Просмотр содержимого документа
«Сочинение «Ту?ан жерім – алтын бесігім»»
Республикалық «Туған жерім – алтын бесігім» атты шығармалар сайысы
Орындаған: 7-сынып оқушысы Лукашевич Андрей,
Мекенжайы: Қостанай облысы,
Жітіқара қаласы,
№10 орта мектебі,
3 шағын аудан, 10 үй,
индекс: 110700.
Байланыс телефоны: (8 714 35) 2 -24 - 15
Мұғалімі: Кәрібаева Гүлнар Сапарқызы,
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.
Туған жерім – алтын бесігім.
Алтын дәнді даласы бар,
Ақ күмістей қаласы бар.
Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы менің туған өлкем.
Ө.Тұрманжанов.
Ақын тілімен айтсақ, менің сұлу да көркем туған өлкем Қазақстан деп мақтанышпен айта аламын. Туған өлкеміздің кең - байтақ Қазақстан екенін ес біліп, мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ зердемізге түйіп, санамызға сіңіріп өсіп келеміз. Біздің ардақты ұстаздарымыз бала кезімізден сүйікті Отанымыздың асқар ала таулары мен айдан-шалқар көлдерін, жайқалған жасыл орманы мен кең жайлауын аяулы анамыздай ардақтап, шексіз сүюге үйретіп келеді. Асыл жанды ұстаздарымыз туған өлкеміздің қадір-қасиетін, ұлылығын, даналығын, бойымызға сіңіріп, бізді, демек, келешек ұрпақты, отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, еліміздің елеулі азаматы болуға бағыттайды. Ал, біз болсақ, егеменді еліміздің етек жайып, болашақта одан әрі көркеюі үшін көп оқып, білім алуымыз керек, халқымызға адал қызмет етіп, ел қамын ойлаған Нұрсұлтан ағамыздай болуымыз керек деп ойлаймын.
Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, мен қазақ топырағында туып-өстім, сондықтан да елімнің ертеңі үшін өз үлесімді қосуым қажет. Қазақ халқы «Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деп бекер айтпаған. Еліміздің елдігін, адамгершілік асыл қасиетін, мемлекеттік қалпымызды бар әлемге таныту жолында кеудесіндегі жүрегі «елім» деп соққан әр адам өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қашанда қарыздармын, елім, саған,
Анамсың алыс жүрсем көп аңсаған.
Жүректің арнап ыстық махаббатын
Туған ел, берерім көп менің саған, -
деп жырлаған ақын ағаның өлең шумақтары да – еліне деген шексіз сүйіспеншіліктен туындаған шумақтар. Менің де кішкентай сәби жүрегімде туған жеріме деген ыстық сезімім мол. Әр адамның туып-өскен елі, кіндік кескен жері болады. Ал менің туып-өскен жерім – Жітіқара қаласы. Бұл кішкентай қала еліміздің солтүстігінде, Қостанай облысында орналасқан. Қалам шағын болғанмен, мен үшін өте керемет, асқан сұлу, ең әдемі қала.
Туған елім – Жітіқара,
Туған жерім, ауылым.
Сенде өсті ата-анам
Сенде туды бауырым, -
деген өлең жолдары менің ойыма дәл келгендей. Мен туған ата-анамды қалай сүйіп, құрметтесем, туған жерімді де солай қастерлеймін. Туған жерімнің бір тетігіне жарасам, мен үшін одан асқан арман жоқ шығар, сірә?!
Гимнімізді шарықтай шырқатып, туымызды көкке көтерген тәуелсіз елімізбен бірге туған қалам да бүгінгі таңда еңсесін тіктеп, есейіп, көркейіп келе жатыр. Қаламыздағы бой көтерген «Абай жолы» саяжолы, сұлу сәнімен көз жауын алатын су атқыш, тағы басқа сәулет өнерлері көңілге қуаныш орнатады. Осындай ерен еңбектердің бәрі – елін сүйген асыл ағаларымыздың арқасы. «Ер елі үшін туады» деген нақыл сөз осындай ағаларымызға арналған болар. Елін сүйген ерді халқы сүйіп, ардақтайды. Ал, біз болсақ, ағаларымыздың ел үшін жасаған ерен еңбектерін қастерлеп, жалғастыруға міндеттіміз. Сондықтан біз өз тарапымыздан оқуымызды жақсы оқып, еліміздің болашағының бекемденуіне, өркениетіміздің кемелденуіне өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Мен өз шығармамды мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді: