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек-кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұқар аға!..
— Түс жору — түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сөйтсе де жорып көрейін...
— Сөйлеңіз, көмекей әулие...
— Қырыққа келмей табытта жатсаң — өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің... Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен...
— Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?..
— Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің жүрегінде қаласың!..
Абылайдың қабағы жадырап сала берді...
Дауыс: Абылайдыңүш арманын оқиды.
Ұлы хан дүниеден өтер алдында қоштасуға келген Бұқар жырау: «Хан ием, не арманың бар?» – деп сұрайды. Хан:
– Үш арманым бар. Біріншісі, менің елім мал емшегін емген ел еді, аяғына дейін жер емшегін емізе алмадым. Екінші, менің тұсымда қан көп төгілді. Соған өкінемін. Егер мен жаудың қанын төкпесем, ол менің қанымды төгетін еді. Үшіншісі, елімде телі мен тентек көп болды, бастарын біріктіру қиынға түсті, – деген екен.
Отарлау саясаты (Майқы би сөзі).
Дауыс: – О, дүние, не болар сенің ақырың? –
Майқы би: - Өзімізді-өзіміз қыратын заман болады екен, шығыстан келер сары сақал өз жұртымызға аз қорлық көрсетпейді екен. Талайдың қанын жүктейді екен. Билеушілер осыдан екі мың жыл өткен соң іріп-шіри бастайды. Өздерін өздері құртады, қаратқан елін ол шаян болып шаққаны сияқты, түрі өзге бодан жұрттың һәммесі оларды жексұрын көретін болады. Бірақ еліміз олардың билік жүргізген кезінде қатты бұзылады", –
- Әлі заман өзгерер,
Өзгергенін көз көрер,
Мінгенің арба болар,
Бар құс қарға болар,
Жансыз арба ат болар,
Өз балаң өзіңе жат болар.
Темірден кұс болады,
Ұрпағымның көргені сүс болады,
Адам басы ауырып дақ шатылар,
Базарында сұйылып сүт сатылар.
Еркек билік тұл болар,
Сиыр пұл болар,
Еркек жасып ит болар,
Қатын тұлданып би болар.
Төсекке есеппен жатарсың,
Жыныс зарпын акшаға сатарсың.
Баққаның өсек болар,
Балаң саяқ болар.
Сары судан ас шығар,
Балаң өзіңе қас шығар.
Жер тақыр болар,
Жұрт пақыр болар.
Осындай қилы заман болар.
Енді төрт мың жылда,
Дүние тәмәм болар.
Дауыс: Майқы бидің болжамдарына қарап-ақ, орыс халқының билегені, оған үш жүз жыл отарлығымыз, одан бостандыққа шығу мен орыстардың аз ұлттар қысымына олардың наразылығы, қоғамдағы азғындық, алдампаздық, өз ата-анасынан безгендер, ерлердің үйінде жұмыссыз отырып қалуы, жемқорлық өзінің тілін, ділін, дінін сатушылар жөніндегі болжамын бағамдауға болады.
Аштық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып, тозып кетті. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде 100 мыңнан астам қазақстандық «итжеккенге» айдалды. Бұның барлығы қазақ даласына жасалған қиянат болатын.
Тұрар Рысқұловтың қолында хат:
«Қазақстан Өлкелік Комитетіне Мирзоян жолдасқа Құпия хат»
Қонысынан ауған қазақтар жөнінде Сталин жолдасқа жазған баяндау хатымның көшірмесін хабардар ету үшін осы хатпен бірге сізге жолдап отырмын. Мұндағы мақсат - бұл мәселеге басшы жолдастардың назарын жете аударып, Қазақстанға көмектесу. Сіз осы баяндау хатпен танысып, онда айтылған ой-пікірлерді ескереді деп үміт етемін.
Қазақтар 1931 жылдың аяқ кезінен бастап қонысынан ауып, бір ауданнан екінші ауданға және Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп жатыр. Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандарында және қонысынан ауғандар арасында адамдардың қырылып жатқаны сонша, бұл мәселе орталық органдардың шұғыл араласуын қажет етіп отыр. Қазақстанда қазақ халқының белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің не өзге республикалардың ешқайсысында жоқ. Қонысынан ауғандар көршілес өлкелерге және Ташкент, Сібір, Злотоуст теміржолдары бойына өздерімен бірге індет апарып таратуда. Орталық Комитеттің қаулысы бойынша дер кезінде бөлінген азық-түліктің едәуір бөлігі тиісті жеріне жетпеген. Бұл мәселенің маңызы зор болғандықтан, сіздің осы хатпен танысып, аталмыш жайға араласуыңызды, сөйтіп, ажалына аштық жеткелі тұрған көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесуіңізді өтінемін.
