Просмотр содержимого документа
«Бала тәрбиесі - бесіктен»
Бала тәрбиесі –бесіктен
Қазіргі таңда да тәрбиенің маңызы орасан зор. Тәрбие бесіктегі баладан, еңкейген қартқа дейін қажет. Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру болып табылады.
«Бала тәрбиесі –бесіктен» деп бекер айтылмаған. Мұғалім оқушыға материалдық жағдай жасағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер: адамзаттық құндылықтармен, біліммен қамтамасыз етіп, қаруландырады. Алтын бесік - отбасы болса,алтын ұя - мектеп.Иә, олардың алтынға балануы неліктен? Екеуі де қасиетті, әрі қастерлі.Өйткені, отбасы Адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген,өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды Адам етіп тәрбиелеп шығарады. Осы екі ортаның да мақсаты - ортақ, міндет - біреу. Демек, мұғалім мен тәрбиеші қауымының қиындықтарға жиі кездесіп, үнемі толғаныста жүретініде содан. Сондықтан кез келген мұғалім баламен байланысқа шықпас бұрын, оқу-тәрбие жұмысындағы қызметін өзін-өзі танудан бастағаны жөн.Өзіңнің бала болғаныңды, өзіңнің ата-ана екеніңді, өзіңнің ұстаз екеніңді ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырсаң,өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Ғұлама Әл-Фараби «Дүниедегі ең оңай нәрсе ақыл айту,ең қиыны өзіңді өзің түсіну» десе,К.Маркс «Өзіңді өзің тану даналықтың бірінші белгісі» деп ескертеді. Ең бастысы,баланың жан азығына зәру екенін еш уақытта ұмытуға болмайды.Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады.Біріншісі - ішсем,жесем,ұйықтасам деп туады.Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды,hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі - білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене ?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары,білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни,балаға туғаннан тән азығы - тамақ қандай қажет болса,жан азығы - жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.
Сондықтан да ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға.Олар балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға кері әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше ара қішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақұлөсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
Қазақтың батыр тұлғаларының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тәрбиенің маңызын ашып көрсеткен. Біздің аталарымыз да тәрбиенің негізгі мақсатын дап болып, өз өмірлерінде дұрыс қолданғандай сыңай танытады. Бұлай дейтін себебіміз атадан қалған ұлағатты сөздердің түп төркіні осындай тұжырымға еріксіз жетелейді. Мәселен тәрбиедегі әдептілікті мына сөзбен өрнектеген: «Әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала сорлы бала». Міне мұнда тәрбиеге көңіл бөлініп қарастылатын ар мәселесін әдептілікке апарып теліп, жоғарғы деңгейге көтеріп отыр. Бізді тәрбиені ар-намыспен байланыстыра отырып, негізгі мақсатқа жетудің жолын тапқан. Осының нәтижесінде өміріне адамдықты ту етіп ұстайтын қанша арыстай ағаларымыз болашақ буын өкілдеріне өшпестей із қалдырған.