Просмотр содержимого документа
«Жа?артыл?ан білім беру ба?дарламасы – заман талабы»
Жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабы
«Қазақстанның орта мектептеріндегі оқыту өз дәрежесіне сай тиімді деп айтуға келмейді. TIMSS және PISA деректері қазақстандық орта мектеп жүйесінің теориялық білім беруде және оқушыларды есте сақтау, талдау жасау және ақпарат алумен қамтамасыз етуде айтарлықтай тиімді екенін көрсетті. Бұл оқушылардың жоғары ойлау деңгейіндегі дағдыларын меңгеру және қолдану мүмкіндіктерін, мәселен, математикадағы шешімін табу және пайымдау алгоритмі немесе оқу барысында мәтіндерді талдау және бағалау сияқты мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін салыстырмалы түрде әлсіз болып табылады».
Ұлттық білім беру саясатына шолу: Қазақстандағы орта білім беру, ЭЫДҰ (Милованович, 2014)
Жоғарыда келтірілген тұжырым Қазақстанда жаңартылған білім беру бағдарламасының қажеттілігін нақтылай түседі. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне еңген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын бағдарлама. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың педагогикалық әдіс-тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қурс барысында қарастырылады. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі - спиральді қағидатпен берілуі және табиғи тәсіл «өмірмен байланыс» ұғымына негізделуі.
Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготский: «Дәстүрлі оқыту бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе», жаңаша оқыту – «дамытуды өзімен бірге ала жүреді», - деген болатын. Сондықтан, бұрыңғы дәстүрлі сабақтарға қарағанда жаңартылған білім беру бағдарламада басты назарда ұсталып отыратын төрт дағды: оқылым, жазылым, тыңдалым мен айтылымды дамыта отырып жаңаша әдіс-тәсілдермен берілген сабақтар өте тиімді. Себебі ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соның бірі – Қазақстан Республикасы білім беру бағдарламаның жаңартылуы. Жаңартылған білім беру бағдарламасының өзгешеліктері: критериалды бағалау жүйесін еңгізуі, үш тілдік саясат, сабақ жоспарының құрылымы, мақсаттардың дайын берілуі және тапсырмалардың мақсаттан туындауы.
Өзгешеліктерінің ең маңыздысы – критериалды бағалау. Оқушылардың оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жету дәрежелерін анықтау үшін Б.Блумның оқу мақсаттары таксономиясына сәйкес бағалау критерийлері ойлау дағдыларының деңгейлері бойынша реттеліп құрастырылады. Критериалды бағалау мұғалімді сынып жұмысында қолдауға, оқыту үдерісінде ықпал жасауға негізделген. Нәтижелер мұғалімге өзінің сабағына рефлексия жасауға және одан кейінгі жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы: баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады, жанжақты ізденуіне ынталандырады.
Бағдарламаның келесі өзгешелігі – үш тілдік саясатты жүзеге асыру. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді, қарым-қатынас тілі – орыс тілі және әлемдік кеңістік тілі – ағылшын тілін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану - заман талабы болып отыр. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын , коммуникативтік, лингвистикалық құзыреттіліктің негізін қалыптастыруға бағытталған мақсатқа жету үшін білім беру ұйымдары үш тілді оқытуды жүзеге асырады. Үш тілді оқу оқушының сөйлеу әрекетінің(тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым) түрлерін дамыту арқылы қазақша еркін және сауатты сөйлеу, жазу коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Жаңартылған бағдарламасының тағы бір атап өтетін өзгешелігі - сабақ жоспарының құрылымының өзгерілуі. Сабақ жоспарының жаңа құрылымы барлық оқушылардың білім дағдыларын дамытуға өте тиімді. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі сабағын жоспарлау кезінде оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қалыптастыру бағалау қолданылуы керек. Сабақ жоспарлау бастағанда мұғалім бұл сабақтың мақсаты қандай болатынын шешеді. Сабақтың мақсаты оқу бағдарламасында баяндалған оқу мақсатына сәйкес келуі керек, бірақ оқу мақсаттарының барлық тармақтарын қамтимауы мүмкін. Оқу мақсаттарының белгіленіп беріліп, сол мақсаттар бойынша оқушылардың оқу жетістігін «жетті», «талпынды» деп бағалау жүргізіледі. Әрбір оқушы үшін оқу мақсатына жетудегі оқушының үлгерімін көрсететін портфолио жинақталып, ол қалыптастырушы бағалау үшін қолданылады. Сабақ құрылымы әр сабақта әртүрлі стратегияларды қолдана отырып, сабақтың сапасын арттыруға болатынын, оқушылардың мүмкіндіктерін шектемеуге, керісінше зерттеп зерделеуге мүмкіндіктер береді.
Бұл бағдарламаны игеру барысында жетістіктермен қатар қиындықтар да кездесті. Бұл қиындықтардың бірі – уақыттың шектелуі. Төрт аптаның ішінде бағдарламаның теориясын толық меңгеру өте қиын. Сондықтан, келешекте мұғалімдердің алған теориялық білімдерін пысықтау, бекіту үшін «Өрлеу» БАИ тренерлеріне қосымша іс-шаралар: семинар, мастер- класс, тренинг, коучинг, онлайн конференция ұйымдастыру өте қажет.
Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сондықтан да бұл бағдарлама «Өмірмен байланыс» ұғымына негізделген. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбек ету керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, жан-жақты, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз ғана табысты болып, нәтижеге жетеді.