Қонысынан ауғандар Қалмақстанға, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды.
Аш-арықтар төгілген қоқыстарды ақтарып, тамақтан өтетіннің бәрін талғажау етіп, жабайы өсімдіктердің тамырларын, ұсақ жәндіктерді жеп күнелтуде. Сол маңдағы ит пен мысық атаулы түгел желінген. Өлген кісілердің етін жеген оқиғалар жайында хабар жете бастады.
...1932 жылғы мамыр айында Қарқаралы ауданындағы халықтың саны 50 400 адам болса, содан қараша айының қарсаңында тірі қалғаны - 15 900, ал аудан орталығында күн сайын 15-20 адам өледі.
Әсіресе балалар арасында өлім-жітім көп. Қазақ әйелдері балаларын мекемелер мен үйлердің алдына тастап кетуде.
50 мың қазақ баласының ешқайда орналастырылмағаны ресми түрде хабарланды. Қызылордада панасыз балалар саны қаңтар айында 452-ге жеткен. Аягөз стансысында бір қазақ әйелі өзінің екі баласын бірдей пойыздың астына тастаған, ал Семейде қазақ әйелі екі баласын осылай мұз ойығына тастап жіберген.
Қазақстанда 1928-1929 жылдардағы 40 млн бас малдан санақ кезінде 5 397 мың бас қана мал қалғаны, яғни мал басының 85,5 пайыз кеміп кеткені анықталды.
...Қазақтардың жерін тартып алуды кәсіпке айналдырған патшалық құрылыс тұсында болған жерге қоныстандыру басқармасының өзі де көшпелі шаруашылықта бір семьяның қалт-құлт етіп күн көруі үшін ғана кемінде 30 бас малы болуы керек деп есептеген.
Коммунистік сәлеммен Т.Рысқұлов»
Дауыс:Тұрар Рысқұлов – адам ретінде де, қоғам және саяси қайраткер ретінде де ерте есейіп, есімі жиырма жастан асар-аспас кезінде жұрт аузына ілініп, халыққа танымал болды. Ол Сталиндік-Голощекиндік «Кіші Қазан» бағытын жүзеге асыру нәтижесінде жаппай ашаршылыққа ұшыраған өз халқына ара түсіп шырылдады. Сталинге хаттар жазды. «Ұлы көсеммен» сөзге келіп, айтысқа түсті, оның диктаторлық ел билеу тәртібіне қарсы шықты. Нәтижесінде 1937-1938 жылдары бүкіл ел көлемінде орын алған үлкен террордың құрбаны болып кете барды.
Саяси репрессия құрбандары (қобыз сарыны).
Дауыс:1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында. Жер, фабрика, заводтар, ұжымшарлар мен кеңшарлар мемлекет меншігіне өткенімен қоймай, елде сталиндік саясат жүзеге асты. Жазалау органдарының қызметі күшейтілді. Осылайша жеке адам құқығы аяққа басылып, пікір айтқан, ұсыныс жасаған адам «халық жауы» қатарына жатқызылып жазаланды. Сталиндік қуғын-сүргін «геноцид саясаты» осылай басталды. Қазақ интеллигенциясы саяси репрессиялық жазалаудың үш толқынын бастан кешті:
1929–1932 жылдары алаш интеллигенциялары түрмеге қамалды, сотталды, атылды;
1937–1938 жылдары «халық жауларын» жою науқаны өтті;
1946–1953 жылдары «буржуазиялық ұлтшылдар», космополиттер жазаланды деген қайғы-қасіреттерге душар болды.
Түрме. Ортаға жазалыларды алып шығады (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев).
Ортаға жазаланушы Ә.Бөкейхановты алып шығыңдар! (Мен... Қазақ Ордасының құдіретті әміршілері, қазақ халқының асыл перзенттері: Арғы бабаларым – Шыңғыс ханнан тараған. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, ең соңы Кенесары хан, ұлы ғалым Шоқан бәріміз де әулие Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтарымыз. Алаш-Орда көсемі болғанымды мен мақтан тұтамын! Қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тарихында өшпестей ізім қалатынына кәміл сенемін). Атам десең атыңдар!
Ортаға жазаланушы М.Жұмабаевты алып шығыңдар! (Мен...қазақтың ақыны, Мәскеуде оқып жүргенде "Алқа" ұйымын ұйымдастырғаным үшін тұтқындалып, он жылға сотталдым. 1936 тұтқыннан босап, еңбек жолына қайта оралысымен, 1937 аяғында ұсталып, 1938 "халық жауы" деген жаламен ату жазасына кесілдім). Халқым үшін өлуге даярмын!
Ортаға жазаланушы А.Байтұрсыновты алып шығыңдар! (Мен...Ахмет БайтұрсыновГолощекиндік асыра сілтеу саясатына қарсы болғаным үшін 1929, 1937 жылдары екі рет саяси репрессияға ілігіп, ақыры жазықсыз ату жазасына кесілдім). Қайран, қазағым-ай!
Ортаға жазаланушы М.Дулатовты алып шығыңдар! (Мен... Міржақып Дулатов Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі, ақын, Алғашқы кітабым "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетіп, қайта басылды. Халықты ояту, әділетсіздікпен күресу мақсатындағы өлеңдерім үшін кітап тұтқындалып, өзім қуғынға ұшырадым).
Алыстан Алаш десе аттанамын,
Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ -
Мен неге, қазақтықтан сақтанамын.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас- ты.
Дауыс: Сталиннің жеке басына табынудың салдарынан тұтас бір халық өздерінің ең асыл азаматтарынан айырылып қалды. Иә, Бәріміз репрессия құрбандары ұрпағымыз. Сол жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ отбасы жоқтың қасы. Сол нәубат жылдарында қазақтың жалпы санының жетпіс пайызға жуығы қырылып кеткен
Желтоқсан оқиғасы. Сахнаға әйел адам шығады:
«...Мен, Зейнуллина Айман Файзоллақызы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, қазірде доцент, желтоқсан оқиғасына қатысушының бірімін... Адам ғұмырындағы мәңгі есте қалар тағдыр парағы қалыңдай түскен сайын, оның мазмұны да, бағасы да тереңге түседі. Енді, міне араға 20 жылға жуық кезең өткенде сол бір желтоқсанның ызғарлы күнінде алаңға не үшін шықтық? – деген сауал қоямын өз-өзіме. Алда не күтіп тұрғанын білместен, БТР, әскери машиналар қалқанды жазалаушылар қаптап келе жатқанда да, айылымызды жимастан, бейбіт түрде «Менің Қазақстанымды» айтып тұра бердік. Сапер күрегі жігіттердің басына тиіп, қыздар бұрымынан сүйретілгенде ғана біз аңсаған тәуелсіздіктің қойған талабының бірден жүзеге аспайтынына көз жеткіздік. Жазалауға ұшыраған жастардың тартқан жан азабы мен тән азабы тәуелсіздігіміздің төлеуі ғой. Арқамды осып өткен келтектің соққысын кезінде ауырсынсам да, дәл қазір таяқ жегеніме ешқандай налымаймын. Егер біз дәл солай жазаланбасақ, жазаланудан қорқып, алаңға бармасақ, тәуелсіздік келер ме еді? Желтоқсан тек қазақтарды ғана емес, Одақтың бұғауындағы өзге ұлттарды да оятты. Мен онда Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық иститутының соңғы курсының студенті едім...
Қытайдан көшіп келген қазақтар (Самолет дауысы естіледі. Бір топ адамдар қарсы алуға дайындық үстінде. Самолеттен бір отбасы түседі. Алдында ақсақал. Түсе салысымен жерге отыра қап, бір уыс топырақты алқанына сап, иіскеп жылайды).
Қайран, атамекенім, кіндік қаным тамған жерім! Уа, құдай, көз жасымды ақыры көрдің бе? Атам армандап кеткен туған жер топырағы маған бұйырған екен. Тәубә, құдай, тәубә, тәубә!
Осы сәтте сахнада қатып тұрған адамдарға жан бітіп, сыртқы нашар киімдерін сыпырып тастап, бейбіт күнді тойлап кетеді. Күй «Тойбастар».