Просмотр содержимого документа
«К?ркем с?з к?рікті ойды? саулесі»
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласы №6 жалпы білім беретін орта мектебі
Баяндама
Тақырыбы: Көркем сөз – көрікті ойдың сәулесі
( Ғ. Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толу мерейтойына арналған мұғалімдер арасында ұйымдастырылған аудандық ғылыми конференцияда оқылған үздік баяндамалардың бірі)
Орындаған: қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Хидуллина З.Ж.
2013 жыл
Баяндама жоспары
Кіріспе сөз
Мүсірепов афоризмдеріне шолу
Ұлы Абай афоризмдерімен үндестік
Қорытынды
-1-
Біз, қазақ, әу баста-ақ сөзге тоқтаған елміз. Жазылмаған заңдарсыз, түйінделген тұжырымдамаларсыз-ақ өмір сүрудің заңдарын, ұрпақ тәрбиесін көркем сөздің көрікті тұстарымен тәрбиелеген халықпыз. Задында, бұл қазақы қанмен, ұлттық болмыспен келетін болса керек. Дауға салса, алмастай қиған ойнақы ана тіліміздің небір айшықты да сан алуан әуезділігі мен әдемілігін, табиғилығын сақтап қалған бай мұрамыз халық ауыз әдебиетінің жанрлары қысқа да нұсқа ойлармен берілетін нақыл сөздер, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер. Елге билік айтқан атақты билеріміздің бір-ақ ауыз сөзбен дауды шеше білген асқан щеберлік пен шешендігінің өзі де осындай мұралардан үлгі алғандығының нышаны шығар. Сол тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқтай білген дана халықтың ұрпағы бүгінгі күні осы байлықтың қадірін біліп жүрміз бе, жоқ па?!
Иә, бүгінгі тілге тиек болғалы отырған мәселе де қазақтың ұлттық мінезін, болмыс-бітімін, психологиясын жете біліп, негізгі бастауды осы ауыз әдебиетінен алып, тоқсан ауыз сөздің түйінін афоризмдері арқылы ақылды ойларын алдымызға жайып кеткен философ жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің шығармаларындағы пәлсапалық оралымдарын талдағалы отырмын.
- Қазақ кейбір тіршілік заңдарын афоризмдер түрінде есте қалдырған – бұл Ғабит Мүсіреповтің «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген «қазақ афоризмдері» кітабына енгізілген 158-ге жуық афоризмдерінің біреуі емес, бірегейі.
Баяндаманың негізгі мақсаты – бүгінгі тыңдарманды оқырманның ұзын сонар көркем шығарманы оқуға шыдамы жетпес уақытта осындай қысқа, бірақ саналы ойға мол білім беретін тұжырымдарға саналы түрде үңіле отырып, өмірлік азық алуға баулу.
Күтілетін нәтиже - әдебиет сүйгіш қауымның афоризмдерге көз салуы арқылы тұшымды тұжырым жасай білуге дағдылануы;
- кез келген жазушының афоризмдерін түрлі тақырыптық топтамаларға бөле отырып, әдебиет сабақтарында қолдануды үрдіске айналдыру.
Жазушы шығармаларында орынды қолданылып, бүгінде ел аузында жүрер дәрежеге жеткен асыл да қымбат, қанатты сөздерінің негізгілерін мен өзімше мынандай тақырыптық топтамаларға бөліп көрсеткім келді.
Көркем сөз – көрікті ой (жалпы сөз өнері, тіл тақырыбы);
Ұлттық болмыс (ұл мен қыз тәрбиесі, психологиялық тұрғыдан ұлтты бағалау);
Адамгершілік рух (адамшылық мәселесі);
Сұлулық тұжырымдары (әйел, жан сұлулығы тақырыбы);
( топтама тақырыптары афоризмдермен бірге слайдта көрініс табады).
Суреткерге тән бес қасиет болса, соның бірі - интуиция (көріпкелдік).
Өткен ғасырда ғұмыр кешіп бүгінгі жеткіншектің, әсіресе, бойжеткендеріміздің ұлтымызға қайшы қылықтарын «тізесін тым ашып қойған қыздың өзі көрінбей қалады» немесе «оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі
-2-
жоқ ұлдың, кері кеткен қыздың белгісі» деген ой тізбектерінде «қызға қырық үйден тыйым» деп өсірген нағыз қазақы, ұлттық болмысымыздың қазіргі заманда өзекті болатынын сезгені емес пе? Ұлттық болмыспен бүгінгі ана тіліміздің сол жазушы заманынан әлі де бағы ашылмай ғасыр проблемасына айналатынын білгендей тіл туралы, жалпы сөз өнерінің келелі мәселелерін де тілге тиек ете білген. Яғни, Ғабит ана сүтімен бойына дарыған ана тілі арқылы шер толқытқан шешен де, шебер сөз зергері.
І Көркем сөз – көрікті ой
- Ойсыз сөзде көркемдік те жоқ.
- Көркем сөз - жанның сәулесі.
- Көркем сөздің сұлулығы – сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын.
- Қай халықтың болса да мәдениетін, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге – жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді.
- Сөйлемнің де, сөздің де өз әуені, үні бар.
- Жаманға оқ өтсе де сөз өтпейді.
- Адамға-адам, сөзге-сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады.
- Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады.
- Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі.
- Ана тілін тек өгей ұлдары ғана аяққа басады.
- Қазақтың қайғы-қуанышында бұлқан-талқандық жоқ, байсалды салмақтылық бар. Қайғысы ұзаққа созылады, қуанышы тез басылады.
- Қазақтың бір оқыс мінезі: эмоция үстінде келіп қалған байламға тоқтайды.
Ғабит – психолог.
ІІ Ұлттық болмыс
Еліміздің ұйытқысы -әдет-ғұрпымыз.
Ұлттың ұлт екендігін айшықтайтын оның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Ғабит – зерттеуші, этнограф.
-Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам – азамат емес. Ол халқының бірінші жауы. 30-шы жылдар зобалаңында «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген сөздерінен-ақ өжет, патриот екені анық.
- Қазақтың өсек-аяңынан асқан тамұқ жоқ.
- Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды.
Кейде сұлулық пен ерлікті салыстырып қарасаң - жеңіс сұлулық жағында кетеді.
Қазақ әйеліне әдемі, сұлу, шырайлы әдеби ескерткіш қойған қазақ жазушыларының бірі – сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Оның бір ғана Ұлпан кейіпкері қазақтың қызы мен болашақ аналарға тән парасаттылық, асқан адамгершілік пен ақылдылық, мейірбандық пен қайраттылық, жасампаздық пен жомарттық, шешндік пен тапқырлықтың қайталанбас ғажап қоңыр самалын дөп басып көрсете білген қазақ әдебиетінің тарланы [Сағындық Ордабеков, «Аңыз адам» жорналы, 35 бет]
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік... Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ [Абай, қара сөздер кітабы, 53-бет ]. Феодолизм дәуірінде өмір сүрген Хакім Абай пайғамбар жасына келгенде көппен жалғыз алысқан зар заман пәлсапасын қара сөздері арқылы жеткізуге бел буса, жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген Ғабитте аталы сөзін өз келешегіне қанатты сөздері арқылы жеткізуге тырысып бақты. Ұрпақтар үндестігі демекші Абай афоризмдеріне де зер сала отырып, Мүсірепов айтар ойының да кейбір ұқсас тұстарын көруге болады.
Мысалы, Абай:
Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі есті болады
Ғабит керісінше:
Есті сөзді естігісі келмеген адам – саңырауға тең
-4-
Абай:
Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды
Ғабит:
Көркем сөз – жанның сәулесі немесе көркем айтылғын ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы. Әрине тере берсең үндестік көп, екеуі де филососф, психолог, сөз зергерлері.
«Әдебиет әлемінде өлім болмайды, - деген Гоголь. - Өлгендер де құдды тірілер секілді, біздің іс-әрекетіміз бен қимыл-қарекетімізге тікелей араласып тарта береді».
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған!
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – деп Абайша айтсақ, бүгін біз сөз еткен көптің бірі емес бірегейі Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы, әрине, өлді деп айтуға сыймайды. Өйткені, «Мүсірепов – біртуар талант. Ал біртуардың ғұмырнамасында екі күн, яки туған күн, өлген күн дегендер болмайды, тек туған күні ғана болады. Сондықтан да ол біртуар. Ол өмірге бір-ақ туады, яки бір-ақ келеді; келеді де кетпейді, солай тұрып қалады »[З.Қабдолов, «Көзқарас» 102-бет].
Ғабит - сөз зергері, психолог, тұрмыс құру, өмір сүру пәлсапасын жасап кеткен жиырмасыншы ғасырдың біртуар адамы. Қабдоловша айтсақ, ... он бес жасынан сексен үш жасқа дейін Ғабит өмір сүрген миғұла мезгілдің ащысы мен тұщысын..., қызығы мен шыжығын, жазушы әр түрлі жанрда жазылған шығармаларында ұлттық калорит пен менталитеттің мәңгілік сақталуын тілеп кеткені-ақ көрініп тұрады.
Әдебиет арқылы тұлғаны тәрбиелеу біздің міндетіміз. Кітап оқымайтын заманда қысқа түрде берілген афоризмдеріміз жадымызда жүруге ыңғайлы.
(Аудиториямен жұмыс) Мысалы мен қазір сіздермен Ғабеңнің мынадай афоризмдерін назарларыңызға ұсына отырып, жеке пікірлеріңізді білгім кеп тұр.
– Асылы адам - өз өмірінің суретшісі
- Әдебиет өсімі – ел өсімі
– Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек
– Есті сөзді естігісі келмеген адам – саңырауға тең.
Өз ойыңызды білдіре отырып, баламен жұмыс істеуде әсері болады деп ойлайсыз ба? Сіздіңше, баланы көркем сөйлей білуге тәрбиелей ме афоризмдер?
Ал, бүгінгі таңда егемен еліміздің ертеңі өскелең ұрпаққа уағыз айтар, заман талабына сай тілімізді, дінімізді сақтап, жүрекке имандылық ұялатар өлең-жырларымен, көлемді мақала, туындыларымен, тіршіліктің қам-қарекетін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізе білген, жеткізе білетін елге
-5-
әйгілі ел ағалары мен романтик ақындарымыз бар ма екен? Бүгінгінің қай жазушысы, қай ақыны ұлттық болмыс пен бояуды сақтап қалуды өзекті мәселе етіп қарастыруда? Бүгінгінің ақын-жазушысы отбасы ошақ қасы немесе албырт сезім мен өртенген махаббатқа бой алдырғандар ма деп қаласың.
Әттең, ана тілін өгейсітіп, ұлттың ұлт екендігін мойындамай, ежірейген ұл мен безірейген қыз тәрбиеленіп жатқан кезеңде жоғары білім академиясын емес, өмір академиясын, тағдыр академиясын тәмамдаған от ауызды, орақ тілді Ғабеңдердің жетпейтіні анық. Әкімдікті ақындыққа айырбастап, мансап дегенді мақсат тұтпаған марқасқа дарын иесі Мүсірепов тұлғасы тәуелсіз алаш жұртының жадында алтын әріптермен мәңгілік орын алатынына сөзсіз сенемін.
Ұлтым деп еңіреген, ұрпағым деп тебіренген азаматтар есімі елі, жұрты аман тұрғанда еш ұмытылуы тиіс емес.
Пайдаланылған әдебиеттер:
З.Қабдолов «Көзқарас» (талдаулар мен толғаныстар), Алматы «Рауан» 1996. Мүсірепов туралы сөз........89-бет
Қазақ афоризмдері, «Алматыкітап баспасы» ЖШС, 2009 ж.
Абай Құнанбаев «Ақыл – жүректің сауыты» 103-121-беттер аралығы.
Ғ.Мүсірепов «Көркем сөз – ойдың сәулесі» 155-167-беттер аралығы.