Просмотр содержимого документа
«?аза? тілі саба?ында де?гейлеп саралап о?ыту технологиясын пайдалану»
Жоба тақырыбы:
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында деңгейлеп оқытудың әдістерін пайдалану жолдары.
Мазмұны
1. Кіріспе
1. Деңгейлеп – саралап оқытудың маңыздылығы мен өзектілігі.
2. Алға қойылған мәселе, оның мақсаты мен міндеті.
3. Актуалдығы мен жаңашылдығы.
4. Күтілетін нәтиже.
2. Негізгі бөлім
1. Деңгейлеп – саралап оқыту технологиясына жалпы сипаттама
2. Деңгейлеп - саралап оқытудың құрылымы
3. Деңгейлеп - саралап оқытудың тиімділігі
4. Деңгейлік тапсырмалар
5. Деңгейлеп - саралап оқытудың бағалау өлшемдері
3. Қорытынды
4. Пайдаланылған әдебиеттер
5. Қосымша
Кіріспе
Өзектілігі - Профессор Ж.Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен оқушылардың өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді. Бұл технологияда бірінші орында оқушы тұрады және өз бетімен білім алудағы белсенділігіне аса назар аударады.
Мәселе – педагогикалық процестің маңызды құрамы оқу ісіндегі субъектілер – оқытушы мен оқушының тұлғалық бағытталған өзара әрекетін ұйымдастыру.
Мақсаты:
1.Барлық оқушыға стандарт деңгейінде білім беру;
2.Әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейінде оқыту;
3.Балалардың қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылығын тудыру;
4.Шығармашыл іс-әрекет жасай алатын жеке тұлға қалыптастыру.
Міндеті: 1.Сынып оқушылары жаппай жұмыс істейді. 2.Бос отырған оқушы болмайды. 3.Әркім өзінің білім деңгейін біліп, оны дамытуға тырысады. 4.Қиындықтарды жеңе білуге дағдыланады, пәнді оқып үйренуге қызығушылығы пайда болады. 5.Ізденіс дағдысы қалыптасады
Актуалдығы – деңгейлеп – саралап оқытудың басты сипаты – мақсатты нәтиже. Қоғам талабы да – нәтижелі оқушы даярлауда болып отыр.
Жаңаша оқыту даралап, саралап оқыту технологиясына негізделеді. Өйткені жаңаша оқыту оқушының жеке мүмкіндігіне қарай жұмыс істеуіне, мақсат қою, оны жоспарлау, ұйымдастыра білу, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі бағалауға үйретеді.
Жаңашылдығы – деңгейлеп-саралап оқыту технологиясында жұмыс міндетті 3 деңгейлік, қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты – сынып оқушыларын «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау. Болашақта оқыту мен тәрбиелеу, әлеуметтік талап-тілектерді ескере отырып дамыту, ғылыми жетістіктер мен педагогикалық тәжірибелерді жаңартуға, мұғалімдерді ақпараттық қамтамасыз етуді, біліктілігін үздіксіз көтеруді қажет етеді.
Жылдар бойы сабақ жүргізу нәтижесінде оқушының білім сапасын көтеруге, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыру барысында жан-жақтылыққа ұмтыламыз және ізденеміз. Алдыңда отырған оқушының білім деңгейі, білімді менгеру дағдысы барлығында бірдей болуы мүмкін емес жағдай.
Сондықтан Қараевтың насихаттап жүрген деңгейлеп оқыту технологиясында оқушыны жан-жақты мүмкіндігін ескере отырып жеңілден ауырына қарай деген принципті қолдана отырып, жүйелі түрде қойылатын мақсат – білім, білік дағдыларын тұрақты болуына, өз бетімен жұмыс істеу қабілетінің дамуына ықпал ету. Ол үшін оқушылар мынадай әдіс тәсілдерді қолдану қажет:
· Берілген тапсырмалардың ерекшелігіне көңіл бөлу;
· Берілген тапсырма қызықты, маңызды болған кезде ғана оқушылардың сабаққа қызығушылығы артады.
Күтілетін нәтиже:
1. Оқушылардың психологиялық ерекшелігін, ақыл-ойының дамуы және өзін-өзі жетілдіру.
2. Дарынды балалар болса оқушының – зерттеу жұмыстарын дамыту.
3. Мұғалімнің жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызады.
Негізгі бөлім
Заман талабы «білу аз, сол білгенінді іске қолдана білу» дейді. «Әркім қолда барын ұсынады» деп немқұрайдылыққа салынсақ алдымызда отырған бейкүнә шәкірттердің тағдырына қиянат жасаған болар едік. Не ексең, соңы орасың. Мақсатымыз – алдымызда тұрған өзекті мәселелер айналасында сөз қозғау. Соның ішінде ең бастысы - әлемдік білім кеңістігіне ену жолындағы алғашқы қадамдар.
Қай заманда, қандай реформа болсын мектептің басты тұлғасы –мұғалім. Мемлекеттік білім саясаты да осы мұғалім арқылы жүзеге аспақ. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің қасиетті міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру. Рухани байлық, ең алдымен, әр халықтың ұлттық әдет-салты, көзқарасы шыққан түп-тамырында жататыны белгілі. Сол ұлттық байлықты бүкіл адамзат өз ұрпағын тәрбиелеуге қолданып келеді.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі-жаңа технология негіздері болып табылады. Жаңа технологиямен оқытудың негізгі мақсаты-баланың ашылмаған қабілетін ашу, дамыта оқыту белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімін күшейту, іздендіру, пәнге қызығушылығын арттыру. Қазақ тілі сабағында оқушы қызметін белсендіру негізінде педагогикалық технологиялардың бірі – деңгейлеп- саралап оқыту технологиясы.
Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы 1998 оқу жылынан бастап мектептің барлық сатысына, барлық пәндерге еніп, оқу үрдісін жандандыруға үлкен үлес қосып келеді. Профессор Ж.Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясы жаңаша өзгерген мақсатпен оқушылардың өздігінен танып, іздену іс-әрекеттерін меңгертуді талап етеді. Бұл технологияда бірінші орында оқушы тұрады және өз бетімен білім алудағы белсенділігіне аса назар аударылады. Деңгейлік тапсырмалар орындату балаға шамадан тыс жүктеме беру емес, керісінше, оқушының біліміне, мүмкіндігіне, сұранысы мен қабілетіне сәйкес дайындалған сатылы жұмыстар, яғни, оқушылардың жеңілден қиынға, қарапайымнан күрделіге қарай сатылы түрде орындалатын, ойлау, сөйлеу қабілетін дамытатын, әлеуметтік көзқарасын қалыптастыратын, ізденушілікке баулитын жұмыстар жүйесі.
Деңгейлеп - саралап оқыту технологиясының оқушыларға тиімділігі: • Сынып оқушыларының барлығы деңгейлік тапсырма орындауы; • Білім көрсеткішінің нақты және сапалы болуы; • Оқушының өз білімін өзі бағалап, білім деңгейін дамыта алуы • Оқушылардың оқуға ынтасы мен пәнге қызығушылығының артуы; • Оқушының іздену дағдысының, ұстамдылығының қалыптасуы; • Оқушы белсенділігінің оянуы; • Алға қойған мақсатына жетуге дағдылануы, қиындықтарды жеңуге ұмтылуы; • Оқушының өздігінен жұмыс істеуі мен жауапкершілігінің артуы; • Оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастық қарым - қатынастың орнауы. Деңгейлеп - саралап оқыту технологиясының мұғалімдерге тиімділігі: • Деңгейлеп - саралап оқытуда білім игерудің үш деңгейінің қарастырылуы; • Оқушылардың сабақ үстінде бірнеше деңгейде жұмыс жүргізуі; • Білім дәрежесі бірдей топтарды тексеру ісінің жеңілдеуі; • Оқушылардың жұмыстары әділ бағалануы; • Оқушы мен мұғалімнің белсенді шығармашылық қызметін дамытуы; • Дарынды оқушыларды анықтап, олармен тұрақты және жүйелі жұмыс істеу мүмкіндігінің орнауы; • Олимпиадалық, шығармашылық жұмыс жеңімпаздарының санының артуы.
Алдымен бала қызығушылығын ояту керек, олай болса зерттейтін объект – оқушы. Оның бойындағы қасиеттерді ескере отырып, сезімін, ынтасын оятар іс-әрекетті жоспарлап, әрі қарай оқушының таным белсенділігін арттыруды мақсат етеміз. Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясында жұмыс міндетті үш деңгейлік, қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты – сынып оқушыларын «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді болдырмау.
1. Бірінші деңгейлік тапсырма (репродуктивтік деңгей) оқушының есінде қалуға ыңғайлы, өмірмен байланысты болуы керек.
2. Екінші деңгейлік тапсырма (алгоритмдік деңгей) түрленіп, күрделене түседі. Мазмұны өткен тақырыпқа байланысты түрленген, ойлауды қажет ететін, оқушы өз бетімен жұмыс жасауға лайықты тапсырмалар.
3. Үшінші деңгейдегі тапсырмалар (эвристикалық) орындау арқылы оқушы өзі тұжырым жасайды. Мұғалім нұсқаушы, бағыт беруші, кеңесуші ретінде болады. Оқушының өзі сөздіктерді пайдаланып, мәтіндерді аударады. Берілген мәтіндерге сұрақ ойлап жазады. Өзіне керек материалдарды іздеп, тауып оқиды.
4. Төртінші деңгейлік тапсырма (шығармашылық деңгей) дарынды, қабілеті жоғары балаға арналады, тақырып бероіп, ізденуге өзі мақсат қояды. Мұғалімнің көмегісіз барлығын өзі орындай біледі. Осылай бір деңгейден келесі деңгейге өту үшін өз білімін, білік пен дағдысын толықтырып отырады. Нәтижесінде жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындау әр оқушының мақсатына айналады.
Деңгейлік тапсырмалар
Тақырып .« Қазақстан Республикасы –тәуелсіз ел» I деңгей 1. «Қазақстан Республикасы –тәуелсіз ел» атты мәтінді оқы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланған бері Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі таныды. Біздің еліміз бірқатар аса беделді халықаралық ұйымдарға, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына, Халықаралық валюта қорына мүше болып қабылданды. Егеменді ел болып, халқымыз өз еркімен тұңғыш Президентін сайлады. Елтаңбамызды, Туымызды белгіледік. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Біздің туымыз – тәуелсіздік, тілегіміз – бейбітшілік, тыныштық. Еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтау- әрбір азаматтың борышы. 2. Төменде берілген сөздердің синонимдерін тауып, оларға көптік жалғауын жалғаңыз. Үлгі: Отбасы+лар, жанұя+лар Үй................................................................................ Ана ............................................................................. Ата-ана........................................................................ Дос............................................................................... Туыс..............................................................................
II деңгей 1.Мәтін бойынша сұрақ құрастыр 2.Отан туралы 5- мақал-мәтел дәптеріңе жаз
III деңгей 1. «Қазақстан Республикасы –тәуелсіз ел» атты мәтінді оқып,мазмұнын айт. 2. Берілген есім сөздерді жұрнақ арқылы етістікке айналдыр. Бейне,ой,бас,би.
I деңгей 1. «Қазақ тілі» атты өлеңді мәнерлеп оқу ,төл дыбыстарды орфоэпиялық нормаға сай айту. Қазақ тілі Күш кеміді, айбынды ту құлады; Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады. Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде, Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды, Күндей күшті күркіреген ел тынды. Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ, Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың... Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім, Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім. Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім! (М.Жұмабаев) II деңгей 1. «Қазақ тілі» атты өлеңді оқып,өлеңнің негізгі идеясын ашу. 2.Мына сөздерді сөз құрамына талда. Бесікте,тілің,тілмен,ақылы,айтылады./түбір,I-II- жақ,жекеше,көпше т.б/ 3. 1. Нүктенің орнына керекті сөздерді қойыңыз. Қазақ елінің рәміздеріне ...... жатады а/ Байрақ, жалау, жалауша ә/ Таңба, белгі, мөр б/ Ту, елтаңба, әнұран 2. Қазақ елі туының түсі ..... а/ қызыл ә/ сары б/ көк 3. Зеңгір көк ..... белгісі а/ адалдықтың, тазалықтың, аспанның ә/ қуаныштың, жеңістің б/ жамандықтың, бейбітшіліктің 4. Күнге табыну ...... дүниеге келген а/ батыста ә/ солтүстікте б/ шығыста 5. Күн бейнесі ...... белгісі а/ татулықтың ә/ байлық пен берекенің б/ достықтың III деңгей 1. «Қазақ тілі» атты өлеңнің мазмұнын айт. 2. Берілген сөздермен сөйлем құрастыр. Туған тілім,тіл байлығы, мақтанышым, құдыретті, үлгі-өнеге.
Тақырып. «Мемлекеттік мерекелер» I деңгей 1. «Ұстаз мерекесі» атты мәтінді түсініп оқы. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Мұғалім – байырғы мамандықтардың бірі. 2. Төмендегі сөздерге ІІІ жақта тәуелдік жалғауларын жалғап шығыңыз. Ата-ана ,ата -әже, әке,ана,бала,қыз, ұл, тұңғыш, ортаншы, Кенже,жеңге, жезде, немере,сіңлі, қарындас, іні, аға. II деңгей 1. Мәтін бойынша сұрақ құрастыр. 2.Астана мерекесін өз сөзіңмен әңгімелеп бер./8-сөйлем/ 3.Мына етістіктермен сөйлем құрастыр. Орналасты,еңбектен,біледі,ақылдас ,жазылды,кеңесу,билеу.
III деңгей 1. Мәтінге жоспар құру. 2. «Мемлекеттік мерекелер» тақырыбында оқушылардың білімін тексеруге эссе жазылады.
Тақырып. « Кең –байтақ Қазақстаным ». Iдеңгей
«Кең –байтақ Қазақстаным» атты мәтінді түсініп оқы 1.Қазақстан – ежелгі ел, бірақ әлемнің қазіргі картасынан 1991 жылдан бастап орын алды. Біздің Отанымыз – егеменді, тәуелсіз Қазақ мемлекеті. Жүз жиырмадан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған Алатаулы өлкеде, кеңшілігі керемет, дархан дастарқандай далада, егіні теңіздей толқыған, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады! 2. Мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріңіз. 1. Ер жігіттің аты жақсы болса, бір бақыт, Алған жары жақсы болса, мың бақыт. 2. Ата-ананың қадірін Балалы болғанда білерсің; Ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің. II деңгей 1. Мәтін бойынша сұрақ құрастыр 2. Төмендегі сөздерді оқыныз.Түсіндірме сөздікті, пайдаланып,сөздердің мағынасын табыңыз Ескертпе, бірік,қуат, сақ. 3. Нүктенің орнына керекті сөзді қойыңыз. Қазақ елінің рәміздеріне ... жатады а/ Байрақ, жалау, жалауша ә/ Таңба, белгі, мөр б/ Ту, елтаңба, әнұран 2. Қазақ елі туының түсі ... а/ қызыл ә/ сары б/ көк 3. Күнге табыну ... дүниеге келген а/ батыста ә/ солтүстікте б/ шығыста III деңгей 1.Кең –байтақ Қазақстаным» тақырыбында оқушылардың білімін тексеруге эссе жазылады.
Тақырып. « Табиғат тамашасы » I деңгей 1.Мәтінді түсініп оқы 1. Адам - табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптасқан. Жерді өз Анасындай, Анасын Күндей қастерлеу Ата қостаған салтымыз. «Жер шоқтығы - Көкшетау», «Жер жаннаты - Жетісу» деп, бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын білдірген. Сондықтан орман-тоғайларды сақтап, қоршаған ортаның, өзен мен көлдердің ластанбауына ерекше мән берген. 2. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойыңыз. 1. ...ің атым ................. 2. ...дің отбасымыз тату-тәтті. II деңгей 1) Мәтін бойынша сұраққа жауап беріңіз. 1. Адамның дені сау болу үшін не керек? 2. Бүгінде жер бетінде қандай мәселе өзекті мәселеге айналды? 3. Дүниежүзілік проблема қандай? 4. Табиғатты сақтау үшін біз қандай үлес қосуымыз керек? 2) Сөздердің антонимдерін табыңыз: 1. Жақсы ... 2. Ұзын ... 3. Аққұба ... 4.Жалқау ... 5.Ақылды ... III деңгей 1.Мәтінге жоспар құру. 2.Мәтінді мазмұндау.
Сабақта қандай оқушы болмасын, жақсы оқитынына қарамастан жұмысты І деңгейден орындайды. І деңгей тапсырмаларын орындау мемлекеттік білім стандарты талаптарының орындалуына кепілдік береді. І деңгейді орындаған оқушы «3» деген бағамен бағаланады. Әрбір оқушы І деңгейді орындауға міндетті және одан жоғарғы деңгейдегі тапсырмаларды орындауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда «үлгерімі төмен, баяу» оқушы жақсы оқитын оқушыға ілесе алмай жатса не істеуге болады? - деген сұрақ туады. І деңгейден аса алмай жатқан жағдайда қалған тапсырмаларды үйде орындауға беру керек. Деңгейлеп-саралап оқыту технологиясының екінші бір жағы – оқушыларды дүниежүзілік білім жүйесінде қолдананылаты рейтинг – ұпай жинау әдісіне баулу.
Деңгейлік тапсырмалар рейтинг-ұпай – балл жинау әдісімен бағаланатынын ескерсек, оқушылардың деңгейлік сабақ өткеннен кейін де сол тапсырмаларда жіберген қателіктеріне, тапсырмаларын орындауда қолданған тәсілдеріне анализ жасап, қателіктері мен кемшіліктерін анықтай білуге мүмкіндік береді. Келесі тапсырмаларда оқушы неғұрлым көбірек ұпай жинау үшін ізденіп оқытушыдан, жолдастарынан, қосымша материалдардан білім жинайды
Қорытынды:
Даралап – саралап оқыту технологиясы оқушы мен мұғалімнің белсенді шығармашылық қабілетін дамытумен қатар оқушыларға өз білімін жаңа әдіспен бағалауға мүмкіндік береді. Оқушының білімі мен білігіндегі жетістіктерді, кемшіліктерді, олардың себептерін анықтап, мұғалім өз жұмысына талдау жасайды, оны жетілдірудің жолдарын белгілейді. Сонымен қатар даралап – саралап оқыту барысында оқушылар да өзінің оқу жұмысындағы жетістіктер мен жіберген кемшіліктері туралы мәліметтер алып, өз еңбегіне талдау жасайды. Ең бастысы, оқудан ләззат алуға, білім мен ғылымға деген құштарлығын арттыруға дағдыланады. Барлық оқушы өз қызметін ең төменгі түрде орындап болғаннан кейін ғана, келесі деңгейге көшіп отырады. Бұл оқушылардың арасында өзара жарысу және оқушының өз қабілетіне, қызметіне сәйкес жоғарғы деңгейге көтерілуіне жағдай туғызады.Сондықтан да мұғалімдерге саралап – даралап оқыту технологиясын қазақ тілі сабағында пайдаланған өте тиімді